Мұнай нарығы: өндіріс ауқымы өзгереді деген нақты болжам жоқ

14326

Сәуірдің 3-не белгіленген OPEC+ елдері министрлерінің бірлескен бақылау комитетінің (Joint Ministerial Monitoring Committee – JMMC) кезекті отырысы қарсаңында жаһандық нарық назары мұнай секторына қадалған деуге тұрады

ФОТО: © Depositphotos/Iurii

Сала ішіндегі сарапшы қауымның айтуынша, соңғы үш айда мұнайдың бағасы әлемдік нарықта 10% шамасында арзандап, 2022 жылғы ең жоғарғы деңгеймен салыстырғанда 38%-ға дейінгі шамада төмен құлдыраған.

Айта кету керек, «қара алтын» бағасының ең қымбат деңгейі – 140 АҚШ доллары (Brent мұнайының баррелі үшін) былтыр наурыз айында көрініс берді. Оған «Ресей-Украина қақтығысы мен Батыс елдерінің санкциялары аясында туындаған өнім жеткізуге қатысты кедергілер септік етті» деп түсіндірді сол тұста сарапшы қауым.

Ал үстіміздегі аптаның басында мұнайдың бағасы 78 АҚШ долларының о жақ, бұ жағында сатылып жатты, дегенмен, сарапшылар күткендей 80 долларды бәрібір еңсере алған жоқ.

Сала ішіндегі сарапшы қауымның пайымынша, OPEC+ кездесуі алдында Таяу Шығыстағы мұнай экспорттаушы елдер тарапынан өндіріс ауқымын қысқартуға ықылас туындауы әбден мүмкін, бұл, өз кезегінде, нарық ішіндегі бағаның қалыпқа келуіне серпін беруі ықтимал. Дегенмен, олар OPEC+ «өндіріс ауқымын өзгертеді» деген пайымға мейлінше күмәнмен қарайды.

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың қазан айында мұнай өндіру ауқымын тәулігіне 2 млн баррельге дейін қысқарту туралы шешім шығарған OPEC+ елдері, нарықтағы бүгінгі өнім өндіру көрсеткіштері өздері үшін «тиімді сипатта» екендігін айтумен келеді. Тәулігіне 2 млн баррель – мұнайға деген әлемдік сұраныстың шамамен 2%-ы деңгейіндегі ауқым.

Жалпы, былтыр күздегі келісім аясында OPEC+ елдері үшін мұнай өндіру көрсеткіші тәулігіне 727 мың баррельге қысқартылды, яғни тәулігіне 16, 44 млн баррельге дейін. Оның ішінде Қазақстан үшін –тәулігіне 78 мың баррельге – 1, 628 млн баррельге дейін.

OPEC+ құрамындағы 10 елдің қатарына Қазақстанмен қатар Әзірбайжан, Бахрейн, Бруней, Малайзия, Мексика, Оман, Ресей, Судан және Оңтүстік Судан елдері кіреді.

Бүгінгі таңда OPEC+ елдері тәулігіне 41, 856 млн баррель мұнай өндіре алады. Аталған келісім 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін өз күшінде қалады деп белгіленді. Әйтсе де, мұнай өндіру ауқымына қандай да бір қосымша өзгеріс енгізуді көздемейтінін бұған дейін анық аңғартқан альянс құрамындағы елдер, қажет жағдайда тиісті құралдарды қолдануға дайын екендігін де ескерткен болатын.

Өз кезегінде, сала ішіндегі сарапшы мамандар, алдағы дүйсенбіге белгіленген OPEC+ кездесуінде мұнай өндіру ауқымына «айтарлықтай жаңа өзгеріс енгізілмейді, бүгінгі көрсеткіштер жыл соңына дейін сол деңгейде қалады» деген пікірде. «Әлемдік экономика пандемияға дейінгі деңгейге әлі жете қоймағанын ескерсек, OPEC+ коалициясы сабырлық сақтауы тиіс», - дейді олар.

Бұған дейін OPEC ұйымы нарық ішінде қалыптасқан қандай да бір жағдайға қарамастан, мұнай өндіру ауқымын биылғы жылы өзгеріссіз қалдыратынын мәлім еткен болатын.

Айта кетейік, былтыр қазан айындағы шешім аясында OPEC елдері үшін (Венесуэла, Иран, Ливияны есепке алмағанда) мұнай өндіру деңгейі тәулігіне 1, 273 млн баррельге дейін төмендетілді, яғни альянс құрамындағы елдер биыл жыл соңына дейін бір тәулікте 25, 416 млн баррель мұнай өндіре алады деген сөз. Өнім өндіруді қысқарту туралы бұл шешімін сол тұста мұнай экспорттаушы негізгі елдер экономикалық болжамдардың нашарлауымен түсіндірген болатын.

Үстіміздегі аптаның басында Brent маркасындағы мұнайдың бағасы бір баррельге 78 АҚШ доллары төңірегінде сатылып жатты. Сала ішіндегі сарапшылардың айтуынша, алдыңғы аптамен салыстырғанда бағаның ептеп болса да өсуіне әсер еткен негізгі фактор – әлем нарықтарын сергелдеңге салған банк күйзелісі біртіндеп сейіле бастады деген үміт. Бұған, сірә, американдық First Citizens BancShares холдингінің нарықты тұрақтандыру мақсатындағы шешімі ықпал етсе керек: ол Кремний алқабының банкротқа ұшыраған Silicon Valley банкінің депозиттері мен кредиттерін сатып алатынын жария еткен болатын.

АҚШ-тың  федералдық депозиттерге кепілдік беру корпорациясы (FDIC) алға таратқан ақпаратқа жүгінсек, әңгіме Silicon Valley Bank-тің (SVB) 72 млрд АҚШ доллары шамасындағы активтерін жеңілдетілген негізде 16,5 млрд АҚШ долларына сату тұрғысында. Сол сияқты, SVB иелігінде болған 90 млрд АҚШ доллары шамасындағы активтер мен құнды қағаздар FDIC бақылауында қалады деп мәлімделді.

FDIC мәлімдемесіне сай, технологиялар саласына бағытталған банктің құлдырауына септік еткен басты мәселе – банкті басқару барысындағы бейберекетсіздік деуге тұрады.

Құрама Штаттардың қаржы нарығында көрініс берген банк күйзелісін тұрақтандыруға септік етуі тиіс тағы бір амал – АҚШ-тың банктерді қолдау бағытындағы мәлімдемелері. Reuters агенттігінің хабарлауынша, банк секторындағы жағдай бақылаудан шығып жатса, АҚШ билігі Федералды резервтік жүйенің шұғыл кредиттеу тетіктерін кеңінен қолға алуы әбден мүмкін. Агенттік дерегінше, бұл тұрғыда алдымен First Republic Bank-ке қолдау көрсету мәселесі талқыға салынуда (Silicon Valley және Signature Bank банкротқа ұшыраған соң, бұл банктің акциялары 59%-ға дейін құлдырап кеткен болатын).

Айтқандай, осы аптада мұнайдың бағасына ықпал етіп отырған фактордың бірі, сарапшылардың пікірінше, Францияға да келіп тіреледі. Мұндағы соңғы ереуілдер салдарында мұнай өңдеуші төрт зауыттың жұмысында іркілістер туындап, тағы екі зауыт төмендетілген тарифтер бойынша жұмыс істеуге мәжбүр. Өз кезегінде, бұл ел Еуропада шикі мұнай мен өндірілген отынға деген сұраныстың артуына ықпал етуде, дейді сарапшылар.

Олар, сондай-ақ Қытайдағы іскерлік белсенділік ептеп болса да жандана түскенін алға тартады. Бұған дейін мәлім етілгендей, өткен айда OPEC Қытай тарапынан орын алуы тиіс мұнайға деген сұранысқа оң баға берген болатын. 2023 жылы Қытайдың мұнайға деген сұранысы, орташа есеппен алғанда, тәулігіне 15, 56 млн баррельді құрайды деген пайым бар. Бұл – мұнай экспорттаушы негізгі елдердің бастапқы болжамынан 710 000 баррель (тәулігіне) жоғары көрсеткіш.

China National Petroleum Corp. – қытай ұлттық корпорациясы жария еткен жылдық болжамға сай, 2023 жылы Қытайдың шикі мұнай импорты 6,2%-ға өсіп (былтырғы жылмен салыстырғанда), 540 млн тоннаға жетеді деп күтілуде.

OPEC ұйымының ақпан айындағы есебінде, 2023 жылы мұнайға деген жаһандық сұраныс тәулігіне 2,3 млн баррель шамасында өсіп, орташа есеппен алғанда, бір тәулікте 101, 9 млн баррельді құрайды деп көрсетілген.

Айта кету керек, үстіміздегі апта 2023 жылдың бірінші тоқсанын аяқтап, жабуы тиіс. Сарапшылардың пайымынша, бұл аптада мұнай бағасында айтарлықтай жоғары өрлеу не күрт құлдырау байқалмайтын секілді. Дегенмен, АҚШ нарығынан Еуропа елдеріне қарай жылыстаған банк күйзелісі бір күннің ішінде сейіле қоймасы тағы анық.

Сәрсенбі, 29 наурыздағы түске дейінгі деректер бойынша, маусым айында жеткізілетін Brent маркасындағы мұнайдың бағасы бір баррельге 78,48 АҚШ доллары төңірегінде сатылып жатты.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить