Ұлыбританияның санкциялар жөніндегі директоры Қазақстанға қандай мәселемен келеді?

15129

Ұлыбританияның санкциялар жөніндегі директорының арнайы Forbes.kz үшін эксклюзивті сұхбаты

ФОТО: © Depositphotos/ValeryBocman

24 сәуірде Қазақстанға Ұлыбританияның санкциялар жөніндегі директоры Дэвид Рид ресми сапармен келеді. Ресми түрде жария етілгендей, бұл сапар «Санкциялар мәселесі және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы екіжақты диалог аясында» өтуде. Дэвид Рид өз сапарын Еуроодақ пен АҚШ-тың санкциялар бойынша шенеуніктерімен үйлестіре отырып, ұйымдастырғанын айтқан болатын.

Дэвид Рид
Дэвид Рид

Дэвид Рид Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігінің Достастық және халықаралық даму кеңсесінің санкциялар жөніндегі директоры болып 2022 жылы тағайындалды. Сыртқы істер министрлігінің Достастық және даму кеңсесіне ол 2003 жылы келіп қосылды, бұған дейін Лондон Ситиде заңгер болып жұмыс істеді. Ол, сондай-ақ Оттавада Жоғарғы комиссардың орынбасары қызметін атқарып, сыртқы саясат, сауда және климат мәселелерімен айналысты. Бірқатар елдерде дипломатиялық қызметтер атқарды: Кипрде реттеу жөніндегі келіссөздер бойынша жұмыс істеді; Францияда әділет және ішкі істер саласындағы ынтымақтастыққа жауапты болды; сондайа-ақ Польшада да. 2016 жылы дағдарысты басқару саласындағы қызметі үшін Британ империясының орденін алды.

Қазақстанға сапары қарсаңында Рид мырза арнайы Forbes.kz үшін эксклюзивті сұхбат берді.

F: Құрметті Рид мырза, біз өз сұрақтарымызды сіздің Қазақстанға сапарыңыз қарсаңында қойып отырмыз. Бұл сапардың мақсаты қандай, осы туралы егжей-тегжейлі айтып берсеңіз?

- Ресейдің Украинаға басып кіруіне жауап ретінде, Ұлыбритания Путиннің [РФ президенті] соғысын қаржыландыруды тоқтатуға, сондай-ақ Украинамен ынтымақтастықты және оны біздің қолдауымызды көрсетуге бағытталған бұрын-соңды болмаған санкциялар топтамасын енгізді. Әскери іс-қимылдар өтіп жатқан тұста бұл санкциялар Путиннің мүмкіндіктеріне нұқсан келтіріп жатқандығына көптеген дәлелдер бар. Алайда, Путин біздің санкцияларымызды айналып өту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. Уақыт өте, бұл олардың ықпалын азайтуы мүмкін, өз кезегінде, бұл соғыстың созылып кетуіне септік етуі де мүмкін. Тәуекелдерді анықтап, мүмкіндік бар жердің бәрінде қажетті қолдау көрсету үшін, біз бірқатар серіктестермен, оның ішінде Қазақстанмен де жұмыс істеудеміз.

F: Сіздің сапарыңыз туралы ресми хабарламада сіз «өз сапарыңызды Еуроодақтың және АҚШ-тың санкциялар бойынша өкілдерімен үйлестіргеніңіз» айтылды. Бұл «үйлестіру» нақты нені білдіреді?

- Біз Украинаны қолдау және осы соғысты тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, халықаралық серіктестерімізбен өте тығыз жұмыс атқарудамыз. Санкцияларды айналып өтумен күресу үшін біз ел ішінде санкциялар режимін қатайтып, санкциялардың сақталуын күшейтуге бағытталған қадамдар қабылдаудамыз. Біз, сондай-ақ Путиннің санкцияларды үшінші елдер арқылы айналып өтуіне мүмкіндік бермеу үшін АҚШ-пен және Еуроодақпен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстаннан басқа, осы аптада біз Қырғызстанмен және Өзбекстанмен өзара іс-қимылдарды үйлестірмекпіз.

F: Сіздің сапарыңыз туралы жаңалық қазақстандық БАҚ-та, оның ішінде Forbes.kz сайтында да сәуір айында жарияланды. Қазақстандықтардың осы жаңалықтарға берген пікірлерін әлеуметтік желілерден оқығанда, олардың көбісі алаңдап, абыржып отырғанын байқадық. Қалай ойлайсыз, қазақстандықтардың Сіздің сапарыңызға қатысты қобалжуына негіз бар ма? Батыс елдері Қазақстанға қатысты да санкциялар қолдануы мүмкін бе?

- Біз Қазақстанды өзіміздің маңызды екіжақты серіктесіміз деп санаймыз, мен осыны айқын түрде мәлім еткім келеді. Біз Қазақстандағы топ-10 инвестордың қатарына кіреміз, ондаған жылдарға созылатын ауқымды қарым-қатынасымыз бар. Болашақта біз стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз, бұл біздің серіктестігімізді одан әрі дамытуға ықпал ететін болады. Жақында Сыртқы істер және халықаралық даму министрі Қазақстанда болып, сапар барысында көптеген маңызды мәселелер қамтылды, енді біз алдағы уақытта жоғары деңгейдегі өзара іс-қимылдарды асыға күтудеміз. Біз көптеген жазықсыз адамдарға есепсіз қасірет әкеліп, Ресей мен Украинадан тысқары жерлерде де жойқын зардабын тигізіп жатқан мына соғысты тоқтату үшін Қазақстанмен бірлесе жұмыс істегіміз келеді.

F: Сіздің пікіріңізше, Қазақстан қазір Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларын ішінара айналып өтуге көмектесіп жатыр деуге негіз бар ма? Егер бар болса, нақты мысал, фактілерді келтіре аласыз ба?

- Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін санкциялар енгізген елдердің үлкен коалициясы құрылды. Бұл Ресейге қарсы санкциялар емес. Санкциялар – Путиннің соғыс жүргізу қабілетіне барынша әсер етіп, бұл соғысқа жауапты емес адамдар үшін күтпеген салдарларды азайтуға бағытталған шара. Бұл орыс халқына да және, әрине, Қазақстанға да қатысты болып табылады. Қазіргі уақытта біз Путин біздің санкцияларды айналып өтуге қалай тырысып жатқанын айқын елестетіп көруге тырысудамыз. Біз мұнда өз сараптамамызды талқыға салып, Қазақстан Үкіметімен ақпаратпен бөлісу үшін келдік.

F: Сіздерде «рұқсат етілген» тауар деген желеумен санкцияланған тауарлар Қазақстаннан Ресейге жеткізіліп жатқаны туралы деректер бар ма? Бар болса, бұл қандай тауарлар екенін, ол Қазақстан арқылы қалай өтіп жатқанын, жеткізілім тізбегінің қатысушысы кім екенін айтып бересіз бе?

- Ашық көздерден алынған сауда деректері бойынша, Ұлыбритания санкциялары аясына түсетін тауарлардың Қазақстанға экспортында арагідік өзіндік секірістер бар, бұл тауарлар бойынша осындай секірістер Ресей бағытында да байқалуда. Бұл тауарлардың кейбіреулері Украинадағы соғыс аймақтарына түсіп жатқанын да білеміз. Біз – Ұлыбритания да, Қазақстан да мұны қаламайды деп санаймыз.

F: Мұндай схемаларды қалай қадағалап отырсыздар?

- Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл деректер ашық көздерден алынған.

F: Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуге жол бермеуге бағытталған Қазақстан үкіметінің іс-қимылын қалай бағалайсыз?

- Біз Қазақстанның санкцияларды айналып өтетін бағыт болғысы келмейтіні жөніндеге Қазақстан Үкіметі тарапынан әлденеше рет жасалған мәлімдемелерді құптаймыз. Біз мұнда Қазақстан үкіметінің бұл тұрғыда жасап жатқан шаралары туралы көбірек білу үшін келдік.

F: Қазақстан мен Ресей арасында әлем бойынша алғанда құрылықтағы ең ұзын әрі үздіксіз шекара жатыр. Екі ел бір-бірімен экономикалық тұрғыда тығыз байланысқан, елдер арасында кедендік шекара жоқ. Екі ел басшылығының арасында достастық байланыстар бар. Ал қазақстандық бизнес өте белсенді және ақша табуды біледі. Қазірдің өзінде Ресей дүкендері Украинадағы соғыс басталғанда Ресейден кеткен компаниялардың тауарларымен лық толған, бұл тауарлар Қазақстаннан да жеткізілуде. Мұндай жағдайда санкцияланған тауарлардың Қазақстаннан Ресейге тусуін толығымен болдырмау қаншалықты мүмкін?

- Біз Ресей мен Қазақстан экономикалық тұрғыда бір-бірімен тығыз байланысты екенін толық мойындаймыз және Қазақстанның Ресейден экономикалық тұрғыда оқшаулануын сұрамаймыз. Алайда, соғысты жалғастыруға мүмкіндік беретін тауарлардың Ресейге түспеуін қамтамасыз ету біздің мүддемізге сай. Біз Қазақстанның санкцияларды айналып өту орталығына айналмауына көз жеткізу үшін Қазақстан Үкіметімен бірлесе жұмыс істегіміз келеді.

F: Сіз біздің шенеуніктердің Қазақстанның сыртқы саясатын «көпвекторлы» деп атайтынын естіген боларсыз. Бұл, сонымен қатар, ресми Астана барлық көршілерімен және бүкіл әлеммен достастық қарым-қатынас орнатуға ұмтылатынын білдіреді. Сіздің пікіріңізше, Кремльді де ашуландырмай және Ресейге санкция қолданған Батыстың да ойынан шығатындай болу үшін, Қазақстанның сыртқы саясаты қандай болуы керек?

- Менің сапарымның мақсаты – Қазақстан үкіметіне халықаралық қатынастарды жүргізуге қатысты ұсыныстар беру емес. Мені серіктестікте жұмыс істей алатынымыз қуантады және біздің ортақ мақсатымыз бар деп санаймын, ол – Украинаға ғана емес, Ресейдің жақын көршілеріне де, сонымен қатар, қашықтағы елдерге де зиян келтіріп отырған мына соғысты тоқтату.

F: Өз сапарыңыз арқылы Қазақстанға жеткізгіңіз келетін месседжді бір сөзбен қалай сипаттар едіңіз? Мүмкін, бұл «ескерту», «дабыл», «қауіп», «ынтымақтастық», «үміт» немесе басқа сөз болар?

- «Серіктестік» деп ойлаймын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить