Қазақстанда ескі көліктерді қабылдау бағдарламасы қарқын алды

9225

Экологиялық жобаның экономика үшін тиімділігі қандай

Қанша көлік құралы қабылданды, қалдықтар қайда жөнелтіледі, мобильді бағдарламаның нәтижесі қандай, жүргізушілерге төленген қаражат көлемі қанша? Forbes.kz Қазқстандағы утилизиация көрсеткішіне қатысты «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» ЖШС өкілі Жомарт Рахымжаннан сұхбат алды.

F: Ескі көліктерді утилизациялау қай кезден бастау алды? Оны жүзеге асырушылар кімдер?

Жомарт Рахымжан
Жомарт Рахымжан

- Елімізде тозығы жеткен көліктерді жою Қазақстан Республикасының энергетика министрлігінің бастамасымен қолға алынғаны белгілі. Ал оларды қабылдау шараларын «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» (ӨКМ) қолға алған болатын. Жоба 2016 жылдың 21 қарашасында басталды және қазірде жалғасын тауып келеді.

F: Қазіргі көрсеткіш қандай? Қанша көлік қабылданды?

- Өздеріңіз білесіздер, бұл бағдарлама халық арасында үлкен сұранысқа ие болды. Сондықтан, бізге хабарласқандар және көлігін өткізгендер саны уақыт өткен сайын артты. Бүгінгі күнге дейін, яғни 2018 жылдың мамырына дейінгі деректерге сүйенетін болсақ, жалпы 66 377 автокөлік қабылданған және өңдеуге жөнелтілген.

F: Көліктер қайда қабылданды? Қайда жіберілуде?

- Ескі көліктер Қазақстанның 17 аймағында қабылданды және әлі де қабылдануда. Ал жиналған көліктер Қарағандыда салынған зауытқа жіберілді. Былтыр өздеріңіз білесіздер, аталған кәсіпорын үздік инновациялық жоба бойынша Президент қолынан «Алтын сапа» сыйлыған алды. Яғни, көліктер осы зауытта қайта өңдеуден өтеді, олардың майы, шиналары, металдары бөлшектеледі. Ол жерде кешенді түрде өңделеді, түсті металдары, пластигі, қозғалтқыштары бөлек алынады. Ал зауыттың қуатына келетін болсақ жылына 50 000 автокөлікті залалсыздауға мүмкіндігі бар. Ал өнделген қалдықтар осыдан кейін қайтадан шикізат нарығына жөнелтіледі. Қарағандыда,Теміртауда өндіріс орындары көп, мыс балқыту, металл өндірісімен айналысатын кәсіпорындар, көлік қалдықтары шикізат ретінде сонда қолданылады.

F: Жүргізушілер үшін бұл бағдарлама несімен тиімді? Ескі көліктер қалай бағаланады?

- Бізде екі бағдарлама жұмыс істейді. Бірі «Сертификат» бағдарламасы және ақшалай. Мысалы, көлік иелері үшін таңдау бар. Егер бірінші бағдарламамен өткізетін болса, 315 мың теңгенің сертификаты беріледі, бұл арқылы жаңа авткөлік сатып алар кезде көліктің белгіленген құнынан осыншама қаржы шегеріліп қалады. Дәл осы бағдарлама бойынша 13 868 автокөлік қабылданды. Бүгінгі күні сол серификатты 12 мыңнан астам адам пайдаланды, осылайша Қазақстанда құрастырылған 6680 автокөлік сатып алынды. Бұл енді қазақстандық автоөндірушілерді қолдауға арналған бағдарлама деуге болады, себебі олар үшін бұл жоба өте пайдалы болды. Ал екінші бағдарлама бойынша тозығы жеткен әрбір көлікке 150 мың теңге бөлінеді. Бұл бағдарлама бойынша көлік иелеріне жалпы көлемі 7 млрд 876 млн теңге берілді.

F: Ал ауыр техникаларға қалай белгіленеді?

- Айта кету керек, 2017 жылдан бастап «Сертификат» бағдарламасы бойынша жолаушылар және жүк көліктері қабылдануда. Жеңіл көліктерге 315 мың теңге, 5 тоннаға дейін 450 мың теңге, одан ауыр техникаларға 650 мың теңгеге дейін беріледі. Яғни, санатына байланысты 315-650 мың теңге аралығында.

F: Енді қаржат мәселесіне келсек. Қаржы кімнің есебінен төленеді?

- «ӨКМ» операторы Үкімет қаулысымен құрылғаны белгілі. Бұл туралы экологиялық кодексте нақты көрсетілген. Құжатқа сай өңдеуді қажет ететін тауарларға кеңейтілген міндеттемелер енгізіліп отыр. Мәселен, Қазақстанға сырттан 100 мың тонна шина жеткізілетін болса, олардың утилизациясы үшін белгілі мөлшерде төлем алынады, ал оператор оны өңдеуші компанияларға, яғни шина өңдеушілерге бөліп береді. Бұл негізінен экологиялық жоба, импорттан алынатын төлемдер қоршаған ортаны жақсарту үшін, қалдықтарды өндейтін кәсіпорындарды қолдау үшін жұмсалады.

F: Негізінен қандай көліктер қабылдануда? Маркалары қандай?

- Иә, көлік түрі көп. Бірақ, негізінен басым бөлігі кеңес кезінде шығарылған ескі көліктер болып табылады. Оның ішінде 20,30,40 жыл жүрген көліктер бар. Олардың басым бөлігі «Жигули», «Москвич», «Волга» сынды машиналар. Ең ескі автокөлік Семейде өткізілген, бұл 1946 жылы шығарылған «Москвич» болатын. Шетелдік көліктер саны да артып келеді. Тіпті Porsche, Land Cruiser өткізгендер де бар. Ең ескісі 1946 жылғы болса, жаңасы 2014 жылғы болды. Олардың орташа жасы 25-30 жыл.

F: Мобильді бағдарламаны іске қосқандарыңызды білеміз. Оның нәтижесі қандай?

- Иә, бұл бағдарлама жүзеге асып келеді. Себебі, ескі көліктерді қабылдау орындары тек облыс орталықтарында ғана орналасқан ғой. Ал мобильді бағдарлама аудандарға, алы жатқан ауылдарға арналған. Яғни, біз өзіміз шығып, аймақтардан жинадық. Өткен жылы Ақмола, Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстарында жұмыс істедік. Щучинск, Екібастұз, Жаркент, Шелек ауданы және тағы басқа жерлерде болдық. Бұл бағдарлама да өте нәтижелі болды. Аймақтардан 300-ден астам көлік жиналды. Бағдарлама шалғайда тұратын адамдар үшін өте ыңғайлы. Өйткені, олар ескі көліктерін қала орталығына апарып жүрмейді, біз өзіміз барып алып кетеміз.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить