Кәсіпкер Аманбек Мағзұмхан: Қазақ жігіттерін стильді етіп киіндіргім келеді

61110

Bekman.Style брендінің негізін қалаған қазақстандық жас кәсіпкер елімізде ерлерге арналған классикалық және стильді киім үлгілерінің индустриясын жолға қойып, Қазақстан бойынша отандық өнімдер саудаланатын дүкендер желісін ашуды мақсат етіп отыр

Аманбек Мағзұмхан
Аманбек Мағзұмхан

F: Аманбек мырза, Bekman.Style брендінің негізі қалай қаланды? Жалпы, бұл идея қалай пайда болды?

- Бала кезімнен классикалық стильде киініп, сырт келбетке барынша мән бердім. Бұл менің хоббиім. 2021 жылы жұмыс бабымен жарты жылдай Түркияда тұрдым. Идея сол кезде пайда болды. Ол жақта ерлерге арналған киім дүкендері көп, таңдау да жоғары. Бізде қара, көк, сұр түсті классикалық костюмдер ерлер үшін «әмбебап гардероб» саналады, яғни қызметке де, тойға да, іскерлік кездесулерге де сол бір костюм. Сондықтан да қазақ жігіттерін стильді етіп киіндіргім келді. Бірақ ол үшін жан-жақты дайындық керек еді. Сөйтіп мен алдағы бес жылға жоспар жасауға кірістім. Сол тұста – бизнестері әлдеқашан жолға қойылған ағам Айдос Жұмахан мен жеңгем Малика Сағымбаева ойымды тыңдап, қолдау көрсетті. Менің жобама бағыт-бағдар беріп, инвестор болған да осы кісілер. Ерлерге арналған Вekman.Stylе киім салоны осылай ашылды.

F: Сіздің бренд патенттелді ме? Ерлер киімі қайда тігіледі, онымен кімдер айналысады, материалды қайдан аласыздар?

- Әдетте, патенттеу процесі бірнеше айға созылады, бұйыртса, бір-екі айда дайын болады деп отырмыз. Біз италияндық дизайнерлермен жұмыс істейміз. Яғни, италияндық сән үлгісін таңдағандықтан, қазір маталарды да сол жақтан алдырамыз. Әзірге біз ұсынатын киімдер Түркияда тігіледі. Алдағы уақытта дүкенімізде Еуропаның өзінде шығарылған киімдерді ұсыну да жоспарда бар. Негізгі мақсатымыз – матаны да, киім тігу өндірісін де өз елімізде қолға алып, өнімді толығымен «Made In KZ» таңбасымен шығару. Осылайша брендімізді отандық өнімге айналдырсақ дейміз. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Бәрі патент қолға тиген соң басталады.

F: Бұл кәсіп бастапқыда қандай қаражатты талап етті? Сіздіңше, бизнес өзін қай кезде ақтауы мүмкін?

- Дүкен ашу, оның жөндеу жұмыстары, интерьер, маркетинг сынды бағыттарға, кем дегенде, $200 000 астам қаражат жұмсалды. Бұл шығынның орнын бір жылда толтырамыз деген сенімдеміз. Қазірдің өзінде тұрақты тұтынушыларымыз бар.

Бірнеше елмен жұмыс істеп отырғандықтан, инвесторсыз болмайды. Жоғарыда айтқанымдай, бұл тұрғыда ағам мен жеңгем – әрі серіктесім, әрі инвесторларым.

F: Жуырда Алматыда алғашқы дүкеніңіз ашылды. Сауда алаңын жалға алдыңыз ба, әлде сатып алдыңыз ба?

- Кез келген кәсіпкер бірден үлкен шығынға бел бумайды. Қазір біз Алматының орталығындағы ерлер киімдерін сататын дүкендер шоғырланған аумақтан 100 ш.м. орынды жалға алып отырмыз. Келешекте Bekman.Style дүкендер желісін көбейтіп, филиалдар ашсақ деген жоспарымыз бар, сондықтан да болашақта дүкенімізге лайық ғимаратты сатып алу да ойда бар...

F: Дүкен ашарда нарықты алдын ала зерттеген шығарсыз? Бәсекелестеріңіз кімдер? Сіздің бренд олардан несімен ерекшеленеді?

- Нарықты зерттемей кәсіп ашу – қармақсыз балық аулаумен бірдей. Шығын көп, пайда жоқ болуы мүмкін. Біздің елде ерлер киімінің бірлі-жарым брендтері бар. Ал біздің дүкенде киім ғана сатылмайды, бізде толыққанды стиль ұсынылады. Ерекшелігіміз де осында. Шетелде жүргенде байқағаным, іскер адамдарға дейін стилистің көмегіне жүгінеді. Ал бізде бұл телеэкран не шоу үшін қалыптасқан мәдениет деп есептеледі. Біздің дүкенге келген әр тұтынушыға біз арнайы уақыт бөліп, сәнді, сапалы, трендтегі түстерді үйлестіре отырып, ерекше образ ұсынамыз. Бәсекелестердің ақсайтын тұсы да осы.

F: Қазір қандай киім түрлерін тігесіздер? Оларға деген қазіргі сұраныс қандай? Сатып алушылар кімдер?

- Бізде классикалық костюмдерден бастап, кэжуал стиль, смокингтер, сахналық костюмдер де бар. Тұтынушы аудиториясының басым бөлігі өнердегі азаматтар, әртістер. Сәнді кингісі келетін мемлекеттік қызметкерлер мен күйеу жігіттер де жоқ емес. Тұтынушыларымыз құр шықпауы үшін ассортименттің жоғары болуына көп мән береміз.

F: Баға қаншалықты қолжетімді немесе қымбат? Қандай ортаға арналған? Жалпы, Сіздердегі баға қалай қалыптасады?

- Баға тауардың сапасы мен кеткен шығынына қарай қойылады. Біз премиум кластағы киімдерді ұсынамыз. Жоғарыда атап өткенімдей, италиялық дизайнерлермен жұмыс істейміз. Баға да соған сай. Тұтынушылар – түрлі санаттағы адамдар. Бізге қалталылар да, қарапайым қызметкерлер де келіп тұрады.

Флоренциядағы сән көрмесінде
Флоренциядағы сән көрмесінде

F: Италия демекші, жуырда Флоренцияда өткен сәнді киімдердің көрмесіне қатысып келдіңіз. Сіз онда Қазақстанның және өз бредіңіздің атынан ғана емес, модель ретінде де қатысыпсыз. Бұл қандай көрме?

- Италияның Флоренция қаласында жылына екі рет Халықаралық Pitti Uomo 103, яғни ерлерге арналған сәнді киімдердің көрмесі ұйымдастырылады. Онда әлемнің әр түкпірінен ерлерге арналған үздік брендтер көрмеден лайықты орын табады. Мұндай брендтердің кейбірінің ғасырлық тарихы бар. Бұл көрмеге әлемдік Fashion индустриясының ең атақты (әлеуметтік желіде танымал) ер модельдері шақырылады. Ерлер киімі дүкенінің незігін қалаушы әрі модель ретінде мен де сол көрмеге шақырту алдым. Жалпы, сән индустриясына қызыққан кәсіпкер бұл көрмеге қатысу керек деп есептеймін. Қалай дегенмен, Италия сәнді киімдердің отаны ғой.

F: Көрмеде испаниялық атақты модель Магно мен түріктің танымал моделі Шейхмуспен кездесіпсіз. Қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?

- Сапар барысында әлеуметтік желіде қазргі fashion әлеміндегі ең атақты модель, испаниялық Магноның авторлық жұмыстарымен танысып, іскерлік қарым-қатынас орнаттық. Сонымен қатар, Түркияның танымал FC plus ерлер киімі сән үйінің негізін қалаушы әрі бірегей модель Шейхмуспен бірге алдағы уақытқа бірқатар жоспар құрдық. Bekman style дүкенін ашқанға дейін мен Шейхмус пен Магноның парақшаларын жиі қарайтынмын. Соларға қарап, өз стилімді қалыптастырдым деуге болады. Мені осы салаға қызықтырған сән әлемінің жұлдыздарын Pitti Uomo көрмесінде жолықтырам деп ойламаған едім. Бұйыртса, осы жігіттермен бірлесе халықаралық деңгейдегі классикалық ерлер киімінің сән апталығын, яғни «fashion week» шарасын біздің елде де өткізсек деген ойымыз бар.

F: Бұдан бөлек басқа да кәсібіңіз бар шығар? Болашақтың жоспары қандай?

- Кәсіптің дәмін татқан адамдар бір іске қарап отыра алмайды. Өзге де кәсіптердің арасында, мысалға, Түркияда медициналық туризм бағытында 26 елдің келушілеріне қызмет көрсететін компанияның негізін қалаған Мұхтар Өнерханмен серіктеспіз. Түріктің озық медициналық клиникаларымен, жоғары санаттағы медициналық мамандармен, профессорлармен жүйелі жұмыс істеп келеміз.

Сондай-ақ, биыл IT стартап жобамызды іске қоспақпыз. «SoyleSay» – шет тілдердің мазмұнын қазақша түсіндіріп, үйренуге мүмкіндік беретін еліміздегі бірегей мобильді қосымша болмақ. Серіктестерім – трейдер-инвестор Думан Ерқанат пен кәсіпкер Дмитрий Цай. Үстіміздегі жылы Қазақстан нарығына кіргелі отырмыз. SoyleSay контенті еліміз үшін дипломатиялық және экономикалық маңызы бар он шақты тілмен кеңейтілмек. ТМД-ға шығу үшін де қажетті жұмыстар жүріп жатыр.

Болашақ жоспар – осы жұмыстарды жүйелі етіп жүзеге асыру, масштабты кеңейту. Азаматтарды жұмыспен қамти отырып, ел экономикасына үлес қосу. Ал келешектің жоспары мен нәтижесі туралы болашақта бөлісе жатармыз.

Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить