Тейлор Свифт, Лубутен, Байрактар: Forbes тізіміндегі жаңа миллиардерлер

Өткен жыл миллиардерлер үшін жайлы да ыңғайлы жыл болды: олардың капиталы тіпті соғысқа да, саяси тұрақсыздық пен инфляция қарқынына да қарамастан шарықтап өсіп жатты

Фото: © depositphotos.com/ChinaImages

Әлемде қазір 2781 миллиардер бар, бұл тарихтағы ең жоғары көрсеткіш: бұған дейін, яғни 2021 жылы орнаған рекордпен салыстырғанда 26 адамға, 2023 жылға шаққанда – 141 адамға көп. Миллиардерлер тіпті бұрынғыдан да зор байып, табысқа кенелуде – олардың жиынтық байлығы 14,2 трлн АҚШ долларымен есептеледі, бұл 2023 жылғыдан 2 трлн АҚШ доллары, ал рекордтық 2021 жылғыдан 1,1 трлн АҚШ доллары жоғары көрсеткіш. Өткен жылмен салыстырғанда тізімдегілердің үштен екісі өз капиталын ұлғайта алған, ал төрттен бірі ептеп «кедейлене» түскен.

Статистикалық тұрғыда өсім көрсеткішінің ауқымды бөлігі – жалпы рекордтағы үлесі 700 млрд АҚШ долларын құрайтын алғашқы жиырма миллиардердің еншісінде, ал географиялық жағынан – басты тұғыр АҚШ-тың еншісінде, мұнда қазір жиынтық капиталының көлемі 5,7 трлн АҚШ долларын құрайтын 813 миллиардер тұрып жатыр. Екінші орында бұрынғысынша Қытай: мұнда байлық көлемі жалпылай алғанда 1,7 трлн АҚШ долларын құрайтын 473 миллиардер бар (Гонконгты қосқанда). Және бұл Қытайда тұтынушылар шығыны қысқарып, жылжымайтын мүлік нарығы әлсіреп қалғанына қарамастан көрсетілген нәтиже, ал сол кезде қытай миллиардерлерінің саны 89 адамға қысқарып, жалпылай алғанда олар 200 млрд АҚШ долларынан қағылған болатын. Үшінші орын Үндістан мен онда қоныстанған 200 миллиардердің қанжығасында (бұл ел үшін рекордтық көрсеткіш).

Жаңа капитал көптеген елдерде қалыптасып, түзілуде: Кипр мен Люксембургтен, Малайзия мен Тайванға дейін. Капитал көздері де саналуан: темекі қағазы, әскери дрондар, удон кеспесі, т.б. Рейтингтегі жаңа тұлғалардың арасында Сэм Альтман (OpenAI), Италияның бұрынғы премьер-министрі марқұм Сильвио Берлусконидің бес мұрагері, телепродюсер Дик Вульф та бар. Ал ең танымал тұлға – миллиардер мәртебесіне өзінің әндері мен турнесі арқылы шыққан поп-жұлдыз Тейлор Свифт. Сол сияқты, алдыңғы жылдары рейтингтен түсіп қалған 91 адам қайта оралса, 189-ы керісінше шығып кетті, ал 32-і қайтыс болды. Әрі қарай біз он таңбалы байлық иелерінің арасындағы ең танымал тұлғалар туралы сөз қозғаймыз.

Ойын-сауық

Поп-жұлдыздар, спортшылар, атақты адамдар – бүгін олар бұрынғыдан да көп табыс табуда. Басқалары қаржылай табысқа продюсер, спорт командасының иесі, тіпті кинотеатр желісін басқарушы ретінде де қол жеткізуде. Жалпылай алғанда қазір дүние жүзінде медиа саласы мен ойын-сауық индустриясындағы жиынтық капиталы 367 млрд АҚШ долларын құрайтын 104 миллиардер бар.

Мэджик Джонсон
Фото: © SHAYAN ASGHARNIA/AUGUST

Мэджик Джонсон
$1,2 млрд • Баскетбол, инвестициялар • АҚШ

Аты аңызға айналған 64 жастағы Джонсон NBA-дің өзге де жұлдыздары Майкл Джордан, Леброн Джеймс, Тайгер Вудс секілді ауқымды жалақы алып, табысты жарнама келісімдеріне ие болған жоқ, бірақ ол өзінің ақыл-парасатының арқасында, он таңбалы сомадағы байлыққа қол жеткізе алды. Мысалға, өзге де кәсіпкерлермен серіктестік келісім орнату негізінде, олардың арасында кем дегенде төрт миллиардер болды, солардың бірі Тодд Боэли мен Starbucks-тың негізін қалаған Говард Шульц. Джонсон қолға алған қызмет аясы өте кең: кинотеатрлардан медицинаға дейін. Бүгін оның Los Angeles Dodgers бейсбол командасы мен Washington Commanders-те (ҰФЛ) ептеген үлесі бар және ол Айова штатында орналасқан EquiTrust өмірді сақтандыру компаниясының бақылау пакетіне ие.

Маной Панджаби
$1,9 млрд • Кино • Индонезия

Қытайлық Tencent Holdings корпорациясының қолдауымен және Джакарта қор биржасында листингтен өткен Панджабиге тиесілі MD Pictures компаниясы қарқындап дамып келеді: кино десе тұра жүгіретін индонезиялықтар осы компания түсіріп, шығарған Curse of the Dancing Village («Би алқабының қарғысы») және A Thousand Days («Мың күн») хоррор фильмдерін тамашалауға кинотеатрларға үзбей барады.

Лю Вэй
$1,8 млрд • Мобильді ойындар • Қытай

Лю Вэй 2012 жылы Шанхайда Цай Хаоюй және Юйхао Ломен бірге (биыл бұл екеуі де миллиардерлер лигасында) видеоойын әзірлеу компаниясының негізін құрды, үш дос оның атауын miHoY деп белгіледі. Лю былтыр Цайдың (ол аниме стиліндегі Genshin Impact және Honkai: Star Rail рөлдік ойындарымен танымал) орнына компания басшысы болып тағайындалды. Бүгін бұл компанияда Монреаль, Лос-Анджелес, Токио, Сеул, Шанхай хабтарында жұмыс істейтін 5000 қызметкер бар.

Кларк Хант – отбасымен
$1,4 млрд • Kansas City Chiefs • АҚШ

Іргесін 1959 жылы әкесі Ламар (2006 жылы қайтыс болды) қалаған Chiefs директорлар кеңесінің төрағасы және бас директоры 20 жылдан бері ұлттық футбол лигасындағы команданы басқарумен айналысады. Ол Chiefs бас директоры қызметіне кіріскен 2010 жылдан бері команда 10 рет плей-оффқа шығып, соңғы төрт жылда Супербоул жеңімпазы атанды. Осы кезеңде команданың бағалық құны 350 %-ға қарқындап өсті.

Дик Вульф
$1,2 млрд • ТВ-шоу • АҚШ

«Заң және тәртіп», «Чикаго полициясы», «FBI» сериалдарын жасап шығарған, 2000-нан астам телешоудың продюсері болған: бұл жобалар әлі күнге дейін прайм-таймда үстемдік етеді және миллиардер бола алған.

Дьердь Гаттян
$1,1 млрд • Ересектерге арналған ойын-сауық • Венгрия

18+ деген шектеуі бар LiveJasmine веб-сайтының контенті бизнесменді миллиардер етті, бірақ ол тек мұнымен шектелмейді: Гаттян футбол мен үстел теннисін біріктіретін, қазір серпіндеп дамып жатқан спорттың өзіндік жаңа түрі Халықаралық текбол федерациясының негізін қалаушылардың бірі.

Бенни Сухерман
$1,1 млрд • Кинотеатрлар • Индонезия

Зал саны мен кассалық жиналым бойынша Индонезиядағы ең ірі кинотеатрлар желісі Cinema XXI негізін қалаушылардың бірі. Былтыр тамызда Nusantara Sejahtera Raya басқару компаниясы биржаға шыққанда Сухерман бірінші рет рейтинг құрамына енді.

Тейлор Свифт
$1,1 млрд • Музыка • АҚШ

2023 жылдың жазы Тейлор Свифт үшін айы оңынан туған жыл болды: бүкіл әлем әңгіме еткен Eras Tour турнесі оған 190 млн доллар әкелді (салық төлегенге дейінгі ауқым). Турне әлі аяқталған жоқ: жер шарын аралауды мақсат еткен бұл шоу биыл желтоқсанда Ванкуверде (Канада) өз мәресіне жетеді. Турне мен құны 500 млн АҚШ долларын құрайтын әндер катлогы 34 жастағы әншіге – музыкалық индустрия өкілдері арасынан шыққан бірінші миллиардер мәртебесін алуға мүмкіндік берді. Тейлор Свифт өз байлығын тек сахнаға шығып, ән айтумен тапқан миллиардер.

Қаржы-қаражат

Қаржы мен инвестиция негізінде байып кеткен әлемдік миллиардер рейтингінде осымен он жыл қатарынан он таңбалы сомамен өлшеніп жүрген байлық иелері көп: бұл жолғы тізімдегі 427 адамның 37-і жаңа тұлғалар (жиынтық капиталы 2,2 трлн АҚШ долларына жуық).

Андреа Пигнатаро
Фото: © HOLLIE ADAMS/BLOOMBERG

Андреа Пигнатаро
$27,5 млрд • Программалық қамтамасыз ету • Италия

Salomon Brothers Лондон кеңсесінің бұрынғы трейдері Пигнатаро 1998 жылы қаржы мәліметтерін талдау және технологиялық шешімдерді әзірлеу бойынша өз компаниясын құрып, оны ION Group деп атады. Жобаны дамыту үшін бизнесмен Dealogic қаржы платформасы мен трейдинг әзірлеуші Fidessa программасын сатып алды. Қазір компанияның таза активтері 27 млрд долларды құрайды, ол Bloomberg және FactSet-пен бір қатарда тұр. Биылғы рейтингтегі ең бай жаңа тұлға Пигнаторо – аумағы 5 шаршы метрден асатын Canouan Estate мүлігіне иелік етеді, ал ол Кариб теңізіндегі Сент-Винсента аралында орналасқан.

Солина Чау
$3,1 млрд • Инвестициялар • Гонконг

Өзінің бұрынғы серіктесі – Гонконг миллиардері Ли Ка-шингтің көмегімен Чау 2002 жылы Horizons Ventures венчурлық компаниясын ашты. Facebook, Spotify және Zoom-ның ең алғашқы инвесторының бірі де осы Солина Чау. Сәтті салымдарының бірі Celsius Holdings энергетикалық сусынын өндіруге құйған инвестициясы, оған тиесілі үлес қазір 2 млрд долларға бағаланады.

Дуг Островер
$2,8 млрд • Тікелей инвестициялар • АҚШ

Blackstone кредиттік бизнесін құруға күш салған Островер және KKR инвестициялық фирмасының ардагері Марк Липшульц (ол да жаңа миллиардерлер қатарында) 2016 жылы кредиттерді басқарушы Owl Rock компаниясын ашты. 2021 жылы бұл компания Dyal Capital-мен (оның өзге де инвестициялық компанияларда үлестері бар) бірігу процедурасынан өтті. Сөйтіп, Blue Owl компаниясы дүниеге келді, қазір оның басқаруында 165 млрд АҚШ доллары бар.

Бен Наварро
$1,5 млрд • Инвестициялар • АҚШ

Наварро қыруар табысқа Credit One Bank-тің арқасында кенелді. Capital One Bank-пен атауы да, логотипі де ұқсас болғанымен, Лас-Вегаста орналасқан Наварро кредиттік мекемесі толыққанды тәуелсіз компания. Оның қызметіндегі басым бағыты – жеке тұлғаларға шағын ауқымда қарыз беру: компания өкілдерінің айтуынша, мұндағы клиенттер саны 18 млн  адамнан асады.

Кристина Жункейра
$1,4 млрд • Finteh • Бразилия

Nubank негізін қалаушылардың тағы бір өкілі миллиардерлер рейтингіне бас директор Дэвид Велеске (тізімде 2021 жылдан бері) серік болу үшін енді. Қаржы көрсеткіштері рекордтық нәтиже беріп, клиенттік базаның өсуі арқасында Сан-Паулодан шыққан finteh компанияның акциялары былтыр 146 %-ға қымбаттады.

Анкур Джайн
$1,2 млрд • Бонустар мен сыйақылар • АҚШ

2019 жылы Bilt Rewards компаниясының негізін қалаған Джайн пәтер жалдаушыларға ақшалай кредит беруді қолға алды. Төлемдерді талдай келе ол пәтер жалдаушыларға бонустық балл жинауға мүмкіндік берді, кейін оларды ұшақ билеттері не отель шығынын, спорт зал абонементін төлеуге пайдалануға болады. Қаңтарда Bit венчурлық инвестордан 200 млн доллар капитал тартты (компанияның бағалық құны 3,1 млрд доллар болатын). Айтпақшы, Анкураның әкесі Навин Джайн 1996 жылы InfoSpace іздеу жүйесін іске қосып, 2000 жылы аздаған уақытқа болса да миллиардер дәрежесінен көрінді.

Антонио Грасиас
$1,1 млрд • Тікелей инвестициялар • АҚШ

Чикаголық капиталист ондаған жылдар бұрын ортақ достары арқылы Илон Маскпен танысқан, сол тұста Valor Equity Partners компаниясы Tesla мен SpaceX үшін алғашқы институционалдық инвесторлардың бірі болды. Масктың сенімді қолдаушысы Грасиас SpaceX директорлар кеңесі құрамына енген. Кезінде тіпті Tesla зауытында қонып, еденде ұйықтап та шыққан. Америкалық ең бай досымен бірге шаңғы тебетіні бар.

Мотилал Осваль
$1,1 млрд • Қаржы қызметтері • Үндістан

Арнайы сертификаты бар Осваль өзінің серіктесі Раамдео Агравалмен бірге 1987 жылы қаржы қызметін көрсететін компания ашып, оны өз есімімен атады. Клиенттердің тапсырысын талдау үшін серіктестер бастапқыда автоматтағы телефондарды қолданған. Қазір осынау бұқаралық компания (Осваль бас директоры) өз клиенттеріне қызметтердің кең ауқымын ұсынып отыр: инвестициялық банкингтен бастап, инвестициялық пай қорларына дейін.

Аспаздық және сән әлемі

Әлемдік деңгейде алып қарасақ, шамамен 500 миллиардер өздерінің он таңбалы капиталдарын аспаздық не тігін машинкасы негізінде тапқан екен. Олардың ішіндегі 44 жаңа тұлғаның әлемдегі ең танымал брендтерге тікелей қатысы бар.

Кристиан Лубутен
Фото: © SHAYAN ASGHARNIA/AUGUST

Кристиан Лубутен
$1,2 млрд • Аяқ киім • Франция

Аңызға айналған қызыл табанды биік өкше туфлиді ойлап тапқан дизайнер өзімен аттас сәнді бренд пен медиадағы танымалдылығының арқасында миллиардер болды: әйгілі «Sex and the City» фильміндегі Кэрри Брэдшоу (Сара Джессика Паркердің орындауындағы) есіңізде болар, Карди Би, Дженнифер Лопес шырқаған әндер (дизайнердің есімі аталып жатады) тағы бар. 2022 жылы дизайнер өз үлесінің 24%-ын италиялық Аньелли отбасына тиесілі Exror инвестициялық компаниясына сатқаннан кейін, фирманың табысы 32%-ға өсті. Брендтің 35%-ы әлі де Лубутеннің өз иелігінде – оның байлығының елеулі ауқымын да осы үлес құрайды.

Тодд Грейвс
$9,1 млрд • Фастфуд • АҚШ

Кезінде Луизиана университетінің профессоры Грейвс әзірлеген бизнес-жоспарға төмен балл қойған, онда тек тауықтың төс етін сататын мейрамхана туралы айтылған-ды. Грейвс бұған мән берген жоқ: ақша табу үшін ол қазандық жасап, балық аулаумен де айналыс­ты, нәтижесінде шағын кәсіпкерлік істері басқармасынан кредит алып, 1996 жылы өзінің бірінші Raising Cane’s мейрамханасын ашты. Бүгін Грейвстің компаниясы сату көлемі 3,3 млрд долларды құрайтын жылдам тамақтану мейрамханалары желісін басқарады.

Уильям Голдринг
$6 млрд • Алкоголь сусындары • АҚШ

Кей бағалаулар бойынша сату көрсеткіші шамамен 3 млрд долларды құрайтын Голдрингке тиесілі Sazerac Company алкогольдің ең қымбат брендтеріне де (Pappy Van Winkle және George T. Stagg), қолжетімді түрлеріне де ие (Fireball, Southern Comfort и Goldschläger).

Молли Миао
$4,2 млрд • Fast fashion • Қытай

Fast fashion, яғни жылдам дамып жатқан сән өнімі нарығындағы ретейлер Shein рейтингке компанияның бас менеджері Мэгги Гу мен компания директоры Рен Сяоцинмен бірге алғаш рет еніп отыр. АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс аясында Shein-нің Нью-Йорк биржасына шығу жоспары биыл жүзеге асатыны күмәнді. Бұқаралық жария компанияға айнала ма, жоқ па – онлайн ретейлер Америка нарығынан жылыстауды ойлап отырған жоқ: таяуда ол Forever 21 брендімен серіктестік жөнінде келісімге келді. Shein АҚШ үкіметімен байланыс бойынша тәжірибелі маманды жұмысқа алып, Сиэтлде жаңа кеңсе ашып жатыр. Америкалық бөлімшеге 1500-ден астам қызметкер тартылмақ.

Майкл Латифи
$3,4 млрд • Ет өндіру • Канада

Латифидің ең бірінші жұмысы McDonald’s бургерлерінің котлетін қуыру болатын. Бүгінде бизнесмен Онтариода орналасқан ет өндіруші ірі компания Sofina Foods-ты басқарады (табыс көрсеткіші шамамен 5,8 млрд доллар), сонымен қатар оған McLaren’s («Формула-1») командасының 10 %-ы тиесілі.

Алессандро Розано
$1,4 млрд • Аяқ киім • Италия

Әдетте жұрттың назарына ілінгісі келмейтін Розано өзі ойлап тапқан HeyDude аяқ киім брендін табысқа шығара алды. Бұл бренд пандемия кезінде кең тарап кетті, яғни ол 2022 жылы өзінің Crocs компаниясын 2,5 млрд долларға сатқанға дейін (қолма қол ақша және акциялар түрінде).

Такайя Авата
$1,2 млрд • Кеспе • Жапония

Кезінде колледжді аяқтамай тастап кеткен кәсіпкер алдымен қуырылған тауық етін ұсынатын дәмхана ашты. Бірақ елеулі жетістікке ол тек 2000 жылы ғана қол жеткізді: ас мәзірін өзгертіп, дәмханаға келушілерге удон кеспесін ұсына бастағанда. Қарқындап дамып жатқан Toridoll желісінің (бүгінде Токио қор биржасында да тіркелген) қазір Жапония, Қытай, Сингапур, Еуропа мен АҚШ-та 1900-ден астам мейрамханасы бар.

Жан Мадар
$1,1 млрд • Парфюмерия • Франция

Бүгінде Нью-Йорк пен Парижде орналасқан люкс класты парфюмерияның дистрибьютері Interparfums компаниясының негізін ол серіктесі Филипп Бенсаинмен ESSEC бизнес академиясында оқып жүргенде бірге қалады. Мадар компанияның Америкадағы бизнесін басқарады, оның ішінде Coach, Jimmy Choo және Montblan секілді брендтер үшін парфюм және одеколон шығару барысын да.

Жасанды интеллект

Жасанды интеллект технологиялары төңірегіндегі дүрбелең қазір өзінің шырқау шегіне жетіп те қалды. Осы технологияның арқасында әлемде жаңа 10 миллиардер пайда болды. Ал оның былтыр технологиялардан түскен капиталдардың өсуіне қосқан үлесі 753 млрд АҚШ долларынан асады. Технологиялық магнаттардың жиынтық капиталы 2,6 трлн АҚШ долларын құрайды және олар рейтингтің ең дәулетті санатын құрап отыр (қаржы магнаттары екінші орында).

Мишель Затлин
Фото: © CLOUDFLARE

Мишель Затлин
$1,2 млрд • Киберқауіпсіздік • Канада

Затлиннің Cloudflare фирмасы ЖИ технологияларын өз клиенттерін қорғап, ықтималды кибершабуылдардың алдын алуда қолданады. Сан-Францискода орналасқан бұл компания тіпті жоба әзірлеушілерге бұлт кеңістігінен орын да береді: олар ЖИ қолдана отырып, өз модельдерін жасай алады. Канадада туып, өскен Затлин Монреалдағы McGill университетінде химия пәнін оқыған, ал 2009 жылы Cloudflare фирмасын ашқанға дейін Гарвард бизнес мектебіндегі сыныптасы Мэттью Принспен бірге Google және Toshiba-да тәжірибеден өткен. Принс қазір компанияның бас директоры – ол да миллиардер. Cloudflare-дың операциялық директоры ретінде Затлин компания акцияларының 2%-на ие, ал олардың құны былтырдан бері 86%-ға өсті.

Чарльз Лян
$6,1 млрд • Компьютерлік техника • АҚШ

1993 жылы Лян ІТ инфрақұрылымды дамытумен айналысатын Super Micro Computer компаниясының негізін қалағандардың бірі болды. Қазір ЖИ базасындағы технологиялық шешімдер мен бұлт кеңістігіндегі сақтау тетіктерін әзірлеушілер арасында серверлер мен сақтау жүйелері зор сұранысқа ие. 2023 жылы компанияның табысы рекордтық 7 млрд долларды құрады. Соңғы 12 айда оның акциялары 1100 %-дан астам шарықтап өсті, тіпті чип өндіруші Nvidia, Intel және AMD сынды серіктестерін де артқа тастап. Айтпақшы, Super Micro-ның вице-президенті лауазымында қызмет атқарған Лянның жұбайы Сара Лю да қазір миллиардер.

Сюнсаку Сагами
$1,9 млрд • Бірігу және қосылу жөніндегі брокер • Жапония

33 жастағы бизнесменге тиесілі M&A Research Institute шағын және орта бизнесті сатып алушы мен сатушы арасындағы дәнекер компания. ШОБ кәсіпорындарын сатып алуда ЖИ мүмкіндігін қолданады. Әдетте мұндай шағын компаниялар егде жастағы кісілердің қолында, ал олар бизнесті мұра етіп қалдыруда бірқатар қиындықтарға кезігіп жатады, содан да кәсіпорынды сатып, ақшасын алғанды жөн көреді.

Бретт Эдкок
$1,4 млрд • Роботтар • АҚШ

2022 жылы Эдкок негізін қалаған Figure компаниясы қазір ЖИ технологиялары базасында «жалпы мақсаттағы гуманоид» әзірлеп шығарып, оны жұмыс күші ретінде ұсыну үшін еңбектенуде. Ақпанда компания – қатарында Джефф Безос, Microsoft, Nvidia және OpenAI бар іргелі инвесторлардан 675 млн доллар инвестиция тартты (компанияның өз бағалық құны 2,6 млрд долларына негізделеді). 37 жастағы Эдкок стартаптың шамамен 50 %-на ие.

Лиза Су
$1,3 млрд • Жартылай өткізгіштер • АҚШ

2014 жылы Advanced Micro Devices басқармасының тізгінін қолға алған Су, сол тұста қиындықтарға кезіге бастаған жартылай өткізгіштер өндіруші компанияның қызметін ЖИ технологияларына қарай бағыттағанда оның акциялары 60 есе шарықтап өсті. Лиза Судың отбасы оның үш жасында Тайваннан Нью-Йоркке қоныс аударған. Математик пен бухгалтердің қызы Массачусетс технологиялық университетінде электр инженериясы бойынша білім алған, өйткені ол осы мамандықты ең күрделі деп ойлаған.

Сэм Альтман
$1 млрд • Инвестициялар • АҚШ

OpenAI ұсынған ChatGPT ЖИ технологиялары дүрбелеңіне өзіндік дем берген триггер іспетті болды. Бірақ компанияның бас директорына өзі ойлап тапқан жобадан үлес бұйырған жоқ (қазір оның құны 80 млрд доллардан астам деңгейде бағалануда). 38 жастағы бизнесмен өз байлығын инвестициялардың арқасында жинай алды: стартаптарға арналған Y Combinator инкубаторына президент болған 2014–2019 жылдары және Stripe инвестициялары мен Reddit-тегі, ядролық синтезді зерттеуші Helion стартапындағы үлестері негізінде.

Харви Джонс
$1 млрд • Жартылай өткізгіштер • АҚШ

Технологияларға ұзақ жылдан бері инвестиция салып жүрген кәсіпкер Джонс Nvidia негізін қалаушылардың бірі және акциялардың 0,03 %-на иелік ететін директорлар кеңесінің мүшесі. Бұл оны ЖИ технологияларына деген қызығушылық аясында өткен жылдан бері акциялары 300 %-ға өскен Nvida-ның ең ірі бенефициарының бірі етеді.

Соғыс ақшасы

2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруі миллиондаған адамның үйіне ойран салып, азап пен қаза әкелді. Алайда әлемдік миллиардерлер рейтингінде бұны өз пайдасына жаратқандар да жоқ емес, кем дегенде қаржылық тұрғыда: қақтығысқан екі жақтың біріне (кейде тіпті екеуіне де) қажет заттарды жеткізіп беріп, соғыс шалған активтерді арзанға сатып алып немесе өз бизнесін жапқан шетелдік бәсекелестер санының қысқаруынан пайда тауып дегендей...

Владимир Мельников
Фото: © GLORIA JEANS

Владимир Мельников
$1,7 млрд • Fast fashion • Ресей

Мельников 1988 жылы Мәскеуде Gloria Jeans маркасындағы киім өндірісін ашты, ал кейіннен Levi’s, H&M секілді шетелдік брендтерге арналған киімдерді тіге бастады. Ресейде Gloria Jeans бүгін fast fashion сегментіндегі ең ірі ретейлер, қазір оның 700 дүкені бар – өз елінде, сондай-ақ Беларусь пен Қазақстанда. Соңғы екі жылда брендтің сату көрсеткіші 28 %-ға өсіп, 875 млн долларға жетті: бұған соғыс салдарында оның H&M, Zara сынды шетелдік бәсекелестері жалпылай алғанда 648 дүкенді жауып тастауы да ішінара септік етті.

Георгиос Прокопиу – отбасымен
$2,6 млрд • Тасымалдау • Греция

Тасымалдау бизнесімен айналысатын грек магнатының иелігінде мұнай және газ тасымалдауға арналған танкер флоты бар. 2023 жылдың соңындағы жағдайға сай оған тиесілі Dynacom Ресей мұнайын тасымалдаушы ең ірі компания болған.

Уго Гуссалли Беретта – отбасымен
$2,4 млрд • Атыс қаруы • Италия

2015 жылы компания тізгінін екі ұлына табыс еткенге дейін Уго жиырма жыл көлемінде атыс қаруын шығарушы әлемдегі ең көне фирманы (іргесі 1526 жылы қаланған) басқарды. 2022 жылмен салыстырғанда компанияның табысы мен пайдасы арта түсті, ішінара еуропалық мемлекеттердің әскерлеріне қару сату есебінен. Жақында италиялық және ресейлік БАҚ-тар жүргізген зерттеу барысы көрсеткендей, компания өзінің еншілесі арқылы әлі күнге дейін Ресейге қару жеткізумен айналысатын көрінеді.

Иван Таврин
$2,4 млрд • Тікелей инвестициялар • Ресей

Бизнесменге тиесілі Kismet Capital Group – 2023 жылдың сәуірінде тұтыну тауарларын шығаратын алып компания Henkel-дің ресейлік активтерін сатып алған консорциумның серіктесінің бірі; мәміле бағасы 660 млн доллардан сәл асты, ал бұл сол кездегі нарықтық өзекті бағадан кем дегенде 50 % төмен баға.

Константинос Мартинос – отбасымен
$2,3 млрд • Тасымалдау • Греция

Анасы Афина және бауырлары Андреас, Афанасиоспен бірге ол 1972 жылы Thenamaris кеме компаниясын құрды. 1990-шы жылдары ағайынды Мартиностар бизнесті бөлгенде, бүгінде 71-ге келген Константинос компанияның негізгі кеме тасымалы бағытын ұстап қалды, қазір оны ұлы басқарып отыр. Бұл үшеуі де 2023 жыл бойынша Ресей мұнайын тасымалдаумен айналысқан еңі ірі компаниялар қатарына кіреді.

Владимир Фартушняк
$1,8 млрд • Спорт тауарлары • Ресей

1992 жылы Фартушняк бауыры Николаймен бірге (ол да биыл миллиардерлер қатарында) Sportmaster компаниясын құрды. Бүгінде компанияның 510 дүкені Ресей, Қытай, Беларусь, Қазақстанда жұмыс істеп, жылына 200 миллионнан астам адамға қызмет көрсетуде. Желіде Nike, Adidas, The North Face секілді халықаралық брендтер ұсынылған. Украинадағы бизнесі жабылып қалғанына қарамастан (Sportmaster-дің үлесі онда шағын ғана-тын), екі ел арасындағы қақтығыс салдарында Ресейдегі Nike және Adidas ресми дүкендерінің жабылуынан Фартушняк кәдімгідей пайда тапты.

Сельчук Байрактар
$1,2 млрд • Әскери дрондар • Түркия

Сельчук – Түркия президенті Реджеп Тайип Эрдоганның күйеу баласы, бауыры Халукпен бірге (ол да жаңа миллиардердің бірі) әскери мақсаттағы пилотсыз ұшу аппараттарын өндіруші Baykar компаниясын басқарады. Компанияның ең танымал экспорттық тауары – Bayraktar-ды украин әскерлері тиімді қолданып отырғаны соншалықты, тіпті оның құрметіне ән де шығарылған.

Владислав Свиблов
$1,1 млрд • Тау-кен өнеркәсібі • Ресей

Байлық жағдайын тау-кен өндірісі негізінде жасап алған магнат, 2022 жылдың маусымында канадалық Kinross Gold-тың ресейлік активтерін 340 млн долларға сатып алды, ал бұл оның әділ бағасынан (ресейлік БАҚ-тың бағалауы бойынша 1,5 млрд долларды құраған) айтарлықтай төмен сома.