Банкрот болу машақаты

25185

«Банкроттық туралы заң» 7 миллиондай қазақстандықты қаржылық тығырықтан шығара ала ма?

ФОТО: © Depositphotos/NataliSammm

Жыл басында өткен үкімет отырысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова: «2022 жылдың 11 айында банктердің жеке тұлғаларға берген кредиттері 13,9 трлн теңгеге жетіп, қарыз алушылардың жалпы саны 6 млн 868 мың адамды құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттердің үлесі 5,6% немесе 461 млрд теңгені құрады. 90 күннен астам кешіктірілген қарыз алушылардың саны 2022 жылдың басынан бері 121 мың адамға ұлғайып, 536 мың адамды құрады» деп дабыл қақты.

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңына қол қойды. Бұл Заң биылғы жылдың 3 наурызынан бастап өз күшіне енбек. Жаңа заңға сәйкес, өз қарызын өтей алмай жүрген отандастарымыз өздерін банкрот деп жариялауға өтінім бере алады.

Көрсеткіштер үшін тиімді заң

Десек те, банкроттық туралы заң қарызға батқан қазақстандықтарды шынымен де қаржылық тығырықтан шығара ала ма?

Отандық сарапшылар ел азаматтарына өздерін банкрот етіп жарияламас бұрын, алдымен заңда көрсетілген барлық талаптарды дұрыс түсініп, ұғынып алған жөн деп отыр.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов банкроттықты «черная метка», яғни «таңбалау» деп бекер айтпаса керек. Ол ел азаматтарын өздерін «банкрот» деп жариялауға асықпауды шақырғаны есімізде. Қаржы вице-министрінің пікірінше, отандастарымыз, мүмкіндігінше, төлем қабілетін қалпына келтіруді ескергені жөн.

Экономист Сапарбай Жубаев
Экономист Сапарбай Жубаев

Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жубаев, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның негізгі мақсатын былайша түйіндейді: «Жеке тұлға ретіндегі азаматтың қиналған кезінде оған уақытша жәрдем беріп, кейін оның төлем қабілетін қалпына келтіру мәселесі. Бұл заңның мақсаты – олардың есепшоттарын реттеп, осы жағдайдан құтқару».

Дегенмен, сарапшы өз сөзінде бұл заң, алдымен «көрсеткіштер» үшін тиімді дегенді де жасырмайды.

«Бұл заң кімге тиімді дейтін болсақ, біріншіден, көрсеткіштерге, кейіннен банктер мен қаржы ұйымдарына, содан соң барып халыққа тиімді. Халық өзін алған кредит қарызынан құтқарады, оның пайдасын билік те көреді. Себебі халық әлеуметтік қарсылықтарға бармайды», - дейді Сапарбай Досжанұлы.

Жалпы, банкроттық шарасының кері әсерлері тұрғысында сарапшы: «Оның зиянын алдымен жеке тұлға көреді. Өйткені өзін банкрот деп жариялаған азамат 5 жылға дейін кредит ала алмайды. Кейін 7 жылға дейін өзін банкротпын дей алмайды. Әрі оның жұмысын және тапқан ақшасын 3 жыл бойы өкілетті орган үстінен тексеріп отырады. Яғни, жеке тұлға құзыретті органдардың бақылауында болып, қаржылық бостандығынан айрылады. Ал екінші деңгейдегі банктер мен жеке куәлік бойынша қарыз беретін микроқаржы ұйымдары жұмыс істемейтін, табысы аз, кепілсіз адамнан өз кредитін қайтарып ала алмайды», - деп түсіндіреді.

Экономист маман, сондай-ақ біздегі бұл заң Германия үлгісіне негізделген дегенді айтады: «Германияда банкрот болған адамның дүниесі тәркіленіп, оны бір қиын жұмысқа күштеп тұрғызады да, одан қарызды мәжбүрлеп, қайтартады. Қазақстан бұл арада Америка мен Германияның тәжірбиесін есепке алды. Ал көрші Ресейде бұл заң осыдан 3–4 жыл бұрын қабылданды. Оларда кредит қарызын 90 күннен артық қайтара алмаған 1 миллион адам өздерін банкротпын деп жариялайды деген жоқ. Соңғы 3 жылда бар болғаны 19 мың ресейлік өзін банкрот деп жариялаған. Оның ішінде, мүгедек, денсаулығынан айрылған, я болмаса көп балалы, жұмыс істемеген, жағдайы тым ауыр адамдар бар», - дейді Сапарбай Досжанұлы.

 

Өз кезегінде Finprom.kz сарапшылары ақпанның басында жария еткен сараптамалық талдауында: «Шын мәнінде, банкроттық дегенді – азамат алдағы үш-бес жылда еліміздің қаржы жүйесінен тыс қалады деп түсінуге де болады» деп келтіреді.

«Мәселе, ол азаматтың алдағы уақытта қарыз ала алмауында емес, бірақ бұл да айтарлықтай ауыр шектеу. Банкрот деп жарияланған азаматтың іс-әрекетінен үш жыл бойына тұрақты негізде жалған банкроттық сипаттары тексеріліп, анықталатын болады. Бұл дегеніміз – банкрот деп жарияланған азамат сатып алған кез келген актив жіті бақылауға алынып, банкрот адам қаражатты қайдан алды деген сұрақ туындайды деген сөз (қарыз беруші де бірден хабардар етіледі). Мәселе кез келген банктік шотқа, жалпы, қандай да бір қаржылық қадамға қатысты екенін түсіну керек. Ал бүгін біздің барлық өміріміз төлем карталары мен интернет-банкингке байлаулы», - дейді Finprom.kz сарапшылары.

Олар, сондай-ақ банкрот деп танылған азаматтың барлық активтері (оның ішінде жасырын активтері де), мысалға, шетелдегі мүлкі, үй-жайы, критовалютасы, т.б. түгел тексеріледі деп, елімізде 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен міндетті декларация енгізілетінін де еске салады.

Сол сияқты, сарапшы қауымның айтуынша, өзін сот шешімі бойынша банкрот етіп жариялаған азамат жарты жыл бойы (банкроттық процедурасы жүріп жатқан тұста) елді тастап, ешқайда шыға алмайды. Әрине, сот шешімі шыққан соң елден шығуға кедергі жоқ, бірақ, іс жүзінде өзге де мәселелер туындауы мүмкін. Мысалға, шет мемлекеттің визасын алу барысында.

«Виза алатын азамат өзінің төлем қабілетін растауы қажет, яғни банк шотында ақшалай қаражат бар екенін растайтын банк мәліметін ұсынуы керек (айталық шенген визасы үшін, күніне 65 еуро деңгейінде). Ал банкрот адамда мұндай құжат қайдан болсын? Оның сыртында қаржылық мониторинг тағы бар», - деп ескертеді Finprom.kz сарапшылары.

Қарызды өтеудің «төтенше шарасы»

Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы Сапарбай Досжанұлы, жеке тұлғаларды банкрот етіп жариялау процедурасын үш санатқа бөліп қарастырады.

«Мысалға, 5 миллионнан 500 мың теңгеге дейін қарызы бар азаматты алайық, әрине, егер ол сол ақшаны қайтара алмай жүрсе, өзін-өзі банкрот деп жариялау шарасына жүгіне алады. Ол үшін ең алдымен қарыз берген қаржы ұйымына барып, «жағдайым нашар, төлей алмаймын, пайызын алып таста, кейінірек төлейін» деген ұсыныс қалдырады. Егер қарыз беруші, яғни микроқаржы ұйымы немесе банк келіспесе, онда ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне арыз беріп, кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, процедураны бастай алады. Ал ол азаматқа қатысты «банкрот» не «банкрот емес» деп шешім шығаратын ҚР қаржы министрлігі. Мұндай шешім үш айда шығарылады, жалпы, банкрот деп тану шарасы ұзаққа созылатын, күрделі процесс. Мұны оңай амал деп қарастырған дұрыс емес», - дейді ол.

Сарапшы, банкрот деп тануға болатын азаматтардың тағы бір санатына қатысты: «Қарызы 5 млн теңгеден жоғары болса, онда ол сот арқылы өзін банкрот деп жариялау процедурасына жүгіне алады», - деп түсіндіреді.

Үшінші санат бойынша Сапарбай Досжанұлы: «Қаржы министрлігі азаматты банкроттыққа жеткізбей, құтқарып қала алады, яғни оған жұмыс тауып беріп, айлығын созу мәселесін реттеп, оның төлем қабілеттілігін көтереді. Бұл шараның негізгі мақсаты – азаматтардың төлем қабілеттілігін жақсарту», - деп түйіндейді.

 

Finprom.kz сарапшыларының түсіндіруінше, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы заңда негізгі үш процедура ескерілген, яғни жеке тұлғаны соттан тыс банкрот деп тану, сот арқылы банкрот деп тану және жеке тұлғаның төлем қабілетін қалпына келтіру деген тұрғыда.

«Азаматты сот арқылы банкрот деп жариялау және азаматтың төлем қабілетін қалыпқа келтіру процедуралары – жұмысы борышкердің мүлкі есебінен төленетін (әр айға ең төменгі жалақы негізінде – 2023 жылы ол 70 мың теңге) қаржы менеджерлерінің қатысуымен жүзеге асырылады.

Соттан тыс банкроттық процедурасы – қарызы 1600 айлық есептік көрсеткіштен төмен (2023 жылға – 5,5 млн теңге) және қандай да бір жылжымалы не жылжымайтын мүлігі жоқ (немесе бес жылдан бері қарызын өтей алмай жүрген, не алты айдан бері және одан да ұзақ атаулы әлеуметтік көмек алатын) азаматтар үшін қолжетімді», - деп көрсетеді Finprom.kz сарапшылары.

Олардың түсіндіруінше, егер қарыз алған азаматтың иелігінде дүние-мүлкі бар болса, онда оны банкрот деп жариялау үшін сот процедурасы қолданылып, дүние-мүлкі сатылады, оның ішінде, жалғыз баспанасы да, егер қарыз алғанда баспанасы кепілдікке қойылған болса.

Finprom.kz сарапшылары да банкроттық – ұзаққа созылатын қиын процесс дегенді ескертеді, олар ел азаматтарына өздерін банкрот деп жарияламас бұрын, алдымен, қарыз берген ұйыммен өзара келісімге келуді ұсынады.

«Банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алған азаматты оның қарызы кешігіп жатқаны туралы қарыз туындаған күннен бастап 20 күннің ішінде хабардар етуге міндетті. Өз кезегінде, қарыз алған азамат өз төлемін кешіктірген күннен бастап 30 күннің ішінде кредит берген ұйымға өтінім беріп, алған қарызын қайта құрылымдап, төлейтіні туралы мәлім ете алады», - деп түсіндіреді олар.

Сарапшы қауымның айтуынша, егер қарыз алған азамат адал әрі әдепті болып, қарызды өтеу мерзімінің кешігуі кездейсоқ жағдайлар негізінде туындаған уақытша қиындық болса, онда мәселені ушықтырмай, қарыз берген ұйыммен келісімге келген ең тиімді жол болмақ.

«Кешіктірілген қарызды өтеудің әртүрлі тиімді тетіктері бар. Мысалы, пайыздық мөлшерлемені төмендету, қарыздың негізгі бөлігін немесе сыйақысын төлеуді кейін шегеру, қарызды өтеу әдісін өзгерту, кредитті өтеу мерзімін ұзарту, ипотека нысаны ретінде кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті өз бетімен сату, т.б.», - дейді олар.

Жалпы, сарапшы қауымның айтуынша, банкроттық – «қарызым жойылды» деп қуануға негіз болмауы тиіс, ол алған қарызын өтеудің басқадай жолы, мүмкіндігі қалмаған жағдайда ғана қолдануға тұратын «төтенше шара».

Фотосурет сарапшының жеке архивінен алынды

Инфографика – Finprom.kz шолуынан қазақшаға аударылған

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить