Электрлі самокаттар туралы заң: тиімсіз тыйым, әлде тиімді шешім?

21270

10 мамырда парламент мәжілісі электрлі самокаттардың қозғалысын реттейтін заң жобасын қабылдады. Ережеде ескерілген тыйымдар ішінде самокат мінген жүргізушіге өзімен бірге жүк не жолаушы тасымалдауға болмайды деп те көрсетілген

ФОТО: marat-mazitov/unsplash

Жаңа ережеге сәйкес, жаяу жүргінші жолымен қозғалатын электрлі самокаттың жылдамдығы сағатына 6 километрден аспауы тиіс. Ал автожолмен жүру үшін самокатшының жасы міндетті түрде 18 жастан асқан және ол кез келген санаттағы көлік жүргізуші куәлігіне ие болуы шарт. Дулыға киюге де міндетті.

Самокатшы сағатына 25 шақырымға дейін жылдамдықпен шектеусіз жүре алады. Жылдамдықты асырар болса, 3 немесе 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді (қазіргі таңда 1 АЕК – 3450 теңге).

Қазақстан көшелерінде осыдан бес жыл бұрын пайда болған электрлі самокаттар заман талабына қаншалықты сай? Уақыт үнемдейтін «ақылды құрылғы» саналатын бұл көлік түрі қаншалықты қауіпсіз? Жаяу жүргіншілер самокатпен қозғалатын отандастарын неге жақтыртпайды? Бүгінде қоғам ішінде туындаған осы тұрғыдағы бірқатар сауалдың шешімін мәжіліс қабылдаған заң толыққанды реттей ала ма?

Forbes.kz ұйымдастырған бүгінгі пікірталас осы тұрғыда өрбіді.

Жол айрығында самокатшы және жаяу жүргінші...

Отандық БАҚ-тарда жария етілген әртүрлі мәліметтерге жүгінсек, жылы күндері Алматының өзінде электрлі самокатпен күніне 130 мыңдай, Астанада 40 мыңдай сапар жасалады екен.

2022 жылғы деректерге сай, Алматыда электрлі самокатты жалға беретін бір ғана сервис бір жыл ішінде 6 млн 800 мың адам тасымалдаса, қалалық метро 7,9 млн жолаушы тасымалдаған.

ҚР ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, 2022 жылы автокөлік пен жаяу жүргіншілердің қатысуымен 8 мың жол-көлік апаты орын алып, оның салдарында 12 мың адам зардап шеккен. Ал биыл 1 қаңтардан бері электрлі самокаттың қатысуымен, шамамен, 40-қа жуық жол апаты орын алған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы 5 жылда жол апаты 20 есеге артқан.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, қала көшелерінде әрі-бері сырғыған электрлі самокаттар жаяу жүргінші үшін де, самокатшының өзі үшін де қауіпті деп есептейді.

Екатерина Смышляева, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты
Екатерина Смышляева, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты
Фотосуреттер спикерлердің жеке архивінен алынды

«Әсіресе, жоғары жылдамдықпен келе жатқан самокатшыға жол беріп үлгермейтін балалар, қарт адамдар, жүкті әйелдер үшін аса қауіпті. Электросамокаттардың дизайны өте тұрақсыз, сарапшылардың айтуынша, жоғары жылдамдықпен келе жатып, тегіссіз бедерлі жолда байқамай құлаған самокатшы, негізінен, басынан жарақат алады (ал велосипедшілер аяқ-қолдарын жарақаттайды)», - деп түсіндіреді өз ойын ол.

Мәжіліс депутаты, жаңадан қабылданып жатқан заң «электрлі самокаттар мәселесін толықтай шешуге қауқарлы» деген пікірде. Оның айтуынша, соңғы жылдары ел ішінде ықшам көлік атаулының небір түрі жүйткіп жүр, оның ішінде, электросамокаттар, гироскутерлер, моноколесалар және т.б. бар.

«Елімізде жалға берілетін электросамокаттар паркі қарқынды дамып келеді. Қазақстан нарығында қазірдің өзінде 4 кикшеринг компаниясы жұмыс істейді, оның екеуі халықаралық. Электрлі самокаттардың сатылымдағы орташа бағасы 200 мыңнан 1миллион теңгеге дейін.

Мегаполистердің тұрғындары «көлік сценарийі» аясында, яғни А нүктесінен В нүктесіне жету үшін электр скутерлерін белсенді пайдаланады. Бұл ретте көлік бірліктерінің өсуі қолданыстағы, бейімделмеген инфрақұрылыммен байланысты. Арнайы жолдар мен жолақтардың болмауы самокатшыларды жаяу жүргіншілер жолымен жүруге мәжбүр етеді. Самокат не скутермен соқтығысудан жаяу жүргіншілердің жарақаттану жағдайлары статистикалық есепке алынбайды. Алайда, бейресми деректер бойынша, мегаполистердегі ауруханаларға күн сайын кешкұрқымда осы сипаттағы 3–4 өтініш түседі, ал мұндай апатқа ұшыраған қаншама адам көмекке жүгінбейді немесе жарақаттың мән-жайын ашып айтпайды», - дейді Екатерина Смышляева.

Депутаттың айтуынша, көктем шыққалы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне хабарласып, электросамокаттардың қозғалысын реттеу туралы өтініш жасаған азаматтар қатары көбейген.

«Жалпы, бұл заң жобасы бізде екі жыл бұрын әзірленген, бірақ электросамокаттарға арналған техникалық регламент 2022 жылдың шілдесінде ғана қабылданды. Мәжіліс оны қабылдағаннан кейін тиісті өзгерістерді заң деңгейінде талқылады», - дейді ол.

Ұнамсыз шара мен тиімді шешім арасында...

Ал «За рулем Казахстан» журналының бас редакторы Алексей Алексеев мәжіліс қабылдаған заң жобасын «жедел түрде қайтарып алу керек» деген пікір айтады.

Алексей Алексеев, «За рулем Казахстан» журналының бас редакторы
Алексей Алексеев, «За рулем Казахстан» журналының бас редакторы

«Бұл заң әлі пісіп-жетілмеген, заңды кері қайтару керек. Бұл түрінде ол үлкен қалалардағы жаяу жүргіншінің қауіпсіздігі мәселесін шешпейді», - дейді сарапшы маман.

Оның айтуынша, мәжіліс қабылдаған заң тек электросамокаттарға ғана қатысты, ал мобильді қозғалыс құралдарының өзге түрлері онда есепке алынбаған, яғни скутерлер, моноколесалар, сигвейлер, электрлі велосипедтер және т.б.

«Заң бұзған электросамокатты қалай танып, анықтау керектігі де заңда анық белгіленіп көрсетілмеген. Қызмет көлігін мінген патруль тротуардағы электросамокаттың соңына түсіп, қудалай ма? Жаяу жүргіншіні соғып кеткен жағдайда электросамокат жүргізушісін қалай табуға болады? Ол самокатына мінеді де, жазасыз кете береді», - дейді сарапшы.

Ол бүгінде қала көшелерінде қаптап жүрген мопед, скутер, самокат атаулы заңда «қала ішіндегі көлік құралы» деп анық белгіленуі тиіс дегенді алға тартады: «Бұлай болмайынша, біз оларды қолданушыларға жол ережелерін өрескел бұзуға өзіміз құқық береміз».

Автосарапшының айтуынша, заң талаптарын орындауды бақылап, қадағалау нақты кімге жүктелетіні де мәжіліс қабылдаған заңда айқын көрсетілмеген. «Онсыз да жұмысбасты полицияның қарамағына жіберілетін шығар?» - деп сауалдайды ол.

«Біз қазір өзімізге ұнамсыз шаралар қабылдауға мәжбүрміз, бірақ біз бұл проблеманың алдын алуды қазір қолға алмасақ, ертеңгі күні көптеген қайғылы жағдайға жол беруіміз мүмкін. Өз басым, сағатына 20 шақырымнан асатын жылдамдықпен қозғала алатын барлық көлік мемлекеттік тіркеу нөмірін алып, ал олардың жүргізушілерінің А+ санатты жүргізуші куәлігі болуы керек деп есептеймін», - дейді Алексей Алексеев.

Оның айтуынша, жүргізуші куәлігін алу жол қозғалысы ережелерінің негіздерін білудің кепілі, ал нөмір белгілерін алу – тәртіп бұзушыларды анықтау мүмкіндігінің кепілі. «Жауапкершілікке тартылатынын білетін көптеген жүргізуші жолда сабырлық танытып, көшелерімізді қауіпсіз етеді», - дейді ол.

Айтпақшы, депутат Екатерина Смышляева, электрлі самокаттарға тіркеу нөмірлерін беру ұсынысы тиісті деңгейде талқыланып жатқанын айтады.

«Нөмір алу үшін электросамокаттар қауіпсіздік сертификаттарын алып, басқа да тексерулерден өтуі керек. Қазір олардың сипаттамалары бұған жол бермейді. Заң талаптары мен олардың мониторингіне келсек, барлық дерлік нормативтік құқықтық актілер дұрыс белгіленіп, көрсетіледі, бұл, әсіресе, жол-көлік оқиғалары кезінде маңызды. Бекітуге қатысты техникалық қосымшалар заң өз күшіне енген соң пайда болады.

Ағымдағы пакетте аяқталмаған бөліктер жоқ. Біз енді реттеудің келесі кезеңімен жұмыс істеп бастадық. Қазірдің өзінде біз қосымша құралдарды қамтитын осынау тәуелсіз заң жобасын көлік түрлерінің қозғалысын реттеудегі алғашқы қадам деп айта аламыз. Заңдағы өзгеріспен қатар, бірқатар заңға тәуелді актілерге де өзгерістер енгізу жоспарда бар», - деп қосады ол.

Депутаттың атйуынша, алдағы уақытта жол жүру ережелерінде электросамокаттар белгісі бар жол бөлігі пайда болмақ. Оны жергілікті атқарушы органдар олардың қозғалысын реттеу не тыйым салу үшін арнайы аймақтарды ұйымдастыруда пайдаланады.

«Электросамокаттардың қозғалыс ережелері барлық санаттағы жүргізушілер үшін оқу бағдарламасына енгізіледі», - дейді депутат.

Таразы басында бизнес және қауіпсіздік...

Өз кезегінде, кикшеринг компанияларының өкілдері мәжіліс депутаттары мақұлдаған жаңа заңның «түсініксіз тұстары көп» деп отыр, дегенмен, олар тротуарда жаяу жүргіншінің жолына басымдық берілуі керек деген ұйғарыммен келіседі.

Олар, сондай-ақ мопед пен самокаттың аражігі әу бастан айқындалған дейді: электросамокаттар – бұл максималды жылдамдығы 25 км/сағ болатын көлік. Ал мопедтер үшін тротуармен, велосипед жолымен жүруге тыйым салынған. «Мопед ауыр және оның орташа жылдамдығы сағатына 45–55 км».

Мусалав Алибеков,кикшеринг компаниясының директоры
Мусалав Алибеков, кикшеринг компаниясының директоры

«Бізді таңғалдырғаны сол – мұндай тәжірибе өзімізбен іргелес дейтін елдердің ешқайсысында жоқ, мысалға, Беларусь, Грузия, Ресейді алсақ та. Бұл елдерде депутаттар инфрақұрылым мәселесін шешуге көңіл бөлді. Егер көше бойында велосипед жолағы болмасы, онда самокатшыға көлік жолымен жүруге тура келеді, ал бұл қауіпті. Дегенмен, кей елдердің заңдарында электросамокаттар жолға тек соңғы кезекте ғана шығуы тиіс делінген.

Ал жылдамдықты сағатына 6 км деңгейінде шектеу – бұл қарапайым шешім емес, бұл – самокатты көлік ретінде пайдалануға жасырын тыйым салу. Тротуарда жаяу жүргінші сөзсіз басымдыққа ие болуы тиіс және самокатшы жаяу жүргіншіні көргенде жылдамдықты азайтуы керек. Бірақ адам жоқ жерде неге мұндай шектеу енгізеді, түсініксіз. Басқа елдерде олай емес. Негізінде, барлық дерлік елдерде электросамокаттар мен велосипедтер заң жүзінде бірдей реттеледі, өйткені олардың жылдамдығы мен салмағы бірдей», -  дейді JET компаниясының директоры Мусалав Алибеков.

Кәсіпкер, сондай-ақ, электросамокаттың дизайны «велосипедтен дөңгелектері кішірек болғанымен ерекшеленеді» деп отыр. Оның айтуынша, жол бойында әртүрлі жағдай болуы ықтимал, айталық, тротуарда абайсызда құлап қалса, самокатшы дене жарақатын алады, ал көлік жолына шықса ше? «Көліктің астына түсу қаупі жоқ емес».

«Біздің ескертулерімізге жауап ретінде депутаттар біз үшін одан да таң қалдырар шешім қабылдады: егер самокатшы жолға шықса, онда жүргізуші куәлігі (кез келген санаттағы) мен велосипед дулығасы болуы шарт. Бірақ, егер ол автобустың астына түссе ше? Бұл нәрселер оған қалай көмектеседі? Дулығаның негізгі функциясы – спорттық жарақаттар кезінде, мысалы, велосипедші құлап қалса басын қорғау болып табылады. Көлікпен соқтығысқан жағдайда дулыға адамды қорғай ала ма?

Самокат – жаңа көлік түрі, біз бұны түсінеміз және оны әркім икемдеп, үйрену үшін де уақыт қажет. Самокатпен жүрудегі қауіпсіздік шараларының басты шешімі – инфрақұрылымды жаңартып, түзету», - дейді Мусалав Алибеков.

Сөз соңында біз депутат Екатерина Смышляевадан «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының отандық кәсіпкерлікке, нарықтағы бағаға және инфрақұрылымға әсері туралы да сұрдық.

Оның пікірінше, аталған заң жобасының электросамокаттар құнына да, қоғамдық көлік ақысына да еш әсері жоқ.

«Автобустың жол ақысына бұл заң жобасының тікелей де, жанама да еш қатысы жоқ. Электросамокаттардың сату құнына да әсер етеді деп ойламаймын. Бизнеске келсек, бұл арада біз тек жалға беру қызметтерін айтып отырмыз. Соңғы жылдары Қазақстан нарығында ірі кикшерингтік компаниялар пайда болды. Автошерингке қарағанда бұл бизнес капиталды аз қажет етеді. Компаниялар көп емес, бірақ олардың ресурстары жақсы, ең бастысы, шоғырланған ұстанымы бар және ол кеңінен насихатталуда. Ақпараттық салада бұл бизнестің жұмысын бірден көруге болады. Мәселе сол – жаяу жүргіншінің мұндай шоғырланған ұстанымы жоқ. Яғни, таразының бір басында – бизнестің мүддесі, екіншісінде – адамдардың қауіпсіздігі, бұл тұрғыдағы заң жобаларымен жұмысқа тән ерекшелік те осында», - дейді мәжіліс депутаты.

Ол, сонымен қатар, қазіргі таңда елімізде станциясыз кикшеринг те қарқын алып келеді дегенді айтады.

«Бүгінде жалға алған самокатты қаланың кез келген жерінде (қызмет көрсету шекарасында) қалдыруға болады. Әрине, бұл – бизнесті дамытудағы бірқатар ұйымдастырушылық кедергілерді жояды, бірақ тротуар бойында не жолда, алаңда қалдырылған электросамокат жаяу жүргіншінің, автокөлік жүргізушінің өмірін қиындатады. Осыған да мән беру керек», - дейді депутат Екатерина Смышляева.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить