Әуе тасымалындағы «қара тізімге» ілінбес үшін нені білу керек?

35239

Биыл наурыздан бастап әуе компаниялары – ұшақ ішінде жанжал шығарып, әуе тасымалының тәртіптері мен ережелерін бұзған жолаушыларды тасымалдаудан бас тартуға құқылы

ФОТО: © Depositphotos/Free2014

2023 жылдың 1 наурызында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңына енгізілген тиісті түзетулер өз күшіне енді. Оған сәйкес отандық әуе компаниялары әуе тасымалының тәртіптері мен ережелерін бұзған жолаушыларды «қара тізімге» енгізуге құқылы.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Формальдылықты оңайлату департаментінің директоры Нұржан Малаев, әуе тасымалы туралы заңға мұндай түзетулер енгізуге – «деструктивті жолаушылар тарапынан ұшу қауіпсіздігіне қатер туғызу жағдайлары» негіз болғанын айтады.

 Нұржан Малаев, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Формальдылықты оңайлату департаментінің директоры
Нұржан Малаев, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Формальдылықты оңайлату департаментінің директоры

«Өкінішке орай, бүгінде елімізде деструктивті жолаушылардың мінез-құлқы ұшу қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіретін жағдайлар қайталануда. Деструктивті жолаушылардың кесірінен рейс орындаушы ұшақ апатты түрде қонып, басқа жолаушыларға қолайсыздық тудырған, авиакомпаниялар қаржылық шығындарды өз мойнына алуға мәжбүр болған жағдайлар бар.

Осыларды ескере отырып, Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен бірлесіп, заңға «Қара тізім» деп аталатын түзету енгізуге бастамашы болды. «Қара тізім» деструктивті жолаушылар реестрін енгізуді көздейді», - дейді ол.

Нұржан Малаевтың айтуынша, енді әрбір әуе компаниясы бұл тұрғыда өзінің жеке реестрін жүргізе алады.

«Әуе компаниясы жолаушыны «қара тізімге», егер оның әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 441-бабының 1-2-бөлігінде, 564-баптың 5-ші бөлігінде және 566-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілеріне жататын не ҚР Қылмыс кодексінің 293-бабының 2-ші бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылыққа жататын жағдайда ғана енгізуге құқылы», - деп түсіндіреді «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» мекемесінің өкілі.

Ол, сондай-ақ: «Жолаушыны әуе тасымалы шектелген тұлғалар реестріне енгізу туралы шешімді – әкімшілік құқық бұзушылық туралы сот үкімі негізінде (заңды күшіне енген) әуе компаниясының басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды. Мұндай шешім – әуе компаниясы сот үкімін алған күннен бастап (немесе сот үкімі тиісті интернет-ресурстарда жария етілген күннен бастап) күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзім ішінде қабылданады», - дейді.

Нұржан Малаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін отандық әуе компанияларының тәжірибесінде жолаушыны тасымалдаудан бас тарту құқығы болмаған, оның орнына олар «Сұр тізім» шарасын қолданып келген.

«Сұр тізім» – әуе кемесінің бортындағы ережелерді бұзуға жол бермеу үшін екерту хаттары ұсынылған тәртіпсіз жолаушыларға қатысты шара», - дейді «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Формальдылықты оңайлату департаментінің директоры.

ФОТО: © Depositphotos/kasto

Өз кезегінде Air Astana әуе компаниясының әуе қауіпсіздігі департаментінің деректерді өңдеу жөніндегі менеджері Анар Нұрпейісова, тәртіпсіз жолаушы авиакомпаниялардың «қара тізіміне» бір жыл мерзімге енгізілуі мүмкін дегенді айтады.

«Қара тізімді» енгізу заңсыз жолаушыларға ықпал етудің тиімді құралына айналуы тиіс шара. «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының 78-1-бабына сәйкес, егер жолаушы бұрын әуе компаниясының реестріне енгізілген болса, әуе компаниясы енді ол тұлғаны тасымалдаудан бас тарта алады», - деп түсіндіреді ол.

Анар Нұрпейісованың айтуынша, әуе компанияларының «қара тізіміне» тәртіп бұзған жолаушы төмендегідей жағдайларда ілінуі мүмкін: бортта ауызша қорлау, қауіпсіздік ережелерін сақтамау, физикалық күш қолдану, әуе кемесінің бортында темекі шегу, тасымалдаушының мүлкіне зиян келтіру және т.б.

«Жолаушыны «қара тізімге» енгізу туралы шешім әкімшілік жаза қолдану туралы сот үкімі негізінде шығарылады. Заңға сәйкес жолаушы бұл тізімге 1 жыл мерзімге енгізілуі мүмкін», - дейді әуе компаниясының менеджері.

Айтпақшы, әуе кеңістігі аумағында шу шығарып, маңайындағыларға, әуе компаниясы өкілдеріне қарсы агрессивті мінез-құлық танытқан, әуе тасымалының тәртіптері мен ережелеріне бағынбаған жолаушыны халықаралық деңгейде «деструктивті жолаушы» деп таниды және де мұндай сипаттама тек әуе кемесіндегі ғана емес, әуежайдағы жолаушыға қатысты да қолданылуы ықтимал.

«Халықаралық азаматтық авиация ұйымының, яғни ICAO-ның (International Civil Aviation Organization – азаматтық авиацияның халықаралық стандарттарын белгілейтін және қауіпсіздік пен тиімділікті арттыру мақсатында оның дамуын үйлестіретін БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі) 17-қосымшасында деструктивті жолаушыға келесідей анықтама берілген: әуежайда немесе әуе кемесінің бортында мінез-құлық ережелерін сақтамайтын, әуежай қызметкерлерінің немесе экипаж мүшелерінің нұсқауларын орындамайтын және сол арқылы әуежайда немесе әуе кемесінің бортында қалыпты тәртіп пен ережені бұзатын жолаушы», - деп түсіндіреді бұл асипаттаманы «SCAT Airlines» АҚ PR және маркетинг бөлімінің басшысы Виктория Старожилова.

Виктория Старожилова, «SCAT Airlines» АҚ PR және маркетинг бөлімінің басшысы
Виктория Старожилова, «SCAT Airlines» АҚ PR және маркетинг бөлімінің басшысы

Осы арада туындайтын тағы бір өзекті сұрақ – деструктивті жолаушылар отандық әуе рейстерінде қаншалықты жиі кездеседі, жалпы, олар кімдер?

«Ұшу барысында немесе ұшар алдында жолаушы алкогольдік ішімдік салдарында мас болып, дұшпандық әрекет танытса, күш көрсетсе, бортта темекі шегіп, бұзақылыққа берілсе, маңайындағыларды балағаттап, қорқытып-үркітуді білдіретін қимыл-әрекет қолданса, сол сияқты, жолаушының мінез-құлқы, қимыл-әрекеті күдікті болып, өзге жолаушыларға, экипаж мүшелеріне қауіп төндіретін болса, егер ол әуе кемесінің кез келген бөлігіне не борттағы мүлікке қасақана зақым келтіретін болса, онда әуе кемесінің экипажы арнайы бекітілген нұсқаулық негізінде әрекет ететін болады. Мұндай жағдайларда ақпарат дереу ұшу экипажына жеткізіліп, алдымен жолаушыға ауызша ескерту жасалады. Егер бұдан оң нәтиже болмаса, онда жолаушыға әуе кемесі командирінің атынан «Деструктивті мінез-құлық туралы ескерту» жасалады», - дейді Виктория Старожилова.

Ол, сондай-ақ, өз қызметтерін орындау барысында әуе компаниясының өкілдері жолаушылардың деструктивті қимыл-әрекеттерінің алдын алып, мұндай жағдайлардың жолын кесуге құқылы дегенді айтады.

Маманның айтуынша, егер жолаушы белгіленген ережені орындаудан бас тартса, онда оны құқық қорғау органдарының құзырына беру туралы шешім қабылданады. Тиісті құжаттама толтырылып, ақпарат диспетчерлік қызметке және әуе кемесі қонатын жердегі компания өкіліне жіберіледі. Кейін барлық ақпарат тәртіпсіз жолаушыны жауапқа тартумен айналысатын тиісті қызмет өкілдеріне жолданады.

Виктория Старожилованың айтуынша, SCAT әуе компаниясында «мұндай жағдайлар аса көп кездеспейді».

«Әдетте ауызша ескерту жеткілікті. Қазіргі уақытта компанияда «қара тізімді» қолдану тәжірибесі жоқ, бірақ деструктивті жолаушылардың әрекеттеріне қатысты бірқатар нұсқаулар бар. Бәлкім, алдағы уақытта соңғы енгізілген өзгерістерге байланысты кейбір ережелер өзгеріп, мұндай тізім тәжірибесі енгізілуі де мүмкін. Жалпы, әуе компаниясы үшін жолаушылардың қауіпсіздігі басымды бағыт, ал деструктивті қылықтардың алдын алуға бағытталған әрекеттер қауіпсіздік факторларының бірі болып табылады», - дейді ол.

Air Astana әуе компаниясының әуе қауіпсіздігі департаментінің деректерді өңдеу жөніндегі менеджері Анар Нұрпейісова бөліскен деректерге жүгінсек, әдетте әуе кемелері бортында тәртіпсіздікке жол беретін жолаушылардың дені орта жастағы ер адамдар көрінеді.

«Air Astana бортында әр 1000 рейске 15 деструктивті жолаушыдан келеді. Бұл жоғары көрсеткіш. 2022 жылы Air Astana рейстерінде осындай оқиғалардың 484-і тіркелді, ал биыл жыл басынан бері осындай 180 оқиғаны тіркедік. Тәртіп бұзушылардың басым көпшілігі орта жастағы ер адамдар. Оның ішінде қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де бар», - дейді Анар Нұрпейісова. Дегенмен, қазіргі таңда әуе компаниясы «қара тізім» тәжірибесін қолданысқа енгізе қоймаған.

Ал бізді алаңдатқан тағы бір сұрақ: «Әуе кемесіндегі жолаушылардың деструктивті қылықтарға бой беруіне не себеп?» деген тұрғыда.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Формальдылықты оңайлату департаментінің директоры Нұржан Малаевтың айтуынша, әуе кемесіндегі кез келген жанжал оқиға ұшу қауіпсіздігіне кері әсер беруі мүмкін.

«Деструктивті мінез-құлықтың себептері әртүрлі. Жиі кездесетін жағдайлар – жолаушылардың алкогольдік масаң күйі, әуе көлігіндегі ережелерді сақтамау (қауіпсіздік белдіктерін тақпау, экипаждың талаптарын орындамау және т.б.). Жалпылай алғанда, әуе кемесі бортындағы кез келген жанжал ауыр оқиғаға ұласып, бұл өз кезегінде ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін түсіну керек. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Қазақстанның авиациялық билік органдары ретінде, біз барлық жолаушыларды заң талаптарын сақтауға және өздеріне, жолаушылар мен экипажға қауіп төндірмеуге шақырамыз», - дейді өз сөзінде Нұржан Малаев.

ФОТО: © Depositphotos/LyazaTretyakova

Естеріңізге сала кетсек, FlyArystan әуе компаниясы наурыздың 3-де таратқан ақпаратта: «Қазақстанда 1 наурыздан бастап «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңнамаға жаңартулар енгізіліп, әуе компаниясы жанжалқой жолаушыларды тасымалдаудан бас тартуға құқылы. Бұдан былай тәртіп бұзушыларды тәртіпке шақырып, 50 айлық есептік көрсеткіштен бастап айыппұл салынады. Сонымен қатар, заңды бұзған жолаушылар «қара тізімге» енгізілетін болады», - делінді.

Әуе компаниясының бұл ақпараты 25 ақпанда Астана әуежайында орын алған жанжал оқиғаға қатысы бар жолаушыларды жауапқа тарту тұрғысында болатын. Баспасөз мәліметінде, сондай-ақ: «25 ақпанда әуе компаниясына қатыссыз себептерге байланысты (Шымкент әуежайындағы ұшып-қону жолағы жұмысының шектеуіне байланысты) Астана-Шымкент бағытында ұша алмай қалған жолаушылар жанжал шығарды, олардың екеуі әкімшілік жауапқа тартылып, әкімшілік жазаға сәйкес ҚР Әкімшілік кодексінің 434 бабына және 73 баптың 1 бөліміне сай (соққыға жығылу) айыппұл төледі», - деп көрсетілді.

Фотосуреттер спикерлердің жеке архивінен алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить