ҚҚҚ: Маусым айында 1 доллар 447,4 теңге төңірегінде қалыптасуы мүмкін

Маусым айында теңгеге қолдау көрсетуі тиіс факторлардың қатарында ҚҚҚ сарапшылары сауда балансы профицитін жақсартуды және Ұлттық қордан шетел валютасын сатуды мысал етеді
Фото: pixabay.com

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы қаржы нарығындағы 2024 жылдың мамыр айындағы бірқатар көрсеткіштер бойынша кезекті сауалнама қорытындысын жария етті. Сауалнамаға әдеттегідей банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар өкілдері мен талдау және қазынашылық бөлімшелерінің қызметкерлері қатысып, Brent маркасындағы мұнайдың бағасы, АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы, инфляция, ЖІӨ көрсеткіштері мен ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесіне қатысты болжамдарын ортаға салды.

Түйін

Отандық сарапшылардың пікірінше, қысқа мерзімді перспективада төл теңгемізге айтарлықтай қолдау көрсетуі тиіс факторлар деп мыналарды айтуға болады: мұнайдың қымбаттауы мен қатаң сипаттағы ақша-кредит саясаты және Ұлттық қордан шетел валютасын сату – бұл арада, сондай-ақ мамыр айында салық кезеңі басталатынын да ескеру қажет.

Қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың болжамынша, 2024 жылдың маусым айының басында USDKZT бағамы – 1 АҚШ долларына 447,4 теңге төңірегінде қалыптасуы ықтимал. Ал бұдан бір ай бұрынғы болжамдарында олар АҚШ долларының бағамын 451,9 теңге шамасында қалыптасады деп болжаған болатын.

Отандық сарапшылар келесі жылдың сәйкес мерзіміне қатысты болжамдарын да біршама жақсартқан, олардың пікірінше, бір жылдан кейін 1 АҚШ долларының бағамы 470,3 теңгені құрауы мүмкін (бұған дейінгі болжам 477,2 теңге болатын). Бұған көп жағдайда сауда балансы профицитінің жақсаруы ықпал етуі тиіс деп есептейді олар, ел ішінде мұнай өндіру қарқыны күрт өсетінін алға тартып (2023 жылғы 90 млн тоннадан 2025 жылы 103,3 млн тоннаға дейін).

Айтқандай, сауалнамаға қатысқан қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың 50%-ы базалық мөлшерлемені төмендету циклі әрі қарай жалғасады деген пікірде, бұл тұрғыда олар ай сайынғы инфляция қарқынының баяулай түскенін мысал етеді. Соңғы 4 жылда көрініс берген орташа жылдық көрсеткіш 1,2%-бен салыстырғанда, биыл сәуірде бір айдағы инфляция 0,6%-ға дейін бәсеңси түсті.

Сарапшылардың екінші жартысы базалық мөлшерлеме ағымдағы, яғни 14,75% деңгейінде қалады деп отыр, олардың пікірінше бұған – шикізат бағаларының жоғары болуы, азық-түлік бағасының өсуі сынды сыртқы әсерлермен қатар, реттелетін қызметтер саласындағы реформалар, су тасқынының жағымсыз салдары және оларды жоюға бағытталатын бюджеттік шығындар секілді ішкі экономикалық факторлар да ықпал етуі мүмкін.

Сол сияқты, сауалнамаға қатысқан қаржы нарығы ойыншыларының пайымынша, бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме жылына 12% шамасына дейін төмендеуі әбден мүмкін, бұл тұрғыда олар бір жылдан кейін инфляция көрсеткіші 8,6% деңгейінде қалыптасады деген болжам айтады (бұрынғы болжамдары 9,1% шамасында болатын).

Олар сондай-ақ, алдағы 12 айда ел экономикасы 4,7% деңгейінде өседі деп есептейді (2024 жылдың алғашқы үш айындағы 3,9%-бен салыстырғанда). Бұл тұрғыда сарапшы қауым мұнайдың бағасы қымбаттайды деген болжамдар (бір баррельге 85,2 АҚШ доллары шамасында) мен Теңіз кенішінде өнім өндіруді арттыру мерзімі жақындай түскенін алға тартады.

Ал ресейлік рубль алдағы 12 айда әлсіреп, бір доллар үшін 99,1 рубль деңгейінде қалыптасады деген болжам жасайды қазақстандық сарапшылар (ағымдағы бағамы 91,6 рубль), олардың пайымынша бұған әскери қимылдарды қолдауды қажет ететін ауқымды бюджеттік шығындар мен санкциялық қысымдардың жалғасуы әсер етсе керек.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте