Петроглифтер: халқымызға аманат етілген әлемдік мұра

13496

Тасқа қашалған бес мыңдай бірегей көне суреттер шоғырымен танымал болған Аққайнар петроглифтер кешеніне жойылу қаупі төніп тұр. Қазақстандық ғылыми волонтерлер осылай деп дабыл қағуда

Аққайнар петроглифтері
Аққайнар петроглифтері

Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасқан Аққайнар кешенінде бес мыңдай тасқа қашалған көне дәуір суреттері бар. Археология саласына қызығушылық танытқан отандық волонтерлердің айтуынша, бұл суреттер қола, ерте темір дәуірлері мен түрік кезеңдерінен қалса керек.

«Жетісу өңірінде бүкіл адамзаттың мәдени мұрасына айналған тарихи орындар, көне ескерткіштер аз емес. 2008 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының экспедициясы Аққайнарда петроглифтердің жаңа бір шоғырын тапқан болатын. Алдын ала есептеулер бойынша мұнда төрт мыңнан бес мыңға дейін суреттер болуы мүмкін. Жалпылай алғанда, олар б.з. дейінгі XVIII ғасырдан, б.з. XIX ғасырына дейінгі 4 мың жылдай уақыт орамын қамтуы ықтимал», - дейді «Петроглиф ізшілері» қоғамдық қорының жетекшісі, ғылыми волонтер Ольга Гумирова.

Ольга Гумирова, «Петроглиф ізшілері» ҚҚ жетекшісі
Ольга Гумирова, «Петроглиф ізшілері» ҚҚ жетекшісі

Айта кету керек Аққайнардағы петроглифтер шоғыры Қазақстандағы республикалық маңызы бар киелі ескерткіштер тізіміне енгізілген. Зерттеуші ғалымдар бұл арадағы алғашқы суреттерді қола дәуіріне жатқызады (б.з. дейінгі XVIII–XII ғасырлардың шамасы).

«Бірақ бұл өңірдегі петроглифтер толыққанды зерттеліп біткен жоқ, бұл үшін көп уақыт, адами капитал және, ең бастысы, жеткілікті қаражат қажет. Ғалымдардың пайымынша, Аққайнардағы петроглифтер – әйгілі Таңбалы мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы да кіретін өзіндік ритуалдық ғұрып кешенінің бір бөлігі болса керек. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, Таңбалы 2004 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасына енгізілген нысан», - дейді Ольга Гумирова.

Оның айтуынша, Аққайнарда бейнеленген кейбір суреттерде 2 метрден 4 метрге дейін жететін өгіз, бұқалар көптеп кездеседі.

«Мұндағы петроглифтердің бірқатарында сонау Антропоген дәуірінің екінші жартысында тіршілік етіп, кейін жойылып кеткен жабайы бұқалар бейнеленген. Бір тұсында олар тым ұсақ: 70 сантиметрдің о жақ, бұ жағында ғана. Ал енді бірінде өте ірі – мүйізінің өзі 4 метрден асады. Бұл, енді, бірегей туындылар, көне өнердің жауһарлары дейтін – әлемдік маңызы бар суреттер. Бұл өгіз, бұқалар – о дүниеге аттанғандардың рухын қасиетті өзеннен өткізетін мифологиялық тұлғалар болса керек (зороастризмге тән сюжеттердегі). Біз осындай бес шақты өгізді жазбай таныдық.

Тастың бетіне көлденең етіп салынған бір бұқаның бойынан жолақтарды байқауға болады. Кейбірінің мүйіздері иректеліп салынған, мүмкін, ол найзағайдың иесі болса керек, кейбірінің мүйізі дөңгеленіп келеді. Жалпы, тасқа қашалған суреттер шоғырындағы әр бұқа өз мүйізіне сай маңызды бір функция атқарса керек. Өкінішке қарай, біз мұндағы суреттерді толық оқып, түсіне алмадық – ақпарат аз. Түпкілікті зерттеп, түсіну үшін елеулі қаражат керек, ал біз бұл киелі аумақты волонтерлер жинаған ақшаға ғана зерттей алдық», - дейді «Петроглиф ізшілері» қоғамдық қорыны жетекшісі.

Ольга Гумирова тасқа қашалған тағы бір суреттің мазмұны мүлдем тылсым деп отыр: «Мүк басып, қына жабысқан тастың бірін тазартып едік, сирек кездесетін бір суретке тап болдық – нағыз ертегі дерсің – онда бүйірінде жолағы бар, жарты метрдей болып қалатын бұқаға қасқырбасты адамдар садақтан оқ атып жатқаны бейнеленген. Басы қасқыр етіп салынған адамдар құртақандай ғана, ал бұқа еңгезердей».

Аққайнардағы петроглифтердің біразында жұлдызды аспанды, күн құдайларын, ай жүзді адамдарды, алуан түрлі ешкілер мен жабайы құландарды, тіпті түйелерді бірден тануға болады.

Әлкей Марғұлан: «Қазақ саха­расындағы мәдениеттің бір жарқын түрі – тарихи дәуірлерде осы араны қоныстанып келген тайпалардың тас бетіне жазып қалдырған белгілері»

Өз кезегінде, ғылыми волонтер Юрий Дорохов, ежелгі адамдардың тасқа қашап салған бұл суреттерін – этникалық мәдениеттің бірі көрінісі деп есептейді.

«Бұл суреттер уақыттың өзі әңгімелеп берген оқиға, тарихтың көне көзі. Тасқа қаланған әр суреттің өз оқиғасы бар, мысалға, бір суретте кешегі, бүгінгі оқиғамен қатар, ертең орын алуы ықтимал оқиға да бейнеленген секілді. Бұл суреттер бір сәттік емес, олар алдағы уақыт кезеңіне арналған деуге тұрады. Суретші бір бейнені ірі, екіншісін ұсақ етіп көрсетіп, ондағы кейіпкердің қайсысы мәнді, маңызды екенін айтқысы келгендей. Ал кей суреттер әккі суретшінің емес, жас суретшінің қолынан шыққандай көрінеді. Жалпы, өзіңіз ойлаңызшы, мыңдаған жылдар бұрын салынған осы суреттерді біз бүгінгі дәуірде, бүгінгі ғасырда көріп, тамашалай аламыз, керемет емес пе?», - дейді ғылыми волонтер.

Юрий Дороховтың айтуынша, «Петроглиф ізшілері» қоғамдық қоры – отандық археологтарға барынша көмек қолын созып жүрген елдегі волонтерлік санаулы ұйымның бір.

Юрий Дорохов, ғылыми волонтер
Юрий Дорохов, ғылыми волонтер

«Scientific volunteering – ғылыми волонтерлік біздің елде енді ғана қалыптасып жатқан бағыт, өзіндік жаңа тренд. Ал «Петроглиф ізшілері» («Охотники за петроглифами») – ғылым саласына қызығушылығы бар қарапайым ел азаматтары құрған қоғамдық қор. Біз ғалымдарға архологиялық барлау жүргізуге көмектесіп, археологиялық кешендер мен петроглифтердің жаңа шоғырын анықтауға қолдау көрсетеміз. Жаңадан ашылған петроглифтерді ғылыми тұрғыда негіздеп, суретке түсіріп, тапқан мәліметтерімізді ғалымдарға ұсынамыз, тиісті құжаттарын әзірлеуге көмектесеміз. Негізінен, осы Жетісу өңірінде жұмыс істейміз, бірақ мұндай тасқа қашалған ежелгі адамдардың қолтаңбалары Қазақстанның әр өңірінде табылады дегенге өз басым кәміл сенемін», - дейді ол.

Юрий Дорохов, бүгінде волонтерлер бүкіл әлем бойынша ғылымға, табиғат пен тарихты зерттеуге елеулі үлес қосып жүр дегенді айтады, әрине, бұл көшке қазақстандықтардың да атсалысуы көңілге үміт ұялатады.

«Таяуда ғана ел болып, қоғам болып Арқарлыдағы петроглифтер кешенін мүлдем жойылудан аман алып қалдық. Онда қиыршық тас пен тақта тас өндіру нәтижесінде мыңдаған көне петроглифтер біржолата жойылып кетті. Өте өкінішті! Енді дәл осындай қауіп Аққайнарға да төніп тұр», - дейді Юрий Дорохов.

Ғылыми волонтерлердің айтуынша, Жетісу өңіріндегі көне дәуірдің осынау бірегей ескерткіштеріне табиғи да, техногендік те, антропогендік те факторлар әсер етуде. Аққайнардағы петроглифтер шоғырын сақтап қалу үшін бұл мәселеге, ең алдымен, мемлекеттік деңгейде мән беріп, тиісті шешім қабылдау қажет деп отыр олар: «Мысалға, тарихи тұрғыда маңызды саналатын киелі аймақтар мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынып, қорғалуы тиіс».

Қаныш Сәтпаев: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап, жарытпақ емес...»

Анығын айтқанда, қазақ жеріндегі петроглифтердің, өзге де көне дәуір ескерткіштерінің бұзылып, жойылуына бұл өңірдегі жер аумағын нақты бір мақсатта пайдалану шаралары ғана емес, қарапайым азаматтардың ессіз әрекеттері де ықпал етіп жатқанын өз көзімізбен көрдік. Мысалға, Аққайнардағы петроглифтер шоғырын тамашалап барғанда – мұндағы көне суреттердің үстінен айқұш-ұйқыш етіп әртүрлі бояумен жазылған, кейде тіпті тасқа қашалған бүгінгі заманның «надандық келбетін» бірден байқадық.

Ольга Гумированың айтуынша, Аққайнардағы киелі мұраның жойылу процесі сонау кеңес жылдарынан бастау алады.

«Бұл ескерткіш әскери полигонға іргелес орналасқан: кеңес кезеңінде әскери қызметкерлер көне суреттердің үстінен өз есімдерін жазып қалдыруды әдет еткен», - дейді «Петроглиф ізшілері» қорының жетекшісі.

Ол, сондай-ақ қазір волонтерлер Аққайнарға мәжіліс депутаттарының назарын аударып, солардың көмегімен қорғаныс министрлігімен байланыс орнатуға ниетті екенін айтады.

«Бұл кешеннің бір бөлігі қорғаныс министрлігіне тиесілі аумақта жатыр, сондықтан да біз қазір, әскерилер еліміздің қауіпсіздігімен қатар, тарихи мұрамызды сақтап қалуға да ықпал етеді деген үміттеміз. Көне дәуір суреттерін сақтап қалу үшін бұл маңайды алдымен қоқыстан тазартып, петроглифтердің үстінен жазылған «заманауи мәліметтерді» абайлап өшіру керек. Әрине, мұндай жұмысты тек реставрация мамандары ғана жүзеге асыруы тиіс. Ал әскерилер бұл кешенді, мысалға, тәрбиелік мақсатта қолдана алады. Айталық, мұнда жас сарбаздарға арнап көне дәуір суреттері туралы дәріс өткізіп, петроглифтер негізінде ата-баба мұрасын қалайша сақтап қалу керек дегенді талқылауға болады», - дейді Ольга Гумирова.

Өз кезегінде, қазақстандық ғылыми волонтерлер «біз петроглифтер шоғырын қалайда сақтап қалуға міндеттіміз» деп отыр.

«Бұл, тек біздің елге тән мәдени мұра ғана емес, бұл бүкіл адамзат үшін құнды жәдігерлер. Біз осы мәдениеттің қамқоршысы, қорғаушысы бола білуіміз керек, бұл бізге артылған жауапкершілік деп түсінуіміз керек», - дейді Ольга Гумирова.

ЮНЕСКО принциптерін басшылыққа алсақ, киелі аймақ ретінде қорғалатын кез келген нысан мемлекеттік шекарамен ғана шектелмеуі тиіс, бұл нысандар – адамзат тарихы мен адамзаттың болашақ дамуы үшін маңызды рөл атқаратын әлемдік мұра. Ал мұндай мұраның қазақ жерінде көптеп кездесуі халқымызға аманат етілген зор міндет шығар, кім білсін?!

Ольга Гумированың айтуынша, Аққайнардағы петроглифтерге қарап, мұнда сонау қола дәуірінде өмір сүрген адамдар (мүмкін одан да бұрын) бұл өңірді қыстақ ретінде пайдаланған деп түйіндеуге болады. Яғни, тасқа қашап салынған суреттерде сол дәуірдегі ру-тайпалардың миграциялық жол-бағыты бейнеленген деп топшылауға негіз бар.

«Археология саласындағы, жалпы, ескерткіштерді қорғау барысындағы маңызды талаптың бірі – қорғау нысаны орналасқан аумаққа тән тарихи ландшафтыны сақтай білу. Тасқа қашалған суреттердің қай дәуірде салынғанын туралап көрсету үшін біз бұл аумақта сол дәуірге тән табиғи көріністі қалыпқа келтіруді ойластыруымыз қажет. Ал бұл, әрине, мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін ауқымды шара», - дейді «Петроглиф ізшілері» қоғамдық қорының жетекшісі.

Аслан Құрмаш

Суреттерді түсірген автор

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube