Мал шаруашылығын түземей, еттің бағасы арзандамайды

44385

Ресми мәліметтерге жүгінсек, өткен айдың қорытындысы бойынша, елімізде бір жылда ет және ет өнімдері 16%-ға қымбаттаған, яғни 2022 жылдың ақпаны мен 2023 жылдың ақпаны аралығындағы кезең аясында

ФОТО: © Depositphotos/efesenko

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистикалық бюросы 1 наурызда жария еткен мәліметтерге сүйенсек, жылдық инфляция деңгейіне барынша салмақ түсірген көрсеткіштер арасында азық-түлік өнімдері мен алкогольсіз сусындардың үлесі 10,5 пайыздық тармақты құрайды. Бір жыл ішінде елімізде (2022 ж. ақпаны мен 2023 ж. ақпаны аралығында) нан өнімдері мен жарма түрлерінің бағасы 34%-ға, ет және ет өнімдерінің бағасы 16%-ға өсіп, инфляцияға 2,4 және 2 пайыздық тармақ деңгейінде үлес қосқан.

2023 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша елімізде жылдық инфляция 21,3%-ды құрады (2023 жылдың қаңтарында – 20,7%).

Естеріңізге сала кетсек, ақпанның басында еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі өз ақпаратында: «республикадағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қоры 1 млн тоннадан асады» дегенді алға тартып, «елде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының көтерілуіне алғышарттар жоқ, азық-түлік көлемі ағымдағы маусымаралық кезең үшін жеткілікті» деп мәлімдеді.

Статистикалық ресми мәліметтерге жүгінер болсақ, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 0,1%-ға, ал жылдық мәнде – 17,2%-ға көтерілген, бұл жайында Ұлттық статистикалық бюросы хабарлады.

Бүгінгі таңда елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қатарында 19 өнім бар, оның ішіне сиыр және құс еті де кіреді.

Министрлік: ішкі нарық тиісті өніммен толық қамтылған

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Есенеевтің айтуынша, Қазақстанда «жылына, шамамен, 1,2–1,3 млн тонна ет өндіріледі».

«Оның негізгі массасын, яғни, шамамен, 95%-ын өзіміз өндіріп, өзіміз тұтынамыз. Әрине, импорт та бар. Мысалы, мұздатылған 6 мың тонна етті біз Бразилия мен Аргентинадан импорттаймыз. Ол, негізінен, қайта өңдеуге кетеді. Ал 18 мың тоннадай етті Орта Азия елдеріне, Өзбекстан нарығына экспорттаймыз. Жалпы, біз ел ішінде ет өндіруді ұлғайта аламыз – мұндай әлеует бізде жеткілікті», - дейді ол.

Ұлттық статистикалық бюро деректеріне сілтеме жасаған Energoprom.kz биылғы ақпанда жария еткен кезекті шолуында, 2022 жылдың 11 айында еліміз өзге елдерге 38,6 мың тонна ет жеткізді деген мәлімет берді (оның ішінде жаңа сойылған малдың еті мен салқындатылған, не мұздатылған ет түрі де бар). Платформа сарапшыларының түсіндіруінше, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6,5% жоғары, ал коронавирус пандемиясына дейінгі 2019 жылға шаққанда 66,9% жоғары көрсеткіш.

Energoprom.kz келтірген кестеде импорт көрсеткіші 144,5% тоннаны құрағанын байқауға болады. Сарапшылардың айтуынша, мұның 88%-ы сырттан әкелінетін құс етінің үлесі болса керек.

Өз кезегінде, Ербол Есенеев, Қазақстанның «сапалы ет өндіру әлеуеті зор», негізгі мәселе – «мал шаруашылығына қолайлы жағдай жасау керек» дегенді алға тартады.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы
Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы

«Мал шаруашылығына қолайлы жағдай жасалса, онда сала іші дамып, ет өнімдерінің бағасы да төмендеуі мүмкін. Қазір біз етті аса көп өндірмейміз, сол себепті де бізде баға төңірегінде мәселе туындап жатады. Ал, мысалы, Моңғолияда еттің бағасы төмен, өйткені онда жан басына шаққанда мал басы бізден әлдеқайда көп – 20 есе дерлік. Жалпы, әлем бойынша, құны 3 доллардай болатын ең арзан ет – Моңғолиядағы қойдың, жылқының, сиырдың еті. Біздің ақшаға шаққанда 1400–1500 теңге төңірегінде», - дейді ол.

Сонымен қатар, Ұлттық кәсікерлер палатасының өкілі еліміздегі құс етіне қатысты жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда құс етін тұтыну көрсеткіші 450 мың тоннаға жуықтап қалды және оның 70%-ы отандық өндірушілердің өнімі. Әрине, импорт үлесі де әзірше елеулі. Дегенмен, сарапшының пайымынша, алдағы жылдары еліміз құс етімен ішкі нарықты толыққанды қамтамасыз ететін деңгейге шыға алады.

«Біз 110 мың тоннадай құстың сан етін импорттан алып отырмыз, бұл бізге Америкадан келетін арзан әрі сапасыз өнім. Қазір біз оның орнын біртіндеп отандық өнім есебінен толтыра бастадық. Алдағы 5–6 жылда біз ішкі нарықты отандық өніммен толық қамти аламыз», - дейді Ербол Есенеев.

Осы арада еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі жария еткен тағы бір мәлімет еске түседі. McDonald's-тың Қазақстан нарығынан кету себептері туралы пікір танытқан салалық министрлік өкілдері, ақпанның 6-дағы ақпаратында былай деп көрсетті: «Қазақстан еттің барлық түрі бойынша ішкі нарықты толық көлемде қамтамасыз етіп отырғанын хабарлаймыз. Соңғы деректер бойынша, 2022 жылы Қазақстанда барлық түрі бойынша 1,06 млн тонна ет өндірілді, оның көлемі өткен жылмен (2021 жылмен – F.) салыстырғанда, орта есеппен, 0,4%-ға өсті. Жылқы етінің өндірісі ең үлкен өсімді көрсетті – 4,3%, сонымен қатар, құс еті 3,1%-ды құрады».

Сарапшы: өнім қажет ауқымда өндірілуі керек

Айтпақшы, «Қазақстанның ет одағы» өкілдері, елімізде еттің бағасының қымбаттау мүмкіндігі туралы ақпанның басында отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында бірнеше рет айтқан болатын. Кәсіби қауымдастық құрамындағы мамандардың түсіндіруінше, еттің бөлшек саудадағы бағасына, ең алдымен, инфляцияның әсері зор.

Ал ішкі нарықтағы ет және ет өнімдерінің бағасына талдау жасаған Energoprom.kz қаңтардағы шолуында, 2022 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша елімізде ет және ет өнімдерінің бағасы «бір жылда 16,6%-ға өскені белгілі болды» деп мәлімдеді (2021жылдың желтоқсанына шаққанда).

Платформа сарапшыларының дерегінше, еттің бағасы, әсіресе, Маңғыстау облысында шарықтап өскен: бір жылда 22,6%-ға дейін. Былтырғы жылдың соңында ет қымбатқа сатылған өңірлер қатарында – Павлодар (+21,7%) және Солтүстік Қазақстан (+21,5%) облыстары да бар. Республика бойынша еттің бағасы мейлінше аздау өскен өңір – Ұлытау облысы (бір жылда +9,7).

«Атамекен» ҰКП өкілі Ербол Есенеев, еттің бағасы нарық заңына бағынатынын еске салады. Оның түсіндіруінше, еттің бағасын төмендету үшін, ет өндіруді арттырып, ұлғайту керек.

«Бұл арада нарық заңы жұмыс істейді: етті неғұрлым көбірек өндірсек, баға да соғұрлым төмендей түседі. Мысал ретінде айта кетейін, байқасаңыздар, қазір елімізде алманың бағасы тұрақтала түсті. Өйткені ел ішінде алма бұрынғыдан артық ауқымда өндіріле бастады, дұрысын айтқанда, біз алманы ішкі нарыққа қажет ауқымда өсіріп, өндіре бастадық. Етке қатысты да осы жолды қолдану керек, сонда еттің бағасы да нарық заңына сай реттеле бастайды», - дейді ол.

Өз кезегінде, ет өндіруші сала мамандары, қай кезеңде болмасын, отандық өндірушілер нарықтағы көтерме сауда бағасын «қысып ұстауға мәжбүр» деген уәж айтады. «Бірақ ет өндірісінің түйінді мәселелерін мұндай «тежеп ұстау» тетігімен шешу мүмкін емес» дейді олар, өйткені, көп жағдайда «өнім өндірушілерге өнімді өзіндік құннан төмен етіп бағалауға тура келеді». Осының салдарында елімізде мал басының азайып кету қаупі туындайды, өйткені «өз өнімін тиімді бағаға сата алмаған фермерлер қолындағы малдан құтылу жолдарын ойластыра бастайды» дейді кәсіби мамандар.

Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы жағдайға сай еліміздің мал шаруашылығында ірі қара мал басы – 8,9 млн, қой басы – 19,9 млн, жылқы басы – 3,7 млн, түйе басы – 254,6 мың деңгейіне жеткен.

Төмендегі кестеде Ұлттық статистикалық бюроға сілтеме жасаған Energoprom.kz, 2021 жылдың 1 желтоқсаны мен 2022 жылдың 1 желтоқсаны аралығындағы жағдайға сай ауыл шаруашылығындағы мал басы және құс саны бойынша деректер келтірген.

Бұдан байқайтынымыз, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, былтыр елімізде жылқы басы 12,1% шамасында артып, 3,7 млн басты құраған (биылғы жылдың алғашқы екі айындағы көрсеткіш те сол деңгейде).

Бұл тұрғыда, «Атамекен» ҰКП өкілі Ербол Есенеев, Қазақстан аумағында 40–50 млн бас жылқы өсіріп, ұстауға болады деген пікір айтады (академик Т. Шармановтың мәлімдемесіне сүйеніп). Бұған еліміздің жер аумағы мүмкіндік беруі тиіс: «Кей елдерде ресурс шектеулі, мысалы, Қытай Халық Республикасында, орташа есеппен алғанда, бір тұрғынға 12 сотықтан егістік жер келеді. Ал Қазақстанда бір адамға 1,5 гектардан келеді», - дейді ол.

Сарапшы, сондай-ақ: «мал шаруашылығы еліміздегі ең перспективті саланың бірі» дегенді баса айтады.

«Бұл сала, біріншіден, ауылдарда көптеген адамды жұмыспен қамти алады. Екіншіден, мұнда өнімді тереңдетіп өңдеу мүмкіндігі мол. Өз басым, бүгінгі қайта өңдеу өндірісі көңілге қонымды дей алмаймын: малды өсіріп, тұтас етті сата салу оңай, әрине, бірақ, бұл салада қосымша өнім шығару, қосалқы бағыттарды дамыту мүмкіндіктері де жетіп асады. Мысалы, малдың терісін, жүнін, сүйегін қайта өңдеу деген секілді. Осы бағыттарды дамытудың маңызы зор», - дейді ол.

Ал «Қазақстанның ет одағы» қауымдастығы басшысына сілтеме жасаған Energoprom.kz сарапшылары, Қазақстандағы ет өндіру өнеркәсібінің баяу дамуының бір себебі – фермерлердің қолында артық қаражат, «инвестиция жоқ, ал оларға бәсекеге қабілетті ірі өңдеу кешендерін салу керек, қазақстандық жобаларға ақша салуға шетелдік инвесторлар да асығып отырған жоқ» деп түсіндіреді.

Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі жария еткен ашық мәліметтерге жүгінер болсақ, бүгінгі таңда отандық агроөнеркәсіп кешенінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен, жалпы құны 3,6 млрд доллар болатын 38 жоба іске асырылуда. Оның ішінде мал шаруашылығы саласы аясында етті өндіруге және өңдеуге қатысты жобалар да бар.

Фотосурет спикердің жеке архивінен алынды.

Инфографика Energoprom.kz сайтынан қазақшаға аударылды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить