Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельмен кездесті
Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері мен Еуропалық Одақ басшыларының екінші кездесуіне қатысу үшін Шолпан-Ата (Қырғызстан) қаласына жұмыс сапарымен келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельмен кездесті, Ақорда деп хабарлайды.

«Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саммиті аясында мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес президенті Шарль Мишельмен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельге ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Еуропалық Одақпен стратегиялық серіктестікке баса мән беретінін атап өтті. Еліміздің Еуропалық Одақпен жасаған Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімі берік қарым-қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашты. Бүгінде Еуроодақ – Қазақстанның жетекші сауда серіктесі және экономикамыздың ең ірі инвесторы.

Өз кезегінде Шарль Мишель Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бірлесе жұмыс істеу керек екенін атап өтті.
Сондай-ақ олар жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Подписывайтесь на нашу страницу в Facebook