Отандық бизнестің түйткілді мәселелерін шешу алгоритмі мәлім етілді

20876

Кәсіпкерлер палатасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлерінен және қоғам өкілдерінен тұратын мобильді топ отандық бизнесті қорғау аясында бірлесіп әрекет етпек

ФОТО: © pixabay.com

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бизнес өкілдерінің өтінімдерін жедел қарастыру алгоритмін әзірледі, деп хабарлайды «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі.

Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі барысында жария етілді.

«Аталған шараға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Мәлік Сәулебай және ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов қатысты. Кездесудің басты мақсаты – Агенттік пен Ұлттық палата арасындағы өзара ынтымақтастық тетіктерін талқылау» деп мәлімдейді «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі.

Айта кетейік, жаңадан әзірленген алгоритм кәсіпкерлік субъектілерінен келіп түсетін әртүрлі шағымдар мен өтінімдерді, сауалдарды, үндеулерді шұғыл әрі тиімді жолмен қарастыруға бағытталған. Бұл тұрғыдағы өзара қимыл-әрекет отандық бизнесті қорғауға негізделген мобильді топ аясында жүзеге асырылмақ. Мобильді топтың құрамына «Атамкекен» ҰКП мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері және қоғам өкілдері кіреді деп мәлімделді.

Кәсіпкерлер палатасының Құқықтық қорғау департаментінің басқарушы директоры Азамат Құсайыновтың айтуынша, екі мекеме бірлесе орындайтын жұмыс мобильділік, объективтілік, әділдік және жариялылық қағидаттарына негізделеді.

«Мобильді топ кәсіпкерлер тарапынан келіп түскен түйткілді мәселелер түйінін сол жерде, сол мезетте шешу үшін шұғыл қимылдап, әрекет ететін болады. Кәсіпкерлердің өтінімдерімен бөлісу бір күннің ішінде жүргізіліп, барлық шағым, арыз, өтінім үш жұмыс күнінде қарастырылады. Бұл күндері алқалы талқылаулар өткізіліп, шешімдер қабылданады және тиісті ұсыныстар әзірленеді», - деп түсіндіреді Азамат Құсайынов.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, мобильді топтың қарауына жататын бизнес өкілдерінің өтінімдері мен шағымдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құзырына қатысты болмақ. Оның ішінде, мысалға, бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдармен, квазимемлекеттік сектор ұйымдары мен субъектілерімен өзара ықпалдасу аясында қандай да бір әкімшілік кедергілер туындап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көрініс беріп жатса.

«Атамекен» ҰКП Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесе отырып отандық бизнестің жүйелі проблемалары мен оларды шешу бойынша ұсыныстар реестрін қалыптастыруда, бұл мәселелер тұрақты негізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Тәуекелдер картасына енгізіліп отырады», - деп көрсетеді өз ақпаратында «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі.

Кәсіпкерлер палатасы келтірген деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде жұмыс істеп жатқан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,4 млн (өсім 5,5%). Олар қазір ел бойынша 3,5 млн адамды жұмыспен қамтып отыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить