Филология маманы комикс жанрын қалайша табысты кәсіпке айналдырды?

16587

Комикс жанры Қазақстанда қалай дамып келеді, әлем бойынша бұл салада көш басында қай елдер тұр? Бұл туралы астаналық суретші-иллюстратор Мағира Тлеубердина Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында әңгімелеп берді

Мағира Тлеубердина
Мағира Тлеубердина

Сіз ағылшын және қытай тілдерінің маманы екенсіз. Еуразия ұлттық университетін тәмамдапсыз. Филолог Мағира қалайша суретші, комиксші атанды?

- Мен қарапайым отбасынан шыққан адаммын. Мен үшін, ең алдымен, оқып, диплом алу басты мақсат болды. Сол үшін де филолог мамандығын таңдадым. Анығын айтсам, өзімді ешқашан суретші ретінде сезінбеп едім. Сурет салу өнері – көп еңбек пен ізденісті талап ететін өз алдына бір қымбат дүние... Ал университетті бітіріп, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанда, яғни ана атанғанымда өзімнің хоббиімді дамытуды қолға алдым. Содан үйде қарап отырмай, сурет салып, жаңа салаға бет бұрдым. Қысқаша айтсам, бәрі осылайша басталды.

Комикс салуда Сіз этникалық стильді таңдапсыз. Бұның себебі неде? Аллдын ала сұранысты бағалап, нарықты зерттедіңіз бе?

- Иә, алдымен нарық ішін зерттеп, мұқият қарадым. Еліміздегі өзге суретшілермен жолығып, олардың жұмысымен таныстым, еңбектерін көрдім. Шынын айту керек, Қазақстанда өнерлі де танымал, дарынды қылқалам шеберлері өте көп. Мен олардың көбін аралап шықтым. Маған, негізінен, шабыт берген, бағыт берген, кеңес берген сол суретшілер, өзімнің сүйікті ісіммен айналысуыма солар себепкер болды.

Ал этникалық стильде сурет салу қазір біздің заманымыздың трендіне айналып келеді. Ұлттық айдентика әрбір адамға ерекше әсер қалдырады, көңіл күйін көтереді, өз ұлтымызға деген махаббатын оятады. Сондықтан да мен, ең алдымен, осы бағытты таңдадым, осы бағытта сурет салуды жөн санадым.

Алғашқы туындыңыз қандай? Қазірге дейін қанша комикс салдыңыз? Олардың ішінде қандай кейіпкерлер бар?

- Алғашқы туындымды Қабанбай батырға арнадым. Алғашқы кейіпкерім, алғашқы тақырыбым осылай аталды. Яғни, бұл «Қабанбай батыр» деп аталатын, көп еңбекті талап еткен хикая. Қазір мен бұл тақырыптың бірінші бөлімін бітірдім, әлі де сол кейіпкердің жолын ұзартып, тақырыпты жалғастырғым келеді. Бұл жерде біз екі жобаны қатар дайындаудамыз, дәлірек айтсам, Бек-ата есімді белгілі комикс сценарисімен коллаборация жасадық. Жақын арада өзара бірігіп Есекмерген батыр туралы «Мерген» атты комикстерді шығарамыз деген жоспар бар. Ол комикстің негізгі айтар ойы мен мақсаты өте терең – бұл философиялық ой туғызатын мәнді де мазмұнды хикая болмақ. Онда басты кейіпкер Мергеннің қиындыққа толы батырлық жолынан бастап, жақсылық пен жамандық, өмір мен өлім, өмірдің мақсаты деген ұғымдар мен өзге де күрделі мәселелер көтерілмек. Өз басым «Мерген» комиксіне үлкен үміт артамын, бұл еңбектің қазақ комиксінде классиклық туынды болғанын қалаймын. Сонымен қатар, мен Алдиярға, яғни «Ирина Кайратовна» тобының мүшесіне сурет саламын. «Мини-маркет Жұлдыз» аталатын оның еңбегі мәдениет саласындағы жаңа бір жоба, жаңа бір «бомба» болады деп ойлаймын.

Бұл жанрда сізге бағыт, кеңес бергендер болды ма, серіктестеріңіз бар ма? Сізге кім қолдау жасады?

- Маған көп адам қолдау білдіруде. Мысалы, олардың ішінде менің оқырмандарым, сурет өнеріндегі серіктестерім, басқа да белгілі суретшілер, танымал адамдар бар. Мен оларды өте құрметтеймін, олардың маған артқан сенімдері, жылы лебіздері әрқашан менің жадымда, оларды ешқашан ұмытпаймын. Суретші болу арқылы мен көптеген адамдардың сеніміне, құрметіне ие болдым. Бұл маған шабыт береді және осы саланың биік шыңдарын бағындыруға жетелейді. Ал басты қолдаушым – жан досым, күйеуім.

Сіздің аудиторияңыз, негізінен, кімдер? Сіз салған комикстер әлеуметтік желілерде ғана жариялана ма, әлде басылым форматында да шыға ма?

- Оқырмандар аудиториясы, негізінен, 17 мен 30 жас аралығындағы жастардан құралған, олар жан-жақты дамыған, мейірімді де заманауи көзқарастағы жандар. Мен «Қабанбай батыр» аталатын комиксімді аздаған тиражбен өзім басып шығардым. Мені шақырған баспалар болды, бірақ оларға келісім бермедім. Себебі олармен жұмыс істеу менің авторлық төл туындыларыма кері әсерін тигізер еді. Қалай дегенмен, олардың өз ережелері, қоятын талаптары бар, мысалы, цензура және т.б. дегендей. Ал мен үшін тәуелсіз суретші болу бәрінен де маңызды.

Сіздің еңбектеріңіз қалай бағаланады? Жалпы, бұл табысты сала ма?

- Әлем бойынша алғанда, комикс суретшілерінің орташа табысы жылына 90 000–120 000 доллардан басталады. Мен еңбекақымды комикс бетінің санына қарай есептеймін, бір бетіне, орташа негізде, 25 000–30 000 теңге деген тұрғыда. Өз аудиториям аясынан алып қарағанда, менің жұмыстарым өте жоғары бағаланды деп айта аламын. Ең бастысы – мен өз мақсатыма жеттім. Ал табыс жағына келер болсақ, комикс саласы ауқымды да күрделі жұмысты талап етеді, мен үшін комикс салу – жан рахаты, мен одан қуат аламын, сондықтан да мен үшін табыс көзі бірінші орында емес. Бұл сала біздің елде енді ғана дамып келеді, бірақ бұл бағытта қазірдің өзінде ілгері жылжу бар. Біз үшін бұл өз алдына жаңа мәдениет, оның қанатын қатайту үшін, ең алдымен, аудитория, яғни оқырман дайын болуы керек. Дегенмен, бұл саланың болашағы зор деп есептеймін.

Әлеуметтік желілердегі қаралым қандай? Қазақ оқырманының комикстерге деген қызығушылығы туралы не айтасыз?

- Біздің адамдар үшін бұл жаңа бағыт, сондықтан оған қызығушылықпен қарап, көп уақытын бөлетіндер аз емес. Желіде олар жаңа туындыларды іздестіріп, қарап жатады, жалпы, бұл жанр біздің адамдарға қызықты әрі керек нәрсе деп ойлаймын. Әрине, иллюстрация қызық, бірақ комикс елеулі әсер қалдыратын, көп ақпарат беретін, көп уақытты талап ететін ерекше туынды. Ол адамның ойын кеңейтеді, мысалы, кәдімгі фильмнен әсер алған сиқты. Біздің халықта оған сұраныс бар.

Қазақстанда комикс саласы қаншалықты дамыған? Бұл бағытта кімдердің еңбектерін жоғары бағалайсыз?

- Комикс саласы бізде әлі де даму үстінде. Бірақ соған қарамастан бұл мәдениетте өзін көрсетіп, дәлелдей білген азаматтар баршылық. Солардың ішінде мені Бексултан BULT comics жасаған «Казахмэн» және Мәдибек Мұсабековтың «Золотой воин» комикстері ерекше шабыттандырады. Олардың қолынан туындаған еңбектер, жалпы, олардың жұмыстары менің комикс саласын таңдауыма ықпал етті.

Комикстен бөлек мурал салумен де айналысады екенсіз. Сіздің туындыларыңызды қайдан көруге болады? Кімдер тапсырыс берді?

- Мен муралды Астанадағы Урбанистика орталығының тапсырысымен салдым. Оның басшысы Елнар Базыкенге жеке өзім хабарластым. Олар суретті таңдап, мурал салынатын үйдің мекен-жайын белгілеп бергенде, қатты таңғалдым. Себебі олар менің отбасым тұратын үйді таңдаған екен – тура бір фильм түсіретін жағдай десе де болады. Менің муралым Астанадағы Мүсірепов көшесі бойындағы үйлердің бірінде бейнеленген. Сол үйдің қабырғасындағы еңбек менің сурет әлеміндегі бірегей туындым.

Белгілі бір тақырыптағы комиксті салу үшін қанша уақыт кетеді?

- Маған бір комиксті салу үшін 2–3 ай жетеді, бұл күрделі процесс, оның ішінде кейіпкерді жасап, сомдау, кадрға бөлу сынды жұмыстар да кіреді.

Әлемде бұл жанрға деген сұраныс қандай? Қай елдер көш бастап тұр?

- Көш басындағы ел – АҚШ, әрине. Комикс саласы Жапонияда да жақсы дамыған. Оларда бұл бағыт миллиондаған табыс әкеледі. Құдай қаласа, бұлардың қатарына біз де кіреміз деген үміт бар...

Өз комикстеріңізді мультфиьмге, анимацияға айналдыруды армандайды екенсіз. Бұл бағытта қандай жоспарыңыз бар? Бұл үшін не қажет?

- Маған, біріншіден, комикс саласына бар күшімді салып, одан әрі анимация бағытында оқып, содан кейін тәжірибеден өту керек. Бұл жанр бойынша мен еш жерде оқыған жоқпын, арнайы білімім жоқ, бірақ соған қарамастан сурет салуды барынша үйреніп алдым.

Бұл бағытта да мен, ең алдымен, өз күшіме сенемін!

Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить