Сарапшы: Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын ешқашан ұмытпау керек

29213

Жойқын зілзала орын алғалы екі аптадай уақыт өткенде, Түркияның оңтүстігінде жер асты дүмпулері қайталанды деген хабар келді

ФОТО: © Depositphotos.com/Postnikov

Ақпанның 6-да орын алған Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі 45 мыңнан астам адамның өмірін қиды.

Бұл елдердегі жойқын зілзала салдары қазақстандықтарды да алаңдатып отырғаны белгілі, әсіресе, еліміздің кей өңірлері сейсмикалық белдеуде орналасқанын ескерер болсақ. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», мұндай жағдай қазақ жерінде де орын алып жатса, еліміз, халқымыз бұған дайын ба? Ықтималды табиғи апаттардан алдын ала сақтану үшін не істемек керек?

Forbes.kz ұйымдастырған пікірталасқа қатысқан отандық сарапшылардың пікірінше, Түркия мен Сириядағы кешегі қазалы оқиға әлем халқына сабақ болуы тиіс. «Біздің күнделікті өмірімізде қатаң әрі міндетті түрде сақталып, орындалуы тиіс арнайы нормалар бар десек, оның ең бастысы – сейсмикалық нормалар» дейді олар.

Зілзала айтып келмейді...

ҚР ТЖМ «Сейсмологиялық институты» ЖШС директоры Дәулет Сәрсенбаев, бүгінде ел ішін мазалап отырған негізгі сұрақтың бірі «түрік трагедиясы Алматыда қайталануы мүмкін бе?» дегенге саяды деп отыр.

Дәулет Сәрсенбаев
Дәулет Сәрсенбаев

«Орталық Азия аумағындағы сейсмикалық ең қауіпті аймақ – Алматы қаласы орналасқан Іле Алатау өңірі. Осы арада баса айтқым келеді: біздің сейсмолог ғалымдар берген нақты жауапқа сай, бұл өңірдегі, оның ішінде Алматы қаласы бойынша сейсмикалық жағдай бүгінгі таңда еш қауіп тудырып отырған жоқ», - дейді Сейсмология институтының директоры.

Сарапшының айтуынша, елімізде құрылыс нормалары мен ережелері үнемі күшейтіліп отырады: «Бұл талаптар қазір де өзгертіліп, халықаралық стандарттарға жақындап қалды. Бірақ біз Алматы қаласы сейсмикалық тұрғыда қауіпті аймақта орналасқанын ешқашан ұмытпау керек. Өкінішке қарай, Сейсмология институты елдегі құрылыс сапасын қадағалай алмайды. Қазір сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан елді мекендерде қарқынды құрылыс жүріп жатыр. Олай болса біздің Институт тарапынан сейсмологиялық қортынды беру өзекті деген сөз».

Дәулет Сәрсенбаев, жер сілкінісі кезінде адамдар көбінесе зілзаладан емес, зілзала салдарында құлап, қираған ғимараттардан жапа шегеді дегенді алға тартады, әсіресе, ол ғимараттар сейсмологиялық құрылыс талаптарына сай болмаса.

«Қазір отандық құрылысшылардың біразы айтып отыр, Түркиядағы кешегі жойқын апаттың бір себебі – жергілікті құрылысшылар мен жобалаушы мамандардың тиісті нормалар мен ережелерді есепке алмай, ғимараттарды қираудан қорғайтын қарапайым конструкциялық шешімдерді қолданбауы болса керек деп. Сейсмикалық нормаларды әркім өз еркімен жеке-жеке қолдана алмайды, бұл кешенді шара. Егер біздің өмірімізде міндетті түрде қатаң қолдануды талап ететін нормалар бар десек, соның ең бастысы – сейсмикалық нормалар. Сейсмикалық аудандастырумен, сондай-ақ сейсмикалық нормативтермен жұмыс істегенде жеңілтектікке, ұшқалақтыққа жол беруге болмайды», - дейді Сейсмология институтының директоры.

Ол, сондай-ақ біздің еліміз «бірнеше жылдан бері Еурокод 8-ге өтуі керек-тін» дегенді айтады: «Бұл – азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды және қауіптілігі жоғары объектілерді жобалаудың еуропалық техникалық стандарттары. Бұл стандарттарды құрылыста қолданғысы келетін ел (оның ішінде сейсмикалық аудандарда құрылыс жүргізуде және сейсмологиялық төзімділігі ескерілген ғимараттарды салуда) Еуропалық стандарттар ұйымымен келісімге отыруы тиіс».

Айтқандай, Түркиядағы құрылыс сапасына қатысты сыни пікір бүгінде жан-жақтан көптеп айтылуда. Қазақстанның құрметті құрылысшысы Айбек Тайжұмаев, 2015 жылы Түркияға барған сапарында, ондағы құрылыс сапасын өз көзімен көргенін айтады.

Айбек Тайжұмаев
Айбек Тайжұмаев

«Қазір Түркиядан баспана сатып алу қазақстандықтардың арасында өзіндік бір сәнге айналды. Мұның басты себебі жайлы климат және баспанаға деген арзан баға болса керек. Мұндай ықылас кезінде менде де болды. 2015 жылы Түркиядағы тұрғын үй объектілерімен танысу үшін түркілік бір құрылыс компаниясының басшысымен арнайы сапарға қатыстым. Алдымен Анталияда, артынша Аланияда  болдық. Ондағы тұрғын үйлер айтарлықтай арзан, сыртынан қарасаң көздің жауын алады. Бірден ойланып қаласың – Қазақстандағы қымбат пәтерге шығындалғанша, Түркиядан арзанға үй сатып алған дұрыс па деп. Екінші деңгейдегі баспана нарығындағы баға бізбен салыстырғанда анағұрлым төмен. Бірақ қонақ үйдің балконына шыққанымда, оның соншалықты орнықсыз, сапасыз етіп салынғанын байқадым. Сөйтіп, құрылыс компаниясының директорынан, мені жаңадан салынып жатқан объектіге апаруды сұрадым. Біраз кібіртіктесе де, ол келісті. Құрылыс алаңында – олардың жұмысы сын көтермейтініне көз жеткіздім. Артынша бұл елден жылжымайтын мүлік алудың қажеті жоқ деп шештім», - дейді ол.

Өз кезегінде, Qazaqstanda Jasalgan қозғалысының жетекшісі, кәсіпкер Айбек Барысов, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Алматыға тән түйінді де өзекті мәселенің бірі – қала ішінде қарқын алған жыпыр-жыпыр құрылыс дегенді алға тартады.

Айбек Барысов
Айбек Барысов

«Ең алдымен, мен түрік бауырларымызға көңіл айтамын, олар қазір қиын-қыстау кезеңді бастан кешуде. Енді біз мұндай қасіреттің басқа елдерде, оның ішінде біздің Қазақстанда да қайталанбауын ескеріп, осы бастан шара қолдануды ойластыруымыз қажет. Бұл тұрғыда, ең алдымен, ел ішінде қарқындап жүріп жатқан барлық құрылыс объектілерінің, тұрғын үйлердің, жеке баспаналардың жобалық құжаттарына деген талаптарды әлі де күшейтіп, құрылыс сапасына деген бақылауды арттыру керек», - дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, Алматыдағы жыпырлаған құрылыс – 80-ші жылдардың соңында республика басшылығына Геннадий Колбин келген тұста басталса керек.

«Сол жылдары қала ішіндегі тұрғын үйлердің ауласындағы балаларға арналған алаңдар да құрылыс үшін қолданыла бастады. Ал бұл алаңдар кезінде әдейі кең етіп салынған – Ташкенттегі жер сілкінісінен кейін. «Зілзала айтып келмейді»: егер Алматыда да табиғи апат орын алып жатса, онда арнайы техниканың жүріп өтуіне де жол керек... Жыпыр-жыпыр құрылыс Алматыда бүгін де кең тараған. Байыппен қарасақ, қазір, тіпті, мектеп маңындағы балалар алаңын да тұрғын үй кешеніне айналдырғысы келетіндер жоқ емес және бұл шешімін олар баспанаға деген сұраныстың артуымен түсіндіргісі келеді», - дейді кәсіпкер.

Айбек Барысов, сондай-ақ Алматыдағы көпқабатты үйлерде пәтер иелері «пәтер ішіндегі тірек конструкцияларын өз бетімен алып тастауға жол беруде, мұндай заңсыздыққа ықпал етуші тетіктерді қайта ескеру қажет» деп отыр.

Сонымен қатар, ол – жеке баспана құрылысына сәулет-құрылыс бақылауы керек дегенді айтады: «Жеке секторда әркім өз еркімен жобалап, қалай болса, солай үй салуға кіріскен. Бетін аулақ қылсын, әрине, бірақ табиғи апат көрініс берсе, мұның салдары көптеген шығынға батырады. Біз өзімізді қорғау шараларын бүгіннен бастап ескеруіміз керек. «Көппен көрген Ұлы той» деп, алаңсыз отыра беретін заман емес қазір. Қала жұрты өз үйінің, өз пәтерінің жағдайын бүгін тексеріп, біліп отырғаны жөн», - дейді кәсіпкер.

Жер сілкінісін болжау мүмкіндігі бар ма?

Бүгінде бұл сұрақ тек қазақстандықтарды ғана емес, жер шарындағы сейсмикалық аймақтарда тұрып жатқан көптеген халықтарды мазалайтыны анық.

ҚР ТЖМ Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев, бүгінгі таңда ғалымдар жер сілкінісін «дөп басып, алдын ала болжай алмайды» деген пікір айтады.

«Қысқа мерзімге негізделген болжам айту бұдан да қиын. Әдетте мұндай болжамдар тек ғылыми-ізденіс сипатында ғана кездеседі. Бірақ қысқа мерзімдік нақты болжам жасалған жағдайдалар тарихта бар, мысалға, Қытайда. Дегенмен, бұл – ғылым тарапынан әзірше шешімін таппаған түйінді мәселе», - дейді сейсмолог маман.

Оның айтуынша, ҚР ТЖМ «Сеймологиялық институты» серіктестігінде ондаған жылдар бойы жойқын жер сілкінісін болжау проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуде. Алайда, ықтималды жер сілкінісі дұрыс болжанған күннің өзінде, сапасыз салынған ғимараттар мәселесі бәрібір салдарсыз болмайды.

«Тіпті, сенімді болжам жасалғанда да, миллиондаған халықты әп сәтте оңай көшіріп, эвакуациялау мүмкін емес, сірә. Сондықтан да жер сілкінісінің қауіптілік дәрежесіне қарай аумақты саралау негізіндегі сейсмикалық аудандастыруды нақтылау жұмыстарының маңызы өте зор. Сондай-ақ, жер сілкінісі кезінде нені білу керек, қалай қимылдау керек деген сұрақтардың жауабын да алдын ала ескеріп, дұрыс қадам жасауды үйренген де маңызды», - дейді Сейсмология институтының басшысы.

Соңғы жылдары Алматы қаласында жер сілкінісін алдын ала хабарлау сиреналары бірнеше рет қосылып, ТЖМ тарапынан оқу-жаттығу шаралары қолға алынуда. Алайда, қала жұрты бұл шараларға немқұрайлық танытып жүргені жасырын емес.

«Бүгінде әлем бойынша ықтималды апаттарды алдын ала ескерту жүйелерін жетілдіріп, халықтың дайындық деңгейін көтеруге барынша мән берілуде. Сейсмикалық мониторинг желілерін пайдаланатын алдын ала ескерту жүйелері жер сілкінісінің басталғанын анықтап, тұрғындарға қауіп төнгені туралы жедел ескерту жібереді, яғни жер асту дүмпулері күшеймей тұрып, қала жұрты тиісті қорғаныс шараларын қолдана алуы үшін», - деп түсіндіреді Дәулет Сәрсенбаев бұл тұрғыда.

Оның айтуынша, Сейсмология институтында тұрақты негізде жұмыс істейтін болжам жасау комиссиясы бар, ол Алматы аумағы бойынша орта және қысқа мерзімді сейсмикалық болжам жасаумен шұғылданады (магнитудасы Ms ≥ 5,6 жер сілкіністеріне қатысты). Бұл болжамдар төтенше жағдайлар министрлігіне және өзге де құзырлы мекемелерге жолданып отырады.

«Қысқа мерзімді болжам жасау әлі де толыққанды дами қойған жоқ, бірақ мұндай болжамдар бар. Болжам дер кезінде жасалған тұста халықтың жедел әрекет ете білуі өте маңызды, бұл кез келген апатты жағдайда мыңдаған адамның өмірін құтқарады», - дейді Сейсмология институтының директоры.

Айтпақшы, аталған институттың сейсмобиологиялық зертханасының полигонында жер асты дүмпулері қарсаңындағы жануарлардың қимыл-әрекетіне қатысты зерттеулер де жүргізіледі.

«Бұл тұрғыдағы биологиялық бақылаулар биополигонда 40 жылдан астам жүргізіліп келеді. Жануарлар жер сілкінісін бір ай бұрын сезінуі де мүмкін. Мысалға, Қырғызстандағы Суусамыр жер сілкінісіне (М=7,5) дейін 34 күн бұрын жыландар шектен тыс мазасыздыққа бой бергенін автоматтандырылған құралдар тіркей алған. Жыландар – жер сілкінісі қарсаңындағы жарықшалардың ұлғайып, бірігуі кезіндегі инфрадыбыс пен электромагниттік сәулелерге қатысты өзінше әрекет етіп, дүмпулер алдында жер бетіне шығатын газдарды сезіне алады. Жануарлардың бойында байқалатын жер сілкінісі қарсаңындағы жаппай ауытқулардың басты себебі де осында. Әрине, биологиялық бақылаулар геофизикалық, гидрологиялық және метеорологиялық мониторингпен қатар, кешенді негізде жүргізілед», - дейді Дәулет Сәрсенбаев.

Құрылыс пен кептелістің арасында...

Сейсмология институты директорының айтуынша, бүгінде Қазақстанның барлық аумағында 68 сейсмологиялық станция жұмыс істейді. Салыстыру үшін – бір ғана Стамбул қаласы төңірегінде осындай 200 станция бар. Ал Қазақстанның жер аумағы Түркиядан 3,5 есе үлкен.

«Өкінішке қарай, еліміздегі мониторинг жағдайы қазіргі заманғы талаптарға толық сай деп айта алмаймыз, бұл арада мәселе сейсмологиялық станциялар санынан бастап, техникалық құрал-жабдық деңгейі мен мониторинг тиімділігіне де тікелей қатысты. Бүгінде Қазақстанның сейсмикалық аймақтарында жұмыс істеп жатқан станциялар саны сейсмикалық қауіпсіздік пен тәуекелді бағалаудың негізгі міндеттерін толыққанды шешу үшін жеткіліксіз. Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының сейсмикалық қауіпті аймақтарында сейсмологиялық бақылаулар мүлдем жоқ деуге болады. Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында сейсмологиялық бақылаулар әлі де дамымаған. Ал Алматы облысындағы сейсмикалық, геофизикалық, гидрогеохимиялық желілер мен өзге де бақылау бекеттерінің (обсерваториялар, станциялар) техникалық жасақталуы заманауи талаптарға сай дей алмаймыз», - дейді Сейсмология институтының директоры.

Өз кезегінде, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Айбек Тайжұмаев, ықтималды зілзала салдарында Алматы үшін салдарсыз қалмайтын өзекті мәселенің бірі қала ішіндегі кептелістер дегенді еске салады.

«Бетін аулақ қылсын, әрине, бірақ зілзала атаулы айтып келмейді. Кез келген апатты жағдай, қауіпті дүрбелең барысында қала ішінде тығыз кептеліс қалыптасып, халықты қауіпсіз аумақтарға көшіру қиындай түседі. Басты себеп – соңғы жылдары қала ішінде оңды-солды қаулап өскен есепсіз құрылыс. Бұл арада, тіпті, қаланың Бас жоспары да назарға алынар емес. Қаладан шығуға арналған бірқатар трассалардың бойында шағын да мөлтек аудандар қалыптасып, тұрғын үй кешендері бой түзеуде. Бірақ олар түгелдей инфрақұрылыммен жасақталған дей алмаймыз. Мысалға, «Алтын Арман»  шағын ауданында 25 мыңдай адам тұрып жатыр, соған қарамастан онда не мектеп, не балабақша жоқ. Ондағы жұрт балаларын қалаға не қалаға жақын аудандардағы мектептерге апарып, өздері де қалаға қатынап, жұмыс істейді. Қайталап айтамын, қазір онда 25 мыңдай адам тұрып жатыр...

Кейде, тіпті, таңқаласың – біздің әкімдер мен олардың орынбасарлары не істеп жүр? «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, ең болмаса, кәсби мамандармен, сарапшылармен ақылдасып, қала құрылысына дұрыс баға бермей ме? Өйткені дәл қазір біз қала құрылысы сынды өзекті мәселеге «қылмыстық немқұрайлық» танытып келеміз», - деп түйіндейді өз ойын құрылыс маманы.

Фотосуреттер кейіпкерлердің жеке архивінен алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить