Утилизация саласын кімге тапсырамыз?

38351

Ел ішіндегі экологиялық мәселелерді шешіп, отандық автопаркты жаңартуға үлес қосады деген утилизация алымы өз міндетін орындай алған жоқ, керісінше импорттан келетін ауыл шаруашылық техникасы мен құрал-саймандарды одан әрі қымбаттатып жіберді

ФОТО: © Depositphotos/Dechik

Сала ішіндегі сарапшылардың басым көпшілігі дәл осындай пікірге тоқталып отыр.

Мамандар келтірген деректерге сүйенсек, бүгінде жеңіл автокөлікке қатысты утильдеу алымының төменгі көрсеткіші 459 450 теңгеден, 3,5 млн теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Ал жүк транспорты мен ауыл шаруашылық техникасы үшін – 14 млн теңгеге дейін жетеді.

Арман Байганов
Арман Байганов

«Тіпті, дамыған елдердің өзінде мұндай алым көрсеткіші әрі кетсе 100 АҚШ доллары шамасында, - дейді экономист Арман Байганов. – Ал, мысалы, Ресей, Беларусь, Украинада бұдан да төмен. ТМД аумағында алсақ, утильдеу алымы бойынша Қазақстан «көш басында» және де бізде бұл тұрғыдағы ең төменгі мөлшерлеме электрлі қозғалтқышпен жүретін көліктерге қолданылады (гибридті көліктерді есепке алмағанда). Ең жоғарғы мөлшерлеме – ауыл шаруашылығындағы ірі техникаға есептеледі. Олай болса, ауыл шаруашылығы өнімдері бағасының қымбаттауы мен ел ішіндегі әлеуметтік шиеленістің салдарын да осы арадан іздеуге болады».

Сарапшының айтуынша, 2016 жылы, яғни утильдеу алымы енгізілгенге дейін елімізде 10 жылдан астам қолданыста болған көліктердің үлесі 58,8%-ды құраса, 5 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 66%-ға жеткен. «Утильдеу алымының жоғары болуы салдарында отандық автопарк жаңармақ тұрсын, одан әрі ескіріп кетті, - дейді Арман Байганов. – Жұрт жаңа көлік сатып алуға құлықты емес, өйткені қымбат. Өз кезегінде бұл экологиялық жағдай мен көлік апаты оқиғаларына да әсер етуде. Қазір елімізде 20 жылдан астам қолданыста жүрген көліктердің үлесі артып келеді».

Диаз Абылкасов
Диаз Абылкасов

Автоблогер Диаз Абылкасов, утильдеу алымын 2017 жылы жаңа көлік сатып алғанда төлегенін айтады: «алым көлік құнында ескерілген-тін». Оның пікірінше, көлік бағасының қымбаттауы мен утильдеу алымы арасында тікелей байланыс бар деген артықтау, өйткені утильдеу алымы АЕК көрсеткішіне байлаулы-тын. «Қазақстанда көлік бағасы қашаннан қымбат – жаңасы да, ескісі де. Соңғы уақытта қосалқы бөлшектердің бағасы мен логистикалық қызметтер қымбаттап, жаңа көліктің бағасы өсіп кетті. Ал екінші деңгейдегі нарық бағасына жаңа көлік тапшылығы ықпал етуде», - дейді ол.

Әйтсе де, сарапшы, утильдеу алымы көлік бағасына ықпал етпей қоймайды дегенмен келіседі, әсіресе, ескі көліктерге қатысты. «Жаңа көлік құнында утильдеу алымының үлесі 10% шамасында ғана. Ал ескі көліктер үшін бұл алым өзіндік бір тосқауыл түріндегі баж салығы болатын. Қазір Қазақстанға ескі көлік импорттау тиімді емес», - деп түсіндіреді өз пікірін Диаз Абылкасов. Автоблогер, көлік құралдары мен қосалқы материалдарды қайтадан кәдеге жаратуды шынымен де дұрыстап қолға алар болсақ, утильдеу алымы ұтымды шара, бірақ оны мемлекеттік құрылым жүзеге асыруы тиіс деп есептейді. «Әлбетте, мемлекеттік оператордың жұмысы ашық та айқын болуы тиіс, ал утильдеу алымының мөлшерлемесі отандық нарық ішіндегі нақты жағдайға сай белгіленуі тиіс. Яғни, ішкі нарыққа қолданыс мерзімі бес жылға жете қоймаған көліктерді жеткізуге мүмкіндік беретін деңгейде», - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, утильдеу алымы қазір көлік қозғалтқышының ауқымына қатысты белгіленеді және де бұл тұрғыда өзіндік коэффиценттер бар. «Меніңше, қозғалтқыш ауқымы 2.5 не 3.2 литрді құрайтын көліктерді утильдеу құнында айтарлықтай алшақтық болмауы тиіс, бірақ бізде біріншісіне қатысты 10 деген коэффициент қолданылса, екіншісі бойынша – 23 деп есептеледі. Утильдеу алымы байлыққа салынатын салық емес қой. Әлде қозғалтқыш ауқымы 3.5 литрді құрайтын көлік сән-салтанат көрсеткіші деген сөз бе?!» - деп сауалдайды ол.

Ал экономист Арман Байгановтың айтуынша, Қазақстандағы утильдеу алымы, орташа есеппен алғанда, 100 доллардан жоғары болмауы тиіс. «Утильдеу алымын бізде кем дегенде 10-20 есе төмендету қажет. Ал жеке тұлғалар үшін бірыңғай мөлшерлеме белгілеген дұрыс (көлік қозғалтқышының ауқымына қарамай-ақ). Ауыл шарушалығы техникасы үшін утильдеу алымын мүлдем алып тастау керек», - дейді ол.

Утилизация алымына қатысты қоғам түйткіліндегі кезекті сұрақ: жиналған қаражат қайда жұмсалады деген тұрғыда. Автоблогер Диаз Абылкасовтың айтуынша, бұл арада қалдықтарды қайта өңдеу және утилизациялау саласын дамытуды назарға ала отырып, отандық автопаркты жаңарту мәселесін де естен шығармау керек. «Біздегі көлік паркі ашығын айтқанда ескі, қауіпті және экология талаптарына сай емес. Олай болса, утильдеу алымынан түскен қаражаттың бір бөлігі қатардағы қарапайым азаматтарға нақты бір субсидия ретінде бағытталуы тиіс: қазақстандықтар үшін жаңа көліктер қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында. Бұған дейін беріліп келген сертификаттардың еш мағынасы болған жоқ, олардың тіпті утильдеу алымына да тікелей қатысы жоқ-тын», - дейді ол.

«Утильдеу алымы отандық автопаркті жаңартуға дем беріп, агрокешенді дамытуға ықпал етуі керек. Бұл ел ішіндегі наразылық көңіл-күйді бәсеңсітуге мүмкіндік береді, - дейді өз кезегінде экономист Арман Байганов. – Ел экономикасындағы келеңсіздіктерге, әсіресе, азық-түлік бағасының өсуіне соңғы бес жылда утилизация алымы да әсер етпей қойған жоқ. Кешегі күні алаңға шыққан жұрт, ең алдымен, азық-түлік бағасын төмендетуді талап етті емес пе? Ал бізде ауыл шаруашылық техникасына қатысты утильдеу алымы 14 млн теңге, әрине, бұл бірден агроөнім бағасына ықпал етеді».

Экономистің айтуынша, ауыл шаруашылық техникасына қатысты мемлекеттік субсидия да бұл мәселені дұрыс шеше алған жоқ. «Қазақстанда автокөлік өнеркәсібі дамымай, ақсап тұр. Фермерлер өздеріне қажет техниканы сырттан сатып алуда. Айталық, ол 30 млн теңгеге трактор сатып алса, оған бұл соманың 25%-ы деңгейінде, яғни 7,5 млн теңге түрінде субсидия беріледі де, 12 млн теңге утильдеу алымы ретінде қайта талап етіледі. Сәйкесінше мемлекеттік субсидияның еш мәні қалмайды», - дейді Арман Байганов.

Сарапшының пікірінше, мемлекет алдындағы басымды бағыттың бірі – азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі. «Бүгінде ел халқының басым бөлігі тапқан табысын күн көріске, яғни азық сатып алуға жұмсауда. Азық-түлікті кредитке алып отырғандар да бар. Әрине, бұл арада кешенді мәселе көп, утильдеу алымын төмендету соларды шешудің бір тармағы ғана. Бірақ бұл шара, айталық, ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға ықпал етуі әбден мүмкін», - дейді ол.

Лаура Маликова
Лаура Маликова

Ал эколог Лаура Маликованың айтуынша, әлемдік тәжірибеге жүгінсек, отандық өнім өндірушілерді утильдеу алымы есебінен ынталандыру дегендей ұстаным, мысалы, OECD (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінде атымен жоқ. «Бұл, былайша айтқанда, қазақстандық ноу-хау болса керек. Отандық автоөнеркәсіп кешенін утильдеу алымы есебінен өркендету деген бос сөз. Утильдеу алымының міндеті – қалдықтарды жинап, өңдеп, кәдеге жарату», - дейді ол.

Сарапшы, сондай-ақ утильдеу алымын жүзеге асырып, одан жиналатын қаражатты реттеп, басқаратын жаңа оператордың басшысы қалдықтарды жинау және қайта өңдеу нарығын жақсы білетін, экология саласына маманданған, қоғаммен байланыс орнату тәжірибесі бар білікті маман болуы тиіс деп есептейді. «ӨКМ операторы» серіктестігі ашықтық, айқындылық талаптарын есепке алмағаны туралы қоғам тарапынан бұған дейін де айтылып келді. Енді жаңа оператордың жұмысын жаңартып, құруда бюрократияға жол бермеуден бастап, эколог мамандарды жұмысқа тарту сынды мәселелерді де ескеру керек. Сол сияқты, картон, пластик, шыны сынды қаптама қалдықтарын жинауға негізделген «Экоқолдау» сынды жобалар мен ұсыныстарды да жалғастыра беруді ескеру қажет», - дейді Лаура Маликова.

Ал экономист Арман Байганов, утильдеу алымына бұған дейін иелік еткен жеке компанияның жабық та көмескі әрекетінің салдарында, қазір қоғам іші бұл саланы мемлекет басқаруына бергенді жөн көруде дейді. «Дегенмен, мемлекеттік басқару нәтижесі міндетті түрде тиімді болады деген сөз емес, бұған біздің бүгінгі тірлігіміз куә. Меніңше, бұл саланы бәсекелестік ортаның құзырына берген дұрыс. Бірақ, егер утильдеу алымы тым төмен болса, жеке сектор айтарлықтай қызыға қоймайды, сөйтіп, түптің түбінде бұл саланы басқару функциясын мемлекет өз қолына алуға мәжбүр болуы мүмкін», - деп отыр сарапшы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить