Электр және жылу энергетикасы нарығы: түйінді мәселе шамадан тыс

17110

Құзырлы мекемелердің мәліметтеріне жүгінсек, 2022 жылдың 7 желтоқсанында Қазақстанда 16459 МВт деңгейінде электр энергиясы шығындалған

ФОТО: © Depositphotos/elmirex2009

Бұл еліміздің электр жүйесі тарихындағы ең жоғары тұтыну көрсеткіші. Энергетика секторы мамандарының айтуынша, дәл сол кезде ел ішіндегі электр станциялары бірлесе өндірген электр энергиясының жиынтық көрсеткіші 15203 МВт-ты құраған.

Электр энергиясына деген тапшылық сол тұста көрші Ресейдің энергожүйесінен алынған жоспардан тыс тоқ ағыны есебінен жабылған.

Сол күндері құзырлы мекеме қазақстандықтарды электр қуатын үнемдеуге шақырып, үндеу жасағаны есімізде...

Барлық бәле... тарифте

Сарапшы мамандардың түсіндіруінше, әлемдегі жылумен қамту желілері кең тараған елдердің ішінде Қазақстан жылу желілерінің ұзындығы мен орталықтандырылған жылумен қамту жүйелеріндегі отын шығыны бойынша алдыңғы орындарда тұр. Соған қарамастан, бұл сала бізде экономикалық және энергетикалық тұрғыда мейлінше тиімсіз, инвестициялық тартымдылығы төмен, проблемалық саланың бірі болып табылады. Еліміздегі электр желілерінің 60%-ның тозығы жетіп, желі бойындағы технологиялық шығындар шамамен 30%-ға жеткен.

Сала ішіндегі сарапшылардың айтуынша, еліміздегі электр және жылу энергиясының жетіспеуіне негіз болып отырған бүгінгі басты проблема – тозығы жеткен инфрақұрылым: биыл қыста көрініс берген отандық жылу электр станцияларындағы бірқатар апатты оқиға соның бір дәлелі.

Бұл тұрғыда энергетик мамандар, электр жарығы мен жылуды үнемдеумен қатар, сектор ішіндегі баға саясатын да қайта қарау керек деген пікір айтады. «Әбден тозығы жеткен инфрақұрылымды қайта жаңарту үшін дәл қазір басқадай қаражат көзі жоқ» дейді олар.

Әлем бойынша алып қарағанда, «бастапқы энергия тарифі Қазақстанда ең төмен» деген энергетик мамандар: «республикалық деңгейдегі орташа жалақыға 8,6 мың текше метр табиғи газ сатып алуға болады» деп түсіндіреді. Ал, мысалға, көрші Ресейде біздегі орташа жалақыға 7,5 мың текше метр, Ұлыбританияда – 6,3 мың текше метр газ сатып алуға болады екен. Айтпақшы, сала мамандарының айтуынша, бастапқы, яғни табиғи энергияны тұтыну көрсеткішінде қазақстандықтардың шығыны әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары көрінеді...

Айта кетейік, бұған дейін хабарланғандай, ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, 2023 жылы еліміздің энергия өндіру секторында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы енгізіліп, жыл сайын бұл салаға 400 млрд теңге тартылады деп күтілуде. Бұл тұрғыда ел үкіметінің ресми ақпаратында, аталған бағдарлама: «энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, модернизациялап, кеңейтуге, сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және 2035 жылға қарай еліміздегі өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді» деп мәлімделді.

Өз кезегінде, сала ішіндегі мамандар, бұл жоба елімізде «сонау 2009 жылы әзірленіп, сынақ барысында тиімді нәтиже берген болатын» деп қосады.

Жақып Хайрушев
Жақып Хайрушев

Мысалға, энергетик маман Жақып Хайрушев, осы жобада әзірленген тетік-құралдар 2009–2016 жылдар аралығында елімізде 1,2 ГВт деңгейінде жаңа қуат күштерін қолданысқа енгізіп, 1,7 ГВт-тан астам қуат күшін қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді деп отыр.

«Бұл бағдарламаның алдыңғы нұсқасы аяғына дейін жеткізілмей, бірқатар компанияға әртүрлі себеп-сылтаумен қаржылай ресурстарын (дивидендтер мен бонустарын, т.т.) шығарып алуға мүмкіндік берді деген пікір бар. Сондықтан да жаңа бағдарламаны қолданысқа енгізуде бұған дейінгі нұсқаның барлық артық-кемін есепке алып, компания қаражатын есептен заңсыз шығаруға тыйым салу керек. Сол сияқты, президенттің тапсырмасына орай, бұл объектілердің меншік иелері тиісті ауқымда қаржы ресурстарын енгізуі тиіс. Сонда ғана аталған энергообъектісі үшін инвстицияға айырбастауға болатын тариф бекітілетін болады. Егер бұл бағдарлама сәтімен жүзеге асып жатса, онда қазақстандықтар сенімді қуат күштерімен қамтамасыз етіледі деген сөз, яғни ешқандай апат не орынсыз өшіруге жол бермейтін. Сол сияқты, бұл бағдарлама цифрландыру және smart-grid, яғни электр энергиясымен қамтушы ақылды желінің барлық артықшылығын сезінуге мүмкіндік береді», - дейді ол.

Әйтсе де «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы әзірше нарық ішінде анық байқала қойған жоқ. Жақып Хайрушевтің айтуынша, жылу энергетикасы мен орталықтандырылған жылумен қамту секторын рентабельді деуге келмейді, бұл сектордың шығыны қашаннан көп әрі тұрақты негізде.

«Электр және жылу энергетикасы нарықтарындағы қызмет бәсекеге қабілетті, экономикалық тұрғыда тиімді әрі тұтынушы үшін қолжетімді болуы үшін бұлардағы баға моделіне түзету енгізіп, бұл екі нарықтың арасында дұрыс баланс болуын қамтамасыз ету қажет», - дейді сарапшы маман.

Сектордың бар үміті... тұтынушыда

«Қазақстанның электр энергетикалық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Талғат Темірханов, жаңа тарифтік саясат туралы: «бұл – энергетика секторын қалыпқа келтіру жолындағы кезекті мәжбүрлі шаралар толқыны» деген пікір айтады.

Талғат Темірханов
Талғат Темірханов

«Энергетика секторындағы жағдай туралы мемлекет басшысы бұған дейін де айтқан. Президент, өнеркәсіп топтарындағы жалақыны бәсекеге қабілетті етіп, апатты жағдайлардың алдын алуды, инфрақұрылымдық объектілерді жаңартуды тапсырды, сондай-ақ электр энергиясын өндіріп, жылу мен электр энергиясын тарату кезеңдеріндегі апатты жағдайлардың деңгейі мен инфрақұрылымдық тозу көрсеткішіндегі цифрларға да мән берді», - дейді ол.

Бұл саладағы баға қалыптастыру мәселесіне тоқталған сарапшы маман, мұндағы жағдай – отандық энергосекторға «шектен тыс пайдаға кенелді» деп кінә артылған 2018 жылдан бастау алады, деп отыр.

«Сол кезде біздің нарықтағы барлық компаниялар үшін тарифтерді бір сәтте 25%-ға қысқартып тастады. Сонда бірқатар компаниялардың екінші деңгейдегі банктер алдындағы қарызын өтеуге де шамасы келмей қалды. Сектор үшін бұл өте ауыр соққы болды», - деп еске алады Талғат Темірханов.

Оның айтуынша, 2022 жылдың басында энергия өндіруші компанияларға қатысты біржақты тәртіппен 180 күнге тарифтерді тоқтатып ұстау шарасы енгізілгенде, сектор іші екінші мәрте соққыға жығылған.

Талғат Темірханов, биыл инфляция көрсеткіші 18% деңгейінде сақталса, сала ішіндегі тарифтер бір жылда 4–5%-дан артық көтерілмейді, деп қосады.

«Анығын айтқанда, біз қазір инфляцияның ресми деңгейіне де жете алмай келеміз. Біздегі басты проблема – сала іші жеткілікті деңгейде қаржыланып жатқан жоқ. Жылу энергетикасы саласында бүгінде пайда атаулы мүлдем жоқ» , - дейді ол.

Айтқандай, сала ішіндегі мамандар энергия өндіруші сектордағы жалақы деңгейіне қатысты да мәселе көтеруде.

«Бізде кадр мәселесі өте өзекті, жалақыға көңілі толмай басқа салаларға немесе көрші Ресейдің энергосекторына кетіп жатқан мамандар аз емес. Еліміздің батыс өңірлерінде біздің мамандар мұнай-газ салаларына қарай ығысуда. Мысалға, Атырау облысында орташа жалақы 450–460 мың теңгені құраса, ондағы біздің мамандардың жалақысы 250 мың теңгеден аспайды», - дейді Талғат Темірханов.

Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың 20 желтоқсанында өткен үкімет отырысында ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов: «Қазақстандағы жылу электр орталығы өндірістік персоналының орташа жалақысы 2021 жылы 224 100 теңгені құрады. Жылу электр орталығында шығындар жылу және электр энергиясы бойынша бөлінеді. Жылу электр орталықтарында жылу энергиясының тарифтерінде 5% жыл сайынғы еңбекақы төлеу қорының өсуіне көзделеді. Энергетика министрлігі электр энергиясына шекті тарифтерді қарау кезінде электр энергиясын өндіруге тартылған персонал үшін жалақының 15% өсуін көздеді», - деген болатын.

Өз кезегінде, энергия өндіруші сектор мамандары, сала ішіндегі экологиялық міндеттемелерді де ескеру керек дегенді алға тартады: БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын Қазақстанда жүзеге асыру шараларына сай, еліміз парниктік газдардан ауаға түсетін шығарылымдарды азайтып, көміртек үлесін төмендету талаптарын орындауы тиіс.

«Көміртегі үлесін төмендету жобасына орай, бізде 2040 жылдан бастап көмір өндірісінің қысқаруы орын алмақ. Яғни, сала іші экологиялық тұрғыда жаңарып, жаңғыруы тиіс, ал бұл арзан шара емес. Энергетикадағы бірден-бір негізгі қаржыландыру көзі – тариф, бізде одан басқа қаржы көзі жоқ. Сонда, 2040 жылдан бастап көмір негізіндегі электр станцияларын жүйелі түрде қолданыстан шығару үшін біз алдағы 10–15 жылда тұтынушыға қандай жүктеме артуымыз керек?» - деп сауалдайды Талғат Темірханов.

Сарапшы, сондай-ақ экологиялық модернизациялауды кредит не инвестиция тарту негізінде жүзеге асыру неғайбыл, деп отыр. Оның айтуынша, энергия өндіруші секторда жеңілдетілген кредит деген атымен жоқ, бұл сектор толығымен нарықтағы ұсынысқа сай кредиттеледі.

Энергетика министрлігі ұсынады

Айта кету керек, отандық жылу және электр энергетикасы нарығының түйінді мәселелерін шешу жолында ҚР энергетика министрлігі «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы мен тұжырымдамасын әзірлеп ұсынды.

«Бұл жобада мастер-жоспар деген ұғым бар. Яғни, заңға кешенді жоспарлау құралын енгізу деген тұрғыда. Онда жылумен қамту желілерін дамыту мәселесінен бастап, орталықтандырылған жылыту жүйелерін дамыту, электр және жылу энергияларының аралас көздерін басымды негізде пайдалану, техникалық қолайлы шешімдері жүзеге асыру деген мәселелер қарастырылуы тиіс. Сол сияқты, осы бағыттарды қаржыландыру көздері мен тарифтік және әлеуметтік-экономикалық шаралардың түпкі тұтынушы үшін қандай салдар беретінін бағалау да осы жоспарда есепке алынуы қажет», - дейді Жақып Хайруллин.

Сонымен қатар, сарапшы маман, өңірлік Жылумен қамту схемалары энегетика саласының өзге де стратегиялық құжаттарымен синхрондалуы керек, деген ұсыныс айтады: «Бұл Схемаларда Қазақстанның біртұтас энергежүйесінде орын алуы ықтимал апатты жағдайларға қатысты аймақтық коммуналдық ЖЭО-ның қимыл-әрекеті толық көрсетіліп жазылуы тиіс, оның ішінде қалаларға қажет ауқымда электр және жылу энергияларын өндіріп, қамтамасыз ету үшін де. Бұл құжатта қосымша ашылған жұмыс орындарының саны туралы ақпарат пен жылу жүктемелерінің өсуі туралы болжамдық көрсеткіштер мен перспективалық баланстар, жылу энергетикасы объектілерін цифрландыру және автоматтандыру кезеңдері туралы мәліметтер де берілуі тиіс».

Айтпақшы, заң жобасында Бірыңғай жылу-энергетикалық компаниясы деген ұғым бар. Бұл тұрғыдағы компаниялар жылу энергетикасын дамытудың тиісті мастер-жоспарында белгіленген аумақ аясында жылу энергиясын сатып алумен және сатумен айналысады деп көзделген. Мамандардың түсіндіруінше, Бірыңғай жылу-энергетикалық компанияларын құрудағы басты мақсат – мастер-жоспарда белгіленген аумақта тұтынушылардың жылу энергиясына еш кемсітусіз қол жеткізуін қамтамасыз ету дегенге саяды.

Жақып Хайруллин, өз тарапынан, жылу электр орталықтары мен жылу жүйелерін бір холдингте ұстау тәжірибесінен бас тарту керек дегенід айтады.

«Меніңше, бұл үлгіде Бірыңғай жылу-энергетикалық компания құрамында энергоөндіруші активтердің болуына заңдық негізде тыйым салу керек. Біріншіден, жылу беруші ұйымдарды энергия өндіруші ұйымдардан бөліп алу керек. Екіншіден, жылу беретін энергия өндіруші ұйымдардың өзге де еншілес активтеріне Бірыңғай компаниялар құрамына енуге тыйым салатын өзіндік тиісті шарт болуы тиіс», - дейді энергетик маман.

Айта кету керек, құзырлы мекеме ұсынған «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасында: «Электр энергиясы нарығының құрылымы жылу энергиясы нарығынан түбегейлі айырмашылыққа ие. Осыған байланысты жылу және электр энергетикасы салаларын нақты ажыратуды қамтамасыз ету қажет. Бұдан басқа, электр энергетикасы саласына қатысты тұтас алғанда бүкіл саланың жай-күйі мен дамуына жауапты уәкілетті орган – ҚР энергетика министрлігі айқындалды. Ал жылу энергетикасына қатысты тұтас алғанда бүкіл салаға жауапты уәкілетті орган жоқ», - деп көрсетілген.

Фотосуреттер сарапшылардың жеке архивтерінен алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить