Тіл мен табыс: Аманбек Мағзұмхан ағылшын тілін қалайша кіріс көзіне айналдырды

16396

Бұл туралы Қазақстанға Моңғолиядан келген қандасымыз, ағылшын тілінің жеңілдетілген әрі ерекше әдісін әзірлеген жас кәсіпкер Аманбек Мағзұмхан Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді

Аманбек Мағзұмхан
Аманбек Мағзұмхан

Аманбек, сіз Моңғолиядан Қазақстанға қай кезде келдіңіз? Атамекенге оралу туралы шешім қалай қабылданды?

- Жырақта жүрген  әр қазақтың арманы атамекенге оралу ғой. Ұлан-Баторда оқып жүрген кезімде топтағы 30 моңғолдың ішінде жалғыз қазақ болдым. Ешкім шеттетпесе де, бүйрегім Қазақстанға бұрып тұрушы еді. Осы ойдың жетегінде жүргенде Қазақстан, Ресей, Түркия, Чехия, Польша елдеріне 29 грант бөлініп, байқау жарияланды. Басқа мемлекеттердегі топ-10 жоғары оқу орындарына  мүмкіндігім болса да, мен Қазақстанды таңдадым. Өкінішке қарай, белгілі бір себептерге байланысты мен уақытында келіп үлгермедім де жаңағы гранттан айырылып қалдым. Дегенмен, елге келем деген ойдан айнымадым, ақыры 2012 жылы күзде біржола келдім.

Ағылшын тілін жетік меңгерген екенсіз. Шет тілін қайда және қалай үйрендіңіз? Моңғолияда арнайы курстарға бардыңыз ба әлде, мектепте үйретті ме ?

- Ешбір тіл үйрететін үйірмеге бармадым. 7-сыныптан бастап ағылшын тіліне деген қызығушылығым оянды. Жайлаудағы ата-апама барып, қой жайып жүргенде тау-тас аралап жүрген туристерді жиі кезіктіріп қалатынмын. Оларға көшпенді қазақтардың өмірі қызық болды. Ал, маған олар қызық. Тіл табысу үшін ортақ тіл керек. Ағылшын тіліне қатысты ауылдағы кітапханадан  оқулықтар алдырып, өрісте  қой жайып жүргенде оқи бастадым. Қызыққаным соншалық, қырдан ауылға келгенде  кітапханадан шықпайтынмын. Үйдің қабырғаларында сөздіктен бос жер қалмаушы еді, осылай жаттайтынмын. Ол кезде ауылда интернет жоқ болса да кітап қоры мол кітапханамыз бар еді. Ағылшын тіліндегі оқулықтар мен әдеби кітаптар жеткілікті болды. Қазір ондай кітаптарды қаланың кітапханасынан таппайсың...

Сіз Моңғолияға келген  туристерге қызмет көрсетумен айналысқан екенсіз. Аудармашы ретінде жұмыс істепсіз. Туристер  негізінен қай елдерден келетін? Сіздің жұмысыңыз қалай бағаланды?

- Оқығандарымды тәжірибеге айналдыру үшін турситерге гид болып істей бастадым. Моңғолдар көшпенділігін сақтаған жалғыз ел ретінде туристердің ошағына айнала білді. Бірақ туристердің көбіне ол жақтағы көшпенді қазақтардың өмірі қызық болды. 9 сыныпта ата-анам мотоцикл алып берді. Жаз бойы туристерді алып, тау-тас аралап, көшпенділердің тіршілігімен таныстыратынмын. Туристер әлемнің әр түкпірінен – Америка, Европа, Азиядан ағылып келетін. Олардан тіл үйрендім, өмірлік тәжірибе алдым және ақша таба бастадым. Күніне 50$-100$-ға қызмет көрсететінмін. Бұл ақы тек аудармашы болғаным үшін төленді. Оның үстіне қосымша шай-пұл беретін. Өзіңіз білесіз, 2009 жылдары және 9 сынып оқушысы үшін бұл көп ақша еді. Қазақстанға келгенше, бос уақытымда осылай сапарсерік болып жүрдім.

Қазақстанда қайда білім алдыңыз? Қандай мамандықты меңгердіңіз?

- Ұтып алған грантымнан айырылып қалған соң, Қарағандыдан дайындық курсын оқып, қайта оқуға тапсырдым. Дайындық курсында оқып жүргенімде магистратураға тапсырғысы келген студенттерді ағылшын тіліне дайындап жүрдім. Араға бір жыл салып, 2013 жылы Евразия Ұлттық Университетінің журналистика факультетіне грантқа түстім. 

Елдің астанасында офлайн курстарды ашып, балаларға ағылшын тілін үйретіпсіз. Қанша мектеп аштыңыз, қанша баланы оқыттыңыз, олар тілді қаншалықты меңгеріп шықты, сіздің табысыңыз қандай болды?

- 2018 жылы Елордада 5, Қарағандыда 4 мектеп аштым. Көбіне тереңдетілген мектептермен жұмыс істедік. Өйткені, олар үнемі жаңашылдықты іздейді, балаларды жалықтырып алмаудың жолдарын қарайды және еркін форматты таңдайды. Біз ұсынған оқу әдістемесі көп жағдайда тереңдетіп оқытатын мектептер мен гимназия, лицейлерге ұнайтын. Ол кезде «Qazaqstan» ұлттық арасындағы «Таңшолпан» бағдарлдамасында «Online English» деген айдар жүргізіп, тікелей эфирден ағылшын тілін үйрете бастадым. Мақсатым-қазақ жастарына шетелдік мұғалімдермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру. Сол үшін де Канада, АҚШ, Нигериялық мұғалімдерді жалдадым. Әр мектепте жүзден аса оқушыларымыз болды. 2000-ға жуық оқушылардың ағылшын тілін үйренуіне өз үлесімізді қостық. Айлық айналым шамамен 15 млн теңгеге  жуықтайтын. Әр мұғалімге пәтерақысынан бөлек айына 500 мың теңге  айлық төледім. Жеті шетелдік мұғалім жұмыс істеді. Ондай айлықты өзіміздің қазақ тілді мұғалімдерге берсем 24 сағат оқытуға дайын еді. Кейін ойлап отырсам, басты қателігім сол болыпты. Себебі кәсіпкерліктен тәжірибем аз болды. Офлайн курстың өзіндік қиыншылықтары көп. Ата-аналарды білімнің құндылығы емес, курстың бағасы қызықтырды. Ата- аналар айына 15 000 теңге төлеп, шамадан тыс талап қоятын.

Карантин кезінде онлайн жүйеге ауысыпсыз. Бұл формат бойынша қанша адам тіл үйренді.

- Бастапқыда тест ретінде қолға алдым. Сөйтіп, жүздей адам жиналған соң инстаграм арқылы онлайн оқыттым. Бірақ көбі онлайн курстардың тиімділігін түсіне бермейді. Себебі біз онлайн мүмкіндіктерді енді қабылдап, үйреніп келеміз, ал шет мемлекеттерде онлайн курстар әлдеқашан дамып кеткен. EduTech арқылы әлемдік нарықта миллиардтаған табыс тапқан  компаниялар көп. Мысалы еліміздегі карантин барысында онлайн курс арқылы миллиондап табысқа шыққан инфо-бизнесмендер де болды. Өзімде  онлайн форматты мықтап қолға алдым. Себебі оның артықшылығы мен мүмкіншілігі зор. Уақыт өткен сайын өспесе, өшпейтін формат. Бұл арқылы Гарвардта айтылған лекцияны кез келген жерде, кез келген уақытта тыңдай аласың.

Жуырда ғана ағылшын тілі бойынша жаңа әдістеме әзірлеп, оны pocketbook форматы бойынша басып шығарған екенсіз. Оның ерекшелігі неде? Сұраныс  мен сатылым қалай болып жатыр?

- Бұл идея офлайн курс жасап жүргенімде ойға келген. Себебі, қазақ тілді балаларға арналған  қосымша білім беретін ағылшынша-қазақша оқулық пен қолайлы сөздік таппадым. Мысалы «Меломан» дүкеніне  барсаңыз, шет тілдер әдебиет бөлімінен тек Ресей авторларының сөздік кітаптары мен оқу құралдарын көресіз. Осыдан соң ағылшынша-қазақша Pocketbook сөздіктер мен сөйлемдер жинағын шығардым. Кітаптың ерекшелігі pocketbook яғни, қалта кітап. Күнделікті өмірде қолданылатын сөздер мен сөйлемдер қамтылған. Кез келген жерде өзіңізбен алып жүріп сөз жаттауыңызға, кітаптың әр бетін алып, ілеспе папкаға салып жаттап жүруге ыңғайланып жасалған. Алғашқы 4000 данасын шығарып, Республика бойынша сатып жатырмыз. 1 комплект, яғни 4 кітап 9990 теңге. Түркияда кәсіпкер Мұхтар Өнерхан есімді азамат бар, менің бөлем. Сөздік жинақтың жарыққа шығауына сол азамат қолдау көрсетті. Жарнама жасап, кітапты барынша қолжетімді еткім келеді. Платформа, қолдануға өте ыңғайлы мобильді қосымша ойластырдым. Енді демеушілер табылса идея көп...   

Осы әдістеменің онлайн нұсқасын жасадым дедіңіз. Бұл нұсқа кімдерге арналған, өзге әдістемелерден айырмашылығы неде?

- Бұл әдістемені pocketbook-тің диджитал нұсқасы деп түсінсеңіз болады. Бұл платформа құр сөз жаттауға ғана арналмаған. Арнайы интерактивті әдістер, ағылшынша дыбысталуы, арнайы суреттерімен ойластырылған. Бастысы қазақша аудармасы бар. Бұл ағылшын тілін үйренемін, тіпті 0-ден бастайтындар мен сөздік қорымды көбейтемін деген кез келген адам үшін өте қолайлы да тиімді нұсқа. Қазір телефонымызда біздің бос уақытымызды  ұрлайтын пайдалы да пайдасыз қосымшалар өте көп. Әлеуметтік желіде отырған бос уақытының 15 минутын осы сөз жаттайтын платформаға бөлсе, белігілі бір уақытта біраз сөз үйреніп алар еді.

Түркияда медициналық туризммен айналысыпсыз. Кімдерге және қай елдердің азаматарына қызмет көрсеттіңіздер? 

- Қазақстанда кәсіп ашу үшін мүмкіндік көп. Менің аспаздық хоббиім бар. Көптен ойда жүрген бір мақсатым – асхана ашу еді, бірақ мен жұмыс бастағанда карантин басталып кетті. Көбі табысынан айырылды. Мен сияқты кәсібін жаңа бастағандар тіптен тығырыққа тірелді. Осыдан соң бос жатпайын деп Стамбулға кеттім. Онда 6 ай жұмыс істеп келдім. Жоғарыда айтқан Стамбулдағы бөлем медицина туризмімен  айналысатын «Global Medical Tour» компаниясының директоры. Туркиядағы халықаралық клиникалардың доктор, профессорларымен дертіне ем іздеп келген науқастарды кездестіреміз, алып жүреміз, барам деген жеріне, қазақ-түрік-ағылшын тілдерінде аудармашы болдық. Қазір Түркия туризмнің дәл осы саласы бойынша көш бастап тұр. Дәрігерлердің біліктілігін айтпағанда қызмет көрсету сапасы өте жоғары. Жан-жақтан дертіне дауа іздеп ағылатындар көп. Алданып қалатындары да бар. Себебі көбінде жақсы медицина мамандарына қатысты ақпарат жоқ. Біз осы бойынша жұмыс істедік. Қысқасы Түркияға келіп, емделіп кеткенге дейінгі жауапкершілікті мойнымызға алып, қызмет көрсетеміз. Мен компанияның халықаралық бөліміне жауапты болдым. Әлемнің 24 елінен науқастар қабылдадық. Талай адамға көмегіміз тиді.

Алдағы жоспар қандай? 

- Қазіргі жұмыстардың масштабын кеңейту-негізгі мақсат. Қазақ жастарының, оның ішінде ауыл жастарының әлем тілін меңгеруіне өз үлесімді қосу. Неге ауыл? Себебі оқимын деген адамға қалада мүмкіндік көп. Аттап басқан жеріңізден ағылшын тіл орталығын көресіз. Ауылдық жерде ондай мүмкіндік жоқ деуге болады. Мықты мамандар да жетіспейді. Жастар ауылға барғысы келмейді. Сондықтан біздің негізгі мақсат-қаланың балалары алып жатқан сапалы білімді, онлайн мүмкіндікті пайдалана отырып, оны ауыл жастарына беру.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить