Жол сапасы көрсеткішінде Қазақстан әлем бойынша 93-ші орында

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкіметтің кезекті отырысында еліміздегі автожол саласын дамыту мәселелері қаралды

ФОТО: © Depositphotos/Adam88xxx

Отырыста ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндама жасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне сәйкес, еліміздің автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 25 мың км қашықтықты, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 71 мың км қашықтықты құрайды.

Нормативтік талаптарға сәйкес, 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 100%-ға, жергілікті жолдардың үлесін 95%-ға дейін жеткізу көзделген.

«Көлік-транзит әлеуетін арттыру міндетін іске асыру – автокөлік транзитінің сегіз бағытын модернизациялау негізінде қамтамасыз етілуде. Қазір автокөлік дәліздері түгелдей толық қуатпен жұмыс істейді. Жекелеген учаскелерде өткізу қабілетін арттыру бойынша реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде», - деді бұл тұрғыда Қайырбек Өскенбаев.

Баяндамашыларды тыңдаған үкімет басшысы еліміздің жол-көлік қатынасын дамыту үшін соңғы жылдары ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы іске асырылды. Екі мың шақырымнан астам жол ақылы жүйеге көшіріліп, жол инфрақұрылымы өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деңгейге жетті. Ал бұл халықаралық озық тәжірибенің бірі.

Әйтсе де премьер-министрдің айтуынша, ақылы жүйеге ауысып жатқан жолдардың жағдайына қатысты халық тарапынан әртүрлі шағым айтылуда. Осыған орай «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына жолдарды күтіп ұстау сапасы мен қауіпсіздігі бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес биыл республикалық маңызы бар жолдардың 91%-ын және жергілікті жолдардың 85%-ын нормативтік жағдайға келтіру жоспарланған. Бұл мақсатта жалпы ұзындығы 4,3 мың км автожолды қайта жаңартып, жаңа жолдар салу бойынша ірі жобалар іске асырылмақ. Сол сияқты, жол бойындағы 1 110 қызмет көрсету нысанын тиісті стандарттарға сәйкестендіру жоспары тағы бар.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, проблемалық мәселелер әлі де туындап жатқанын ескерткен үкімет басшысы, олардың ең негізгісі – жолдардың, әсіресе, жергілікті деңгейдегі жолдардың нашарлығы деп баса айтты. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес, жол сапасы жағынан Қазақстан әлем бойынша 93-ші орында.

«Мемлекет басшысы жолдардың нашар жағдайы туралы бірнеше рет айтты. Әрбір әкім өңірдегі жолдардың жай-күйіне тікелей жауапты екенін атап өткім келеді», - деді Әлихан Смайылов.

Жолдардың сапасына, сондай-ақ оларды жөндеу және салу мерзіміне қатысты білікті кадрлардың тапшылығы, жаңа құрылыс материалдары мен заманауи технологиялардың аз қолданылуы да әсер етеді. Жауапты ведомствоға осы мәселелерді пысықтау тапсырылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен бірлесіп, жоспарланған жобаларды уақытында пайдалануға беруді және бөлінген қаражатты толық деңгейде игеруді қамтамасыз етуі қажет.

Құрылыс жұмыстарын үзіліссіз жүргізу үшін энергетика министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына құрылыс компанияларын қажетті мөлшерде битуммен және инертті материалдарды жеткізу үшін теміржол вагондарымен қамтамасыз ету тапсырылды.

Әкімдіктер «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен бірлесіп, қызмет көрсету нысандарын салу үшін автомобиль жолдары бойында жер бере отырып, осы бағытты дамыту жұмыстарын жандандыруы тиіс.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
22844 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить