«Жасыл» энергетика: үміт пен күдік арасында

14056

«2023 жылы жаңартылатын энергия көздері индустриясы әлем бойынша жаңа қарқын алып, одан кейінгі жылдары құлаштап дами бастайды» деп болжайды қор нарығының сарапшылары

ФОТО: © unsplash.com/Raimond Klavins

Олардың айтуынша, бүгінде жаһандық деңгейде алғанда қор нарығындағы инвесторлардың назары жаңартылатын энергия көздері мен климаттық жобаларға қадалған: «Қазір дүние жүзінде таза энергияға деген сұраныс артып, іргелі дейтін компаниялар ауаға түсетін парниктік газдардың ауқымын азайтуды мақсат етуде».

Өз кезегінде, Freedom Finance Global сарапшысы Елдар Шакенов, жаңартылатын энергия индустриясы дамудың жаңа деңгейіне шығуға дайын, бұл көштен Қазақстан да қалыс қалмағаны абзал, деген пікір айтады.

«2022 жылы бұл саланың өсу қарқыны, мысалға, АҚШ-та біршама баяулап қалды, өйткені бұл жобаларды жүзеге асыруға кететін материалдық шығындар мен уақыт шығыны арта түсті. Бұған, негізінен, әлем бойынша өнім және шикізат жеткізу тізбектеріндегі кідірістер, сауда саясатындағы белгісіз жағдай, инфляцияның және пайыздық мөлшерлеменің өсуі септік етті. Бұл тұрғыдағы бірқатар проблемалар биыл да жалғасуы мүмкін, әйтсе де бұдан кейін көрініс беретін тенденциялар мен мүмкіндіктер сала ішіне жаңа серпіліс беріп, жаңартылатын энергия индустриясының 2024 жылы қарқындап дамуына негіз болатын анық», - деп түйіндейді өз ойын Елдар Шакенов.

Елдар Шакенов
Елдар Шакенов

Сарапшы маманның айтуынша, алдағы жылдары әлем бойынша дамыған елдерде таза энергияға деген сұраныс құлаштап артып, оны өндіру жолдарын ынталандыру тетіктері көбейе түседі. Бұл тұрғыда қазір бірқатар елдер өз заңнамаларына тиісті түзету, толықтыру енгізуге мән беруде.

Соған сәйкес бүгінгі таңда нарыққа ықпал етуі тиіс өзіндік жаңа тенденциялар көрініс беріп, қалыптасуда. Таяу келешекте бұл тенденциялар әлем бойынша кең тарап, қарқын алады деп болжануда.

«Мысалға, бірінші тенденцияны – жаңартылатын көздерден өндірілетін электр энергиясының құнын есептеу деп сипаттауға болады. Соңғы жылдары күн және жел энергиясын өндіретін қондырғылардың бағасы төмендеп келеді, өз кезегінде, бұл – оларды өндіру құны да арзандайды дегенді білдірсе керек. Бұл тенденция – дәстүрлі энергияға қарағанда «жасыл» энергияның бәсекелестік қабілеті арта түседі дегенді аңғартады», - дейді Freedom Finance Global сарапшысы.

Елдар Шакенов алға тартқан екінші тенденция – тарифтер төңірегінде. Оның айтуынша, дәстүрлі энергиямен салыстырғанда, жаңартылатын энергия көздерінен алынатын энергияның бағасы қазірдің өзінде мейлінше тиімді, яғни рентабельді бола бастаған. Бірақ бұл арада өндірістің орны мен ерекшелігі, өндірістің жағдайы маңызды болып табылады – бағалар соған орай әлі де болса өзгеріп, түрленуі мүмкін.

Үшінші тенденцияны сарапшы маман – «реттеу шаралары» деп түйіндейді.

«Қазір дүние жүзіндегі көптеген елдердің үкіметтері жаңартылатын энергия көздеріне көшуді ынталандыруы тиіс заңдар қабылдауға көңіл бөлуде. Бірқатар елдер «жасыл» энергетиканы дамыту үшін ел экономикасында салық түріндегі жеңілдіктер мен субсидиялар ұсынып, көміртегінің үлесін азайтуды маңызды мақсат етіп белгілеуде», - деп түсіндіреді Елдар Шакенов.

Ол, сондай-ақ жаңартылатын энергия нарығы бойынша алдағы уақытта көрініс беретін төртінші және бесінші тенденцияларды – «бизнестің тиімді модельдері» және «цифрландыру» деп сипаттайды.

«Жаңартылатын энергетика индустриясындағы компаниялар өз кірістерін арттыруға негізделген идеяларға іздеу салуда. Бұл тұрғыдағы тиімді шешімнің бірі – жаңа технологиялар мен инфрақұрылымды дамыту дегенге келіп тіреледі, өйткені бұл екеуі жаңартылатын энергетиканы жалпы желіге мейлінше қарқынды жолмен шоғырландыра алады. Яғни, бұл саланы ілгері жылжытуы тиіс төртінші тенденция – бизнестің тиімді моделі.

Ал бесінші тенденция – цифрландыру. Қазірдің өзінен-ақ байқай аламыз, тұрақты энергетика технологиялық шешімдерге барынша тәуелді: бақылау және мониторинг жүйесі,таратылған деректерді сақтау мәселесі, блокчейн жүйесі, т.т. деген сияқты. Цифрландыру – энергожүйелерді өндіру мен басқару тиімділігін арттыруға, сондай-ақ алынатын таза энергияның құнын төмендетуге көмектесе алады», - дейді Елдар Шакенов.

Жаңартылатын энергия көздерінің әлемдік нарығының 2021 жылғы көрсеткіші, 2022–2030 жж. деген болжаммен (млрд АҚШ долларымен)
Жаңартылатын энергия көздерінің әлемдік нарығының 2021 жылғы көрсеткіші, 2022–2030 жж. деген болжаммен (млрд АҚШ долларымен)
ФОТО: Statista.com

Айта кетейік, сарапшы қауымның болжамынша, жаңартылатын энергиялардың жаһандық нарығындағы өсу тенденциясы алдағы жылдары әрі қарай өсіп, қарқындай бермек. Next Move Strategy Consulting зерттеу компаниясының мәліметінше, 2030 жылға қарай бұл нарық бойынша жаһандық көрсеткіш 2 трлн АҚШ долларынан асып түсуі ықтимал. Өз болжамында олар: «қазба отынға қатысты экологиялық проблемалар мен дамушы аймақтардағы экономиканың өсуі және жеделдей түсетін урбанизация – жаңартылатын энергетика нарығындағы өзгерістерге ықпал етуші негізгі факторлар» деп отыр.

Ал Allied Market Research зерттеушілерінің дерегінше, 2020 жылы жаңартылатын энергия көздері бойынша жаһандық индустрия көрсеткіші 881,7 млрд АҚШ долларын құраған. Өз зерттеуінде олар, 2030 жылға қарай нарық ауқымы 1 977,6 млрд АҚШ долларына жетуі тиіс деп болжайды (бір жылдағы орташа өсу қарқыны 8,4% деңгейінде болғанда). Әлем бойынша бұл саланың қарқындап өсуіне ықпал етуші факторларды олар – таза энергияға деген сұраныс пен таза энергия өндіру төңірегіндегі заңнамалық және қаржылық бастамалар және электр энергиясын тұтыну көрсеткішінің артуы деп көрсетеді.

Жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру үлесі, 2022 ж
Жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру үлесі, 2022 ж
ФОТО: Our World in Data

«Жалпылай алғандай, «жасыл» энергетиканы дамыту перспективасының болашағы зор. Бұл салаға, ең алдымен, озық технологиялар және үкіметтің қолдауы мен ауқымды инвестиция қажет. Сонымен қатар, «жасыл» энергетиканы қолдаушы фактордың бірі ретінде қор нарығындағы тетіктерді де қарастыруға болады. Айталық, алғыр инвестор бұл саладағы компанияларға қаражат сала отырып, болашақ табысқа ғана емес, климаттың өзгеруін тоқтатуға да үлес қоса алады деген тұрғыда. Бірақ, бұл арада, әрине, қарқындап өсіп келе жатқан нарықтарға тән өзіндік тәуекелдер мен ауытқулар болатынын да ұмытпаған жөн», - дейді Freedom Finance Global сарапшысы Елдар Шакенов.

Айтпақшы, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым болжамынша, алдағы бес жылдың бірінде Жердегі орташа температура өнеркәсіптің дамуына дейінгі кезеңмен салыстырғанда уақытша 1,5°C  деңгейіне дейін жоғарлауы мүмкін. «Бұған ауаға түсетін парниктік газдар әсерінен климаттың өзгеруі құбылысы септік етуде» дейді метеорология мамандары. Олар, сондай-ақ, соңғы 50 жылда «климаттың өзгеруі салдарында көрініс берген апаттар саны Жер бетінде бес есе өсті» дегенді де алға тартады.

Естеріңізге сала кетсек, 2013 жылдың 30 мамырында «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасы» бекітіліп, онда ел ішінде электр энергиясын өндірудегі баламалы көздердің, яғни күн және жел энергияларының үлесін 2020 жылға қарай 3%-дан кем емес деңгейге, 2030 жылы – 30%-ға, 2050 жылы – 50%-ға дейін жеткізу көзделеді деп көрсетілді.

Сол сияқты, «жасыл экономика» тұжырымдамасында «таяудағы 20 жыл ішінде» еліміздегі инфрақұрылым атаулы «айтарлықтай жаңартылып, дамытылып», 2030 жылға қарай еліміздегі қолданыстағы ғимараттардың 55%-ы мен электр станцияларының 40%-ы «жаңадан салынады», автокөлік паркінің 80%-дан астамы «жаңа болады» деп көрсетілген. Ал бұлай болмаған жағдайда еліміз «жуық арада бәсекеге қабілетсіз инфрақұрылым проблемасымен бетпе-бет келеді» деп мәлімделген.

Жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру тұрғысында «ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекіту туралы» жарлықта да айтылады (ел президенті 2023 жылдың 2 ақпанында қол қойған), оның ішінде, мысалға, 2060 жылға қарай елімізде «көмірді кезең-кезеңімен алмастыру» жоспары да бар.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі 2022 жылдың желтоқсанында жария еткен деректерге ден қойсақ, елімізде өндірілетін электр энергиясының 70%-ы көмірден, 20%-ы – газдан, 3%-ы – жаңартылатын энергия көздерінен, қалғаны судан алынады.

Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылы елімізде қуат көрсеткіші 2 400 МВт-ты құрайтын 130 шақты баламалық энергетика нысаны жұмыс істеген.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить