Бизнесте ол Стив Джобсты үлгі тұтады. Талапшыл болғаны үшін...

24078

Беширитхан Малабакан – Түркияда дүниеге келген қандасымыз. Бүгінде Түркия мен Германияның ІТ-саласын бағындырып, Еуропаның төрінде өз бизнесін жүргізіп отырған қазақ кәсіпкерінің бірі

Беширитхан мырза құрған компания бүгінде аты әлемге әйгілі Siemens, Knauf, Mersedes, BMW сынды немістің алып компанияларын ІТ бағдарламалармен қамтамасыз етеді.

Forbes Kazakhstan үшін арнайы берген сұхбатында Беширитхан мырза, адамзаттың болашағы ІТ-саласында деген пікір айтты. «Сервис саласында болашақта бізге адамдар емес, роботтар қызмет көрсететін болады», - дейді ол.

Беширитхан Малабакан 1971 жылы Түркия жерінде дүниеге келген. Ата-анасы сонау 50-ші жылдардағы аумалы-төкпелі кезеңдерде Алтайдан шыққан ұлы көшке ілесіп, алдымен Түркияда тұрақтап, кейін Германияға қоныс аударады.

«Түркияда туып-өстім, сонда орта білім алдым. Кейін Германияда университет бітірдім. ІТ-саласына деген қызығушылығым студент шағымда қалыптасып, ұштасты. Өз мамандығымды шын көңіліммен сүйіп таңдадым», - дейді кәсіпкер.

Өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырын танып, тәжірибе жинақтау үшін Беширитхан мырза студент кезінен-ақ жұмысқа араласып, табыс таба бастайды.

«Австриялық бір компанияда бес жылдай жұмыс істеп, көп нәрсені бойға сіңіріп, үйрендім. Кейін өз компаниямды құрғанда мен үшін бұл мықты тәжірибе болды. Бизнесте шарықтау да, құлдырау да болып жатады. Бизнес бастаған адам үшін, ең бастысы, мықты талап пен тәжірибе. Жұмыс істеуге деген талап, жігер болу керек. Ал тәжірибе сол талап пен жігерді шыңдай түсетін құрал», - дейді Еуропада ІТ компаниясын ашқан қандасымыз.

Айтпақшы, «Ерте тұрған жігіттің ырысы артық» демекші, Еуропаның дәл төрінде ІТ-бизнесін ұршықша иіріп отырған қазақ кәсіпкері Беширитхан Малабакан, күнделікті таңғы төрт-бестерде оянып, бір күн бұрын әзірлеген жоспарға сай әрекет еткенді жөн көреді. «Ең кеш тұрған кезім – таңертеңгі сегіздердің шамасы» дейді ол.

Өзінің ІТ-компаниясын Беширитхан мырза Германияда 2017 жылы құрады. Бүгінде компанияның филиалдары Польша, Болгария, Түркияда жұмыс істеп, сол елдердегі ІТ мамандарды жұмыспен қамтып отыр. Компанияның жылдық айналымы 1,5 млн доллар төңірегінде.

Кәсіпкердің айтуынша, қай елде, қай мемлекетте, қай құрылықта болмасын, кез келген бизнесті сәтті әрі табысты етіп дамыту үшін, ең алдымен «тиімді нетворкинг керек». Соған қарағанда, кезінде бабаларымыз айтқан: «Адамның күні – адаммен» деген сөздің мәні зор, сірә. Беширитхан мырза да, «сіз-біз дескен» пайдалы байланыс орнатып, таныстық желісін дұрыс дамыта білу маңызды дегенді алға тартады.

Түркияның о шетімен, бұ шетін түгелдей аралап шыққан ол, тиімді нетворкингке иек арта отырып, ІТ-бизнесімен қатар туристік бизнесті де, оның ішінде медициналық туризмді де сәтімен қолға алған.

«Қазіргі таңда Түркияның медицина саласы, медициналық білімі жоғары деңгейде дамып, қалыптасқан. Мұндағы дәрігерлердің көбі кезінде Америкада білім алған, сөйтіп, енді өз елінде медицинаны дамытуға үлес қосуда. Бүгінде Түркияға әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келіп, емделуде: Африкадан да, Қытайдан да, тіпті, Еуропа елдерінен де», - дейді ол.

Беширитхан мырзаның айтуынша, әдетте, Түркия бағытында саяхаттап келетін қазақстандық туристердің дені Анталияға ат басын бұрады. Бірақ Түркияның туристік әлеуетін бұл елдің кез келген өңірінен жазбай тануға болады: Стамбулда да, Измирде де.

Төмендегі сұхбатта, ол, сондай-ақ Германия мен Түркиядағы салық саясатының ерекшеліктері және ІТ-саладағы жастарды қолдау үдерістері туралы да сөз қозғайды.

Кәсіпкердің айтуынша, егер мемлекет ішінде жұмысы, ақшасы жоқ аш адамдар қатары көбейе берсе, бұл – сол елдің соры, жамандықтың нышаны. Ал, мысалға, Германия сынды Еуропадағы алып әрі дамыған елдің бірі – дұрыс етіп жүргізілген салық саясатының арқасында елдегі әлеуметтік мәселелерді тиімді де әділетті жолмен шешіп келеді...

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Куралай Нуркадилова: письмо Токаева, политические амбиции Смотреть на Youtube