Кәсіпкерлер жаңа мектептерді отандық жиһазбен жабдықтауды ұсынады

17350

Олардың айтуынша, елімізде қолға алынатын ұлттық жобаларды жүзеге асыруға, ең алдымен, қазақстандық өнім өндірушілер қатысуы тиіс

ФОТО: © Depositphotos/AEyZRiO

2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда үш жылға негізделген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ұсынылған болатын. «Пилоттық» деп белгіленген бұл жобаға сәйкес, республика бойынша 401 жаңа мектеп салынады деген жоспар бар. Оның ішінде 217 мектептің құрылысын бастау биылғы жылдың еншісіне белгіленген.

Ресми деректерге сай, «Жайлы мектеп» жобасына республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге ескерілген. Биыл басталатын ұлттық жоба 2024 және 2025 жылдарды қамтып, үш жылда мәреге жетуі тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілген ресми деректерге көңіл бөлсек, бүгінде еліміздің бірқатар облыстарында мектеп салу қажеттілігі өткір мәселеге айналған. Алматы және Түркістан облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында мектеп тапшылығы осы өңірлерде білім алатын мектеп оқушыларының жалпы санының 59%-ын құрайтын деңгейге жеткен.

Сарапшы қауымның мәліметінше, бүгінде республика бойынша жұмыс істеп тұрған 710 оқу ордасының әбден тозығы жеткен, ал 177 мектеп ғимаратының қолданыс мерзімі 70 жылдан да асып кеткен.

Айта кету керек, «Жайлы мектеп» пилоттық жобасының нысаналы құрылыс дирекциясы ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ таңдалған, яғни ол құрылыс жүргізуші мердігерлерді анықтауға тікелей жауапты мекеме. Компанияның ашық көздердегі ақпаратына жүгінсек, бүгінгі таңда бұл жоба бойынша 185 нысананың құрылысына қатысты конкурс жарияланған. Жоспарға сай, жаңа мектептер түгелдей 2023–2025 жылдары салынып бітіп, елімізде екі ауысымда оқытуға негізделген 840 мыңдай оқушы орны қолданысқа берілуі тиіс.

Жобаны іске асыруға бірқатар мемлекеттік органдар ат салыспақ, ал оларды жіті қадағалаушы мекеме – ҚР оқу-ағарту министрлігі.

Жиһаз нарығанда импорт өнімі үстемдік етеді

Отандық кәсіпкерлердің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынған тұста, жаңа мектептердің құрылысы мен оларды жабдықтау процесіне, ең алдымен, отандық өнім өндірушілер кеңінен тартылады деп күтілді. «Қалай дегенмен, ұлттық жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады емес пе?» деп сауалдайды олар.

Алайда, 2023 жылдың басында белгілі болғандай, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруда шетелдік құрылыс материалдары мен шетелдік жиҺаздардан бас тарту мүмкін емес екендігі анықталса керек.

Бұл тұрғыда отандық өнім өндірушілер, бар гәп мемлекеттік шенеуніктердің немқұрайлығына келіп тіреледі деген пікірде. «Отандық өнім өндірушілерді қолдауға олардың тарапынан ынта да, ниет те байқалмайды» деген уәж айтады олар.

Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев алға тартқан деректерге жүгінсек, алдын ала есептеулер бойынша, «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылуы тиіс үш жылда жиһаз және мектепке қажет жабдықтар сатып алуға шамамен 150–180 млрд теңге бағытталуы ықтимал.

Қанат Ибраев, Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті
Қанат Ибраев, Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті

«Бұл ауқымды өзіміздің отандық өнімді өндірушілер толығымен қамти алады. Ресми статистика бойынша, бүгінгі таңда қазақстандық жиһаз өндірушілер 64 млрд теңгенің өнімін шығарып отыр. Бұл ресми статистикада ескерілген отандық барлық кәсіпорындардың өндірістік көрсеткіші. Ал индустрия министрлігі мен ұлттық кәсіпкерлер палатасы жергілікті кәсіпорындар арасында жүргізетін сауалнамаларда, біздің кәсіпорындардың өндірістік жүктемесі, орташа есеппен алғанда, 30%-дан 40%-ға дейін деп көрсетіледі. Яғни, жүктеме көрсеткіші 100% болса, отандық жиһаз саласының өнім өндіру көрсеткіші шамамен 180 млрд теңгені құрайды деген сөз. Нақтылап айтсам, бір жылда біздің елде 192 млрд теңгенің жиһазын шығаруға болады» , - деп түйіндейді өз есептеулерін Қанат Ибраев.

Оның айтуынша, үш жылға негізделген «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы өндірістік көлем 150–180 млрд теңгені құрайтын болса, жиһазға деген қосымша қажеттілік жылына 50–60 млрд теңге шамасында қалыптаспақ.

«Қарапайым математикаға сүйенер болсақ, бір жылдағы орташа өндіріс көлемі шамамен 120 млрд теңге. Ал максималды өнім өндіру көрсеткіші 192 млрд теңге дейтін болсақ, онда 120 млрд теңге – осы ауқымның 70–80%-ын құрайтын шама. Сондықтан да біз “Қазақстанның жиһаз өндіруші кәсіпорындары ел ішіндегі барлық мектептерді отандық жиһазбен толық қамти алады” деп нық сеніммен айта аламыз», - дейді Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті.

Қанат Ибраевтың бұл пікірімен Qazaqstanda Jasalgan экономикалық ұлтшылдығы қозғалысының жетекшісі Айбек Барысов та келісіп отыр. Оның айтуынша, ел ішіндегі мектептердің жиһазға деген сұранысын отандық өнім өндірушілер өздері-ақ қанағаттандыра алады.

Әйтсе де қозғалыс сарапшылары ұсынған бүгінгі көрсеткіштерге ден қойсақ, еліміздің жиһаз нарығында дәл қазір отандық өнім өндірушілердің үлесі бар болғаны 26% ғана, яғни ішкі нарықтағы қалған 74% үлес импорт жиһазының еншісінде деген сөз.

Ашық конкурстан offtake-келісімшартына дейін...

Айбек Барысовтың пікірінше, «Жайлы мектеп» жобасын жан-жақты талқыға салып, жүзеге асыруға кіріскен шенеуніктер ел экономикасы үшін маңызды бір мәселеге дұрыс көңіл бөліп отырған жоқ. Яғни, жобада ескерілгендей, нақты белгіленген өнім жеткізушілерден шетелдік материалдар сатып алу жөніндегі ұсыныс ұлттық өндірісті дамытуға нұқсан келтіруі мүмкін.

Сарапшының айтуынша, «Жайлы мектеп» – отандық жаңа өндіріс ошақтарын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ел экономикасы үшін басқа да маңызды бағыттарды күшейтуге серпін бере алатын жобаның бірі. «Ел ішіндегі мектептердің құрылысы да, олардың жасақталуы да 100% Қазақстан өнімі есебінен жүзеге асуы тиіс» деп есептейді ол. Дегенмен, отандық өндірушілердің өніміне толықтай өту жолында өзіндік қиындықтар да жоқ емес.

Айбек Барысов, Qazaqstanda Jasalgan қозғалысының жетекшісі
Айбек Барысов, Qazaqstanda Jasalgan қозғалысының жетекшісі

«Айталық, жиһаз шығаруда туындауы ықтимал тәуекелдер мен түйінді мәселелердің негізгісі – тапсырыс нарық бойынша бір мезетте түсуі мүмкін. Биыл Қазақстанда 200-ден астам мектеп салу көзделген десек, онда бұл мектептерге 90 млрд теңгенің жиһазын жасап шығару керек болады.  Мұндай ауқымды бірде-бір кәсіпорын бір мезетте жасап бере алмайды. Өйткені күрт өскен сұранысты қанағаттандыра алатын құрылыс материалдары, металл, өзге де фурнитура бойынша толыққанды қор жоқ бізде. Дегенмен, отандық құрылыс компаниясы салған мектептерді жергілікті жиһаздармен жабдықтаған мысалдар да баршылық (айталық, «Troya», «Smart Mebel», «Apriori» сынды компаниялардың өнімдерімен). Бұл мектептердегі жиһаз өнімдері қаншалықты ыңғайлы екендігін өз көзімізбен көре алдық және де олардың сапасы шетелдік жиһаздардан еш кем емес. Айтқандай, оқу-ағарту министрлігінің комиссиясы жұмыс тобымен бірлесе мектептерді аралағанда, түрік инвесторлары жеткізген жиһаздар мен біздің қазақстандық жиһаздар арасында ешқандай айырмашылық жоқ екеніне де көз жеткізе алдық», - дейді кәсіпкер Айбек Барысов.

Ол, сондай-ақ жергілікті мектептердің құрылысынан бастап, оларды қажетті жиһаздармен жасақтау барысына, ең алдымен, отандық өнім өндірушілер кеңінен тартылуы тиіс деген пікір айтады. Әйтсе де дәл осы ұстанымды қолдайтын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП)  бұл тұрғыдағы саясатын, кәсіпкер «қайшылыққа толы» деп сипаттайды.

«Кез келген елдің экономикасында ұлттық жобаларды жүзеге асыруда орта және шағын бизнеске, орта кәсіпкерлікке басымдық беріледі. Бұл жайында біздің президент те үнемі айтып келеді. Алайда, ҰКП бұл арада ұсақ және микробизнесті қолдау саясатына көбірек ден қоятын секілді. Ал кәсіби өнеркәсіптегі кәсіпорындарға қарағанда, бізде бизнестің бұл санаты халықтың әртүрлі топтарын қамтитын үй шаруашылығының құрамдас бір бөлігі іспетті», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов өз сөзінде, ұлттық жобаларды жүзеге асыруда, бірінші кезекте отандық кәсіпкерлерге сенім арту керек, әсіресе, бұл жобалар республикалық бюджеттен қаржыланатын болса дегенді баса айтқан болатын.

Өз кезегінде, қазақстандық кәсіпкерлер, «Жайлы мектеп» жобасының жауапты операторы өнім жеткізушілерді іріктеуде әділ де ашық конкурс өткізе отырып, жоба аясындағы қажетті тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алуда отандық өнім өндірушілер үшін тең мүмкіндіктер ұсынады деген үмітте.

Ал астаналық жиһаз өндірушілер болса, өз өнімдерін сатудың кепілді көлемін қамтамасыз етудің тиімді бір жолы ретінде – қазақстандық өнім өндірушілермен алдын ала offtake-келісімшарттарын жасауға да болады деген ұсыныс айтады. Оfftake-келісімшарттары – әлі дайын болмаған, яғни болашақта өндірілетін өнімді сатып алуға негізделген келісім деуге саяды.

Фотосуреттер спикерлердің жеке архивінен алынды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить