Марғұлан Сейсембай: Өмірді өзгерту үшін, алдымен әдетті өзгерту керек

97463

Алматыда кәсіпкер Марғұлан Сейсембайдың бизнес пен өмірі туралы кітап жарыққа шықты

Марғұлан Сейсембай
Марғұлан Сейсембай
ФОТО: © Максим Морозов

Сейсенбі, 11 сәуірде, Алматыдағы «Меломан» кітап дүкенінде баспагер Бақытжан Бұқарбайдың бастамасымен «Марғұлан. Бизнес пен өмір туралы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітапта танымал кәсіпкер, инвестор, өмір зерттеушісі Марғұлан Сейсембайдың бизнес пен өмірден алған тәжірибесі жазылған. Ақпан айында AmalBooks баспасынан алғашқы 5000 данасы жарық көрді. Кітап қазақ тілінде жазылған. Оқырман жасына шектеу жоқ.

ФОТО: © Максим Морозов

Шараға бір сағат бұрын ерте келген едік. Дүкен іші оқырманға лық толы. Келген жұрт жаңа кітаппен танысып, Марғұлан Сейсембайдың сөзін тыңдауға асық.

Бақытжан Бұқарбай, Марғұлан Сейсембай
Бақытжан Бұқарбай, Марғұлан Сейсембай
ФОТО: © Максим Морозов

Алғашқы сөзді кітап авторы Бақытжан Бұқарбай бастап, жалпы, бизнес әлеміне қатысты кітаптар жазып, жарыққа шығаруға түрткі болған оқиғаларға тоқталды.

«2016 жылдан бастап баспагерлік жолға түсіп, баспа ісімен айналыстым. Қазақ тілінде заманауи өнім шығарып, кітап нарығында жаңалық жасағым келді. Өйткені, сол кезде іскерлік әдебиет тек орыс тілінде шығатын», - деді ол өз сөзінде.

Еске сала кетсек, баспагердің «Настольная книга казахского бизнесмена» атты алғашқы кітабы 2018 жылы жарық көрген болатын.

ФОТО: © Максим Морозов

«Настольная книга казахского бизнесмена» кітабының жазылуына кезінде Марғұлан ағаның бір іс-шарада сөйлеген сөзі түрткі болды. Дәл сол кезде: «Мына жерде қандай керемет тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Неге мықты кәсіпкерлердің тәжірибесін жазып, кітап етіп шығармасқа?!» деген ой келді. «Қазақ бизнесменінің кітабы» орысша шықса да, ол өзіміздің іскер азаматтар жайлы. Кітапты шығарар алдында біз алдымен әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Сол зерттеудің нәтижесіне сай, оқырман да бұл кітаптан өзіне керегін таба алады. Зерттеу барысында біз «оқырман қандай бизнес тақырыпта ақпарат алып, кімдердің тәжірибесі туралы оқығысы келеді» деген сұрақтың жауабын іздедік. Тізімде Марғұлан Сейсембай ағамыз да болды», - деді Бақытжан Бұқарбай.

ФОТО: © Максим Морозов

«Марғұлан. Бизнес пен өмір туралы» кітабының авторы өз кейіпкерімен біраз сапарда бірге болып, сондағы айтқан пікір-ойларын арнайы жазып алып жүргенін де тілге тиек етті.

«2017 жылдан бері Марғұлан ағаның жанында жүріп, бірге сапарға шығып, айтқан ойларын диктофонға түсіріп жүрдім. Әр жерде сөйлеген сөздерін, интернеттегі дәрістерін бәрін өңдеп, қорытып, құрылымын жасап, кітапқа қостым. Марғұлан ағамызды ел ішінде ғана емес, ТМД халқы да жақсы таниды. Кезінде бір топ адам Киевке бардық. Қаланың орталығында түскі ас ішіп отырғанбыз. Халық ағамен суретке түсіп жатты...» - деп еске алды баспагер.

Ол сондай-ақ: «Кәсіпкерлермен сұхбат алып жүрдім. Кезек Марғұлан ағамызға келді. Ұзақ мерзімді команда құру жайында сұрадым. Кейін кітапты көрген соң: «Ойымды дұрыс жеткізген екенсің, кітабымды да өзің жазсаң» деп қолқа салды», - дейді.

ФОТО: © Максим Морозов

«Марғұлан. Бизнес пен өмір туралы» атты кітапта әртүрлі тақырып қамтылған. Мысалға, команда құру, тиімділік, пайдалы білімді меңгеру технологиясы және шешім қабылдау жолдары туралы деген сияқты. Кітап авторы Бақытжан Бұқарбай: «Кітаптың құны 9500 теңге» дегенді айтты.

«Кітапты жазып, басуға кеткен еңбек бар. Бізге қағаз Ресейден қымбат келді. Мұқабасы қатты, ішін түрлі-түсті етіп шығардық. Оның барлығы ақша. Дүкеннің қоятын бағасы, салығы тағы бар», - дейді ол.

Айтпақшы, жаңа кітапты қырғыз бауырларымыз қырғыз тіліне аудару туралы ұсыныс жасапты.

«Кітапты шет тілге аударамыз деген жоспар жоқ. Бірақ Қырғызстаннан хабарласып, қырғыз тіліне аударуға ұсыныс түсті. Егер тура осы қалыпта аударса, мәселе жоқ, келісеміз», - дейді Бақытжан Бұқарбай. 

ФОТО: © Максим Морозов

Өз кезегінде кәсіпкер Марғұлан Сейсембай жаңа кітаптың оқырмандарына «кітапты тездетіп оқып тастауға асықпаңдар» деген кеңес береді.

«Бұл кітаптың басты кейіпкері сіз. Кітапты оқығанда, «Бұны қалай өз өміріме қолдансам?», «Кітаптағы ақыл маған қалай әсер ете алады?» деген тұрғыда ойланған дұрыс. Кітапты тез оқуға асықпаңдар. Тез оқығаннан сіздің өміріңіз өзгермейді. Өйткені, өмірді өзгерту үшін, алдымен әдетті өзгерту керек. Адам күнделікті жұмысының 90 пайызын санамен емес, әдетпен істейді. Керек ойды жазып алыңыздар. Кітап көп адамның өміріне жақсы әсер етсе деген үмітім бар», - дейді жаңа кітаптың кейіпкері.

ФОТО: © Максим Морозов

Марғұлан Сейсембай жаңа кітапты «өзім әлі толық оқығаным жоқ» дейді. Кітаптың кейіпкері ретінде авторға керек ақпартты орыс тілінде бергенін де айтады, бірақ ол жаңа кітапты аударма деп есептемейді.

«Егер менің ойым тек аударма түрінде құрылса, көп нәрсенің мәні кетіп қалар еді», - дейді кәсіпкер.

Ол, сондай-ақ: «Кітапта күрделі ұғымдар, сөздер қарапайым тілмен түсіндірілген» деп, кітап авторына жылы лебізін білдірді.

ФОТО: © Максим Морозов

Шараға жастар өте көп келді. Кейіпкермен сұрақ-жауап алмасып, қолтаңба сұрап, кітап авторымен де, кейіпкерімен де суретке түсіп жатты.

ФОТО: © Максим Морозов

«Жылы қарсы алғандарыңызға рақмет!» деп ағынан жарылды «Марғұлан. Бизнес пен өмір туралы» атты кітаптың кейіпкері. Жастар Марғұлан ағаны көпке дейін жібермей, қимай, ыстық ықыласпен шығарып салды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить