Банкті лицензиясынан айыру: депозиттегі ақша кепілдік мөлшерінен асатын болса, не істеу керек?

17137

Бұл жағдайда оларды жинақ ақшаларын қашан және қандай көлемде алатындығы мазалайтыны рас.

ФОТО: Depositphotos/amixstudio

Егер банк лицензиясынан айырылатын болса, депозиттерді қорғау механизміне сәйкес, оның салымшыларына депозиттерде, төлем карточкалары мен ағымдағы шоттарда жатқан ақшалары қайтарылады. Осы ретте ҚДКБҚ жеке тұлғаларға заңнамада бекітілген максималды кепілдік мөлшері шегінде: депозиттің түрі мен валютасына қарай 5, 10 және 20 млн теңгеден асырылмайтын көлемде кепілді өтем төлейді. 

Алайда депозиттеріндегі қаражаттары максималды кепілдік мөлшерінен асатын салымшылар не істеуі керек? Бұл жағдайда оларды жинақ ақшаларын қашан және қандай көлемде алатындығы мазалайтыны рас.   

Лицензиясынан айырылған банк салымшыларына кепілдік мөлшерінен тыс сомаларды сол банктің тарату комиссиясы жүзеге асырады. Оны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағайындайды. Тарату комиссиясы банк істерін аяқтау және кредиторлармен есеп айырысуды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды. Олардың қатарында депозиттеріндегі ақшалары кепілдік берілген максималды өтем сомаларынан асатын жеке тұлғалар да бар. 

Кредиторлардың талаптары кезектілік тәртібіне қарай қанағаттандырылады. Ол «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңында белгіленген. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың 10 кезектілігі бар. Таратылатын банкпен ерекше қарым-қатынасы жоқ жеке тұлғалардың кепілдік мөлшерінен тыс сомалары бойынша талаптары төртінші кезекпен қанағаттандырылады. 

Атап өту керек, тарату комиссиясы жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша талаптарын кредиторлардың тізіліміне өз бетімен енгізіп, оларға бұл туралы жазбаша хабарлама жібереді. Осылайша салымшылар үшін депозиттері бойынша кепілдіктен артық ақшаларын алу мақсатында банктің тарату комиссиясына бөлек өтініш берудің қажеті жоқ.

Тарату комиссиясы кезектілік бойынша төлемдерді таратылатын банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен ақша, бұрын берілген несиелер, оның ішінде қарыз алған проблемалық клиенттерге қатысты кінәрат-қуыным жұмыстары бойынша түскен ақша есебінен жүзеге асырады. Әрбір таратылатын банктің активтерінің мөлшері мен сапасы әрқалай болатындықтан, кредиторлар, олардың ішінде 4-ші кезектегі кредиторлар алдындағы берешектерді өтеудің қандай да бір тиянақты мерзімі қарастырылмаған. 

«Бір кезектегі барлық мойындалған талаптарды қанағаттандыру үшін ақша осы кезектегі кредиторлар арасында сол кредиторлардың талаптары тізіліміне сәйкес қанағаттандырылуға жататын талаптар сомасына үйлесімді түрде үлестіріледі. Бұл жерде банкті тарату барысында қандай да бір кезектегі кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру бойынша міндеттемелерді өтеуге ақшаның жетпей қалу қаупі бар», - деді ҚДКБҚ Проблемалық банктермен жұмыс істеу жөніндегі басқармасының бастығы Назгүл Алмасаева.

Айта кету керек, банкті тарату барысында кредиторлар комитеті құралады. Ондағы мақсат - кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және шешімді солардың қатысуымен қабылдау. Комитеттің құрамына әрбір кезектіліктегі кредиторлар санатынан талап ету сомасы ең жоғары бір өкілден кіреді.   

Сондықтан кредиторлардың, олардың ішінде 4-ші кезектегі кредиторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін бұл комитеттің құрамына енуден және оның отырыстарына қатысудан бас тартпау керек.    

ҚДКБҚ өз кезегінде ақшадан айырылып қалу қаупін барынша азайту мақсатында қаражатты депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде сақтаудың ойластырылған, ақылға қонымды стратегиясын ұстануға кеңес береді. Қор мамандары жинақ ақшаны қорғау үшін оны әртүрлі банктерде максималды кепілдік мөлшері шегінде орнастыру қажеттігін алға тартады.   

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить