Агросекторға бағытталған инвестиция ауқымы өсіп келеді

52752

Сарапшылардың мәліметінше, инвестицияның басым бөлігі маусымдық дақылдарды өсіруге арналған

ФОТО: © Depositphotos/LyazaTretyakova

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында ауыл, орман және балық шаруашылықтары саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция ауқымы 29,4 млрд теңгеге жеткен. Мұндай мәліметті аталған салаға қатысты кезекті зерттеуінде Finprom.kz жария етті.

Сарапшылардың түсіндіруінше, құндық мәнде бұл 2022 жылдың қаңтарындағы жағдаймен салыстырғанда 36,3%-ға артық, яғни үштен бір есе көп ауқым (былтырғымен салыстырғанда нақты өсім 33,7%).

Айтқандай, 2022 жылдың он екі айын қоса алғанда, былтыр еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған инвестиция ауқымы 853,5 млрд теңгені құраған, 2021 жылдың он екі айымен салыстырғанда, бұл ақшалай түрде 10,4%-ға көп деген сөз (бір жылдағы нақты өсім 6,7%).

Инвестиция ауқымын өңірлер бойынша талдап көрсеткен сарапшы қауымның дерегінше, биыл қаңтарда ауыл, орман және балық шаруашылықтарына бағытталған инвестициялардың бір жартысын құрайтын ауқым Солтүстік Қазақстан (9,8 млрд теңге) және Ақмола облыстарына (5,1 млрд теңге) тура келген.

Елеулі ауқым, сондай-ақ Қостанай (3,8 млрд теңге), Павлодар (3,1 млрд теңге) және Алматы облыстарының (2,8 млрд теңге) еншісінде.

Finprom.kz сарапшыларының айтуынша, агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған инвестиция ауқымы түгел дерлік өсімдік және мал шаруашылықтары мен аңшылық, және осы салалардағы қызмет көрсету ұсыныстары арасында үлестіріліп, бөлінген.

Тарата айтар болсақ, мысалға, маусымдық дақылдарды өсіруге бөлінген ақшалай ауқым биылғы қаңтарда 18 млрд теңгені құраған (бұл былтырғы қаңтармен салыстырғанда 32% артық ауқым). Әрі қарай – мал шаруашылығына 8,9 млрд теңге инвестиция бұйырған (былтырғымен салыстырғанда өсім 36,6%).

Инвестиция ауқымының елеулі бөлігі, сондай-ақ, ауыл шарушылығының аралас секторларына да сай келген: 2,3 млрд теңге шамасында.

Айтпақшы, сарапшы қауым алға тартқан деректерге сүйенсек, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс істейтін бір қызметкердің бір айдағы номиналды орташа жалақысы бүкіл республика бойынша ең төменгі жалақының бірі саналады.

Мысал үшін: 2022 жылдың желтоқсан агроөнеркәсіп саласындағы орташа жалақы, шамамен, 189,1 мың теңгені құраған. Ал республика бойынша тіркелген орташа жалақы сол тұста 308 мың теңгеге жеткен.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить