Жаңа кодекс әлеуметтік мәселелерді толық шешіп бере ала ма?

11982

Биыл сәуірде қабылданған Әлеуметтік кодекс 1 шілдеде өз күшіне енеді, қазір оған әлі де болса өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде

Муслим Хасенов
Муслим Хасенов
Фото спикердің жеке архивінен алынды

Жаңа кодексте қоғам күткен әлеуметтік өзгерістер түгел қамтылған ба? Бұл өзгерістерді ел халқы өз мүддесі мен пайдасы үшін қалай қолдана алады? Forbes.kz сұрақтарына заңтану ғылымы бойынша PhD докторы, Maqsut Narikbayev University Жоғары заң мектебіндегі Associate Professor Муслим Хасенов жауап берді.

F: Муслим мырза, Әлеуметтік кодексте шынымен де «әлеуметтік саланы реттейтін барлық заң біріктірілген» бе?

- Бұлай деу тым артықтау. Бұл арада негізгі ұғымдарды мейлінше нақтылап алған дұрыс. Әлеуметтік сала, ол – халықты әлеуметтік қорғау, еңбекпен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, неке және отбасы сынды кең ауқымды ұғым. Бұл салалардың әрқайсысының өз кодексі немесе заңы бар: мысалға, Еңбек кодексі, Денсаулық сақтау кодексі, Неке және отбасы кодексі, Білім туралы заң және т.б. дегендей. Бастапқыда бұлардың барлығын біріктіру міндеті тұрды – бірақ бұл дұрыс емес әрі тәртіп сақшыларын да шатастыруы мүмкін. Десе де, әр саланың өзіндік ерекшеліктері бар.

Айталық, әлеуметтік қорғау саласы 16 заңмен реттеледі десек, Әлеуметтік кодексе соның 9-ы ғана енгізілген. Яғни, басқа да 7 заң негізінде реттелетін мәселелердің біразы кодекс назарынан тыс қалды деуге болады.

Сондықтан да, меніңше, әлеуметтік қорғау және реттеу саласы әлі де бытыраңқы күйінде қалып отыр, нормаларды қайта қарау жүргізілмеген, олардың көпшілігі ескірген және жаңартуды қажет етеді. Анығын айтқанда, бұны кодификация деуге келмейді, әдеттегідей бірқатар заңдарды бір кодекске біріктіру ғана. Ал кодификация дегеніміз – нормаларды барынша қайта қарау деген сөз.

F: Ел азаматтары Әлеуметтік кодексті өз мүддесі мен пайдасы үшін қалай қолдана алады?

- Бұл арада, мен, ең алдымен, кодекстің 10-бабына назар аударуды ұсынамын, онда азаматтарымыздың әлеуметтік қорғау саласындағы негізгі құқықтары тізбектеп көрсетілген. Егер отандастарымыздың өмірінде қандай да бір әлеуметтік тәуекелдер туындап жатса, онда олар осы бапқа сүйеніп, өз құқықтарын қорғай алады.

Мысалға, бұл бапта көрсетілген тоғыз тармақтың біріншісі – балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау тұрғысында. Онда әлеуметтік төлемдердің бірнеше түрі қарастырылған: 1) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін төлемдер – біз жүктілігі және босануы бойынша декреттік төлемдер деп атаймыз; 2) баланың тууына байланысты біржолғы жәрдемақы; 3) осы санаттағы азаматтардың пайдасына бала 1,5 жасқа толған кезде оның күтімі бойынша берілетін ай сайынғы жәрдемақы және зейнетақы жарналарын субсидиялау; 4) бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы, оның ішінде күндізгі бөлімде оқитын балалары бар отбасыларға берілетін ай сайынғы жәрдемақы және 5) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға ай сайынғы жәрдемақы немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандарға қатысты.

Екінші тармақ – жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер тұрғысында. Ол, негізінен, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін азаматтарға қатысты. Ал егер азамат мүлдем жұмыс істемесе, онда ол азғантай көлемдегі жұмыссыздық жәрдемақысына үміт ете алады.

Үшіншісінде – жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын жеке тұлғаларға (отбасыларға) атаулы әлеуметтік көмек мәселесі ескерілген. Айтқандай, кедейлік шегі бізде әртүрлі көрсеткіштер бойынша белгіленіп (пайыздық түрде жан басына шаққандағы орташа күнкөріс деңгейі негізінде), бұл деректер әр облыстың әкімдіктері тарапынан тоқсан сайын жарияланады.

Төртінші тармақта – арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдарға (отбасыларға) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселесі, бесіншісінде – мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселесі ескерілген. Бұл тұрғыда Әлеуметтік кодексте оңалту, жеке көмекші қызметтер көрсету, арнаулы әлеуметтік қызметтер, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды қамтитын әртүрлі қорғау шараларының тұтас қабаты бар.

Әрі қарай, алтыншы тармақта – азаматтардың жекелеген санаттарына арнаулы мемлекет нысанындағы әлеуметтік көмек, жетіншісінде – зейнетақымен қамтамасыз ету, сегізінші тармақта – асыраушысынан айырылғандардың әлеуметтік қорғалу құқықтары қамтылған.

Тоғызыншы тармақта – қайтыс болған адамды жерлеу үшін біржолғы төлем құқығы көрсетілген. Бұл, мысалға, зейнеткер немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда – жерлеуді жүзеге асырған отбасына немесе адамға 35 АЕК мөлшерінде төленетін төлем туралы.

Жалпы, мемлекет ұсынып, белгілеп берген әлеуметтік құқықтармен ел халқы барынша танысып, оларды дұрыс түсініп алғандары жөн дегім келеді.  

F: Сіздіңше, Әлеуметтік кодекстің басты ерекшелігі неде?

- Кодекстегі басты жаңалық, меніңше, отбасының цифрлық картасы. Осынау цирлық құрал негізінде отбасылардың (адамдардың) әлеуметтік жағдайын, әл-ауқат деңгейін анықтап, жіктеуге болады. Мұны анықтаудың арнайы әдістемесі де әзірленуде. Соған сәйкес әлеуметтік қорғау жүйесін басқаруда да автоматтандырылған ақпараттық жүйе деректерін кеңінен қолдануға болады деген сөз.

F: Жаңа кодекс әлеуметтік салада қордаланған мәселелерді қанша уақытта реттей алады?

- Әлеуметтік кодекстің нәтижесі туралы сөз қозғамас бұрын, оның нәтижесі деп нені айтамыз – соны топшылап алу қажет. Меніңше, бірінші басымдық –кедейшілікті азайту және өмір сүру сапасын жақсарту деп белгіленуі тиіс. Бірақ бұл арада тек Әлеуметтік кодекске ғана үміт арту қателік. Түптеп келгенде, бұл көрсеткіштер елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына, мемлекеттің бюджеттік мүмкіндіктеріне және азаматтардың өз ұстанымдарына байланысты. Кодекс азаматтардың өз құқықтарын дұрыс түсініп, оларды басқару және реттеу мәселесінде ғана көмектесуі керек.

F: Әлеуметтік кодексте ескерілмей қалған мәселелер туралы не айтасыз?

- Анығын айтқанда, Әлеуметтік кодекс қабылданбай тұрып-ақ көп сын тудырған болатын. Меніңше, бұл құжатта өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі ашық күйде қалып отыр. Бірыңғай жиынтық төлем режимі осы жылдың соңында аяқталады, ал үкімет тарапынан жаңа ұсыныс болған жоқ. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды біз қазір жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттеп жатырмыз. Сол сияқты, платформада жұмысқа орналасу тұрғысында да біраз гәп бар, әсіресе, такси жүргізушілері мен курьерлерге қатысты. Мемлекет оларды еңбек заңнамасынан алып тастады. Олар енді азаматтық-құқықтық санаттағы «орындаушы» ретінде Еңбек кодексінде ескерілген кепілдіктерге үміт ете алмайды. Мысалға, олар өз кәсіподағын құра алмайды, өйткені бұл арада жұмысшы мәртебесі жоқ, олардың зейнетақымен қамтылу мәселесі де бұлыңғыр. Ресми орындардың тірлігіне қарап, олар «плафторма-компаниялардың мүддесін лоббилеп отыр ма?» деп те таң қаласың кейде. Парадокс айқын: тұтас бір әлеуметтік топты (платформа қызметкерлері) жұмыспен қамту мәселесінде Әлеуметтік кодекс Еңбек кодексіне емес, Азаматтық кодексе артықшылық беруде, сөйтіп, еңбек қатынастарының бар екендігін дәлелдейтін кез келген мүмкіндіктен белгілі бір шарттарды алып тастап отыр. Ал соңғы уақытқа дейін соттардың – нақты бір мәселелерде, еңбек шарты болмаған күннің өзінде де белгілі бір жағдайларды еңбек қатынастары деп тани алатын ептеген болса да мүмкіндігі бар еді.

Айтқандай, парламент қабылдаған Әлеуметтік кодекске қатысты ресми сын биыл сәуір айында Конституциялық сот тарапынан да айтылды. Президент қол қояр алдында кодекстің Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұрады. Сонда Конституциялық сот Әлеуметтік кодекстің Конституцияға сәйкестігін мойындай отырып, онда құқықтық нормаларды екіұшты түсінуге алып келуі ықтимал жекелеген кемшіліктер бар екеніне де назар аударды. Ертеңгі күні бұл кемшіліктер кодексті дұрыс қолдануға кедергі келтірмейді деп сенгіміз келеді, бірақ бұл арада өзіндік күдік те жоқ емес.

Жалпы, заң қабылдау барысындағы негізсіз асығыстық пен ұсынылған заң жобаларын азаматтық қоғаммен кеңінен талқыланбау салдары, әдетте, осындай олқылықтарға алып келеді. Мұны ел үкіметі де, қоғам іші де әрқашан ойда ұстағаны дұрыс.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить