Ұлттық банктің алтын-валюта резервінің динамикасы туралы

13019

2024 жылғы 1-тоқсанның қорытындысы бойынша сыртқы нарықтардағы ахуал мен ел резервінің өсуіне ықпал еткен факторлар туралы. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың негізгі тезистері

Әлия Молдабекова
Әлия Молдабекова
Фото: архив пресс-службы

2024 жылдың 1-тоқсанында сыртқы нарықтардың динамикасына әсер еткен негізгі оқиғалар туралы

Бұл тоқсанда әлемдегі жетекші орталық банктер мөлшерлемелерін төмендетті, осыған байланысты туындаған белгісіздіктен қаржы нарықтарында күтпеген ауытқулар болды.

Әлемде дезинфляция үрдісі жалғасып жатыр. Дегенмен, сарапшылар мен инвесторлар болжамына қарағанда, инфляцияның бәсеңдеу қарқыны баяу жүрді. Нақтырақ тоқталар болсақ, АҚШ-та бағаның өсу қарқыны үш ай қатарынан экономистердің болжамынан асып түсті. Тұтыну бағалары индексінің кейінгі шыққан деректерін негізге алар болсақ, наурыз айында көрсеткіш 3,4% болады деп күтілген еді. Жылдық мәнде 3,5%-ға өсті. Осылайша, АҚШ-тағы инфляция процестерінің тұрақты болуы «ақша нарығындағы ахуал жақын арада жеңілдейді» деп ойлаған оптимист инвесторлардың ойын өзгертіп жатыр.

Сондай-ақ, әлемдегі инфляция процестері әр аймақта әртүрлі бағыт алғанын да айта кету қажет. Мәселен, Еуроаймақтағы баға өсімі үш ай қатарынан төмендеді. Бұл аймақтағы мөлшерлеме АҚШ-тағы жағдайға қарағанда тезірек төмендейді деген үміт тудырады. Инфляцияның қарқын алуына байланысты Жапония Банкі кейінгі 17 жылда алғаш рет мөлшерлеме деңгейін көтеріп, теріс мөлшерлеме саясатынан бас тартты. Швейцария Ұлттық банкі ақша-кредит саясатын жеңілдете бастаған алғашқы жетекші орталық банк болды. Ақпанда елдегі инфляция 1,2%-ға дейін бәсеңдеген соң, елдің бас банкі наурызда мөлшерлемені 25 базистік тармаққа түсіріп, 1,5%-ға дейін төмендетті.

Осылайша, сипаттап өткен жағдайға байланысты, биылғы алғашқы үш айда қаржы нарықтарында құбылмалы ахуал сақталды. Инфляцияның тұрақты болуы АҚШ ФРЖ мөлшерлемесіне қатысты болжамға түзету енгізуге ықпал етіп, қазынашылық кірістілігінің барлық тармақ бойынша 25-30 базистік тармаққа өсуіне, сондай-ақ АҚШ долларының жаһандық индексінің 3,1%-ға нығаюына әкелді. Ал дамушы нарықтардың валютасы 3,4%-ға әлсіреді. Ақпанда VIX көрсеткіші 15,85 пунктке жетті. Бұл – бірінші тоқсандағы ең жоғары көрсеткіш және экономикалық сигналдарға байланысты алаңдаушылықтың белгісі болды.

Сонымен қатар, мөлшерлемелерді төмендету және ақша-кредит шарттарын рецессиясыз жеңілдету жаһандық инвесторлардың негізгі сценарийі болғандықтан, сын-қатері бар активтер жарысы жалғасып жатыр. Мәселен, биылғы бірінші тоқсанда акциялар индексі 8,5%-ға өсті.

Әлемдік экономикалық өсімге қатысты ХВҚ-ның оң болжамдарына, Халықаралық энергетика агенттігінің наурызда мұнайға ұраныс артады деп болжағанына, сондай-ақ Таяу Шығыста күрделі геосаяси ахуал сақталғанына байланысты мұнай бағасы тоқсан ішінде 13,6%-ға өсіп, баррелі 87,5 АҚШ долларына жетті. Мұнай бағасы жоғары болғандықтан, ұлттық валюта бағамы да нығайып отыр.

ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздарына шетел инвесторларының қызығушылығы артқаны туралы

Кейінгі кезде еліміздің мемлекеттік бағалы қағаздарына шетел инвесторларының қызығушылығы артқанын байқап отырмыз. Мәселен, 2024 жылдың 1-тоқсанында бейрезиденттердің салымы 186 млрд теңгеге немесе 433 млн АҚШ долларына ұлғайған. Жалпы, қазіргі нарықтағы ахуал шетел инвесторларының қызығушылығын тудырып отыр. Дегенмен, нарықтағы жағдайдың қолайлылығы өз алдына, сонымен қатар, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына деген бейрезиденттердің қызығушылығын арттыру үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Үнемі шетел инвесторлармен кездесу өткіземіз және ел нарығындағы жағдай туралы баяндаймыз, олардан нарық инфрақұрылымын жақсарту үшін қабылданған шараларға байланысты кері байланыс, оң баға алып жатамыз.

Біз Қазақстанның МБҚ шетелден қаражат тарта алатын зор әлеуетке ие деп есептейміз. Алайда, инвесторлар қайталама нарықтағы өтімділіктің артқанын күтіп отыр. Кейінгі 2 жылда биржа нарығында Қаржы министрлігінің МБҚ бойынша қайталама сауда-саттық көлемі айтарлықтай өскен: 2021 жылы 871 млрд теңге болса, 2023 жылы 2,7 трлн теңгеге дейін жетті. Бірақ, қайталама нарық өтімділігінің одан әрі қарқынды түрде өсуі үшін күш салу қажет.

Ұлттық Банк қайталама нарықтың өтімділігін арттыру үшін өзі басқаратын қорлардың активін бәсеке жоғары ортаға ауыстыруға байланысты жұмыс жүргізіп жатыр. Ал Қаржы министрлігі жаңа шығарылымдардың санын шектеп, қазіргі шығарылымдарды кеңейтуге көңіл бөліп келеді. 2024 жылы 8-ге жуық шығарылымның көлемі 1 млрд АҚШ долларынан асады деген үміт бар. Сонымен қатар, бастапқы дилер институтын енгізу қайталама нарықтағы сауда-саттық көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

2024 жылдың 1-тоқсанындағы ақша нарығының жай-күйі туралы

Ақша-кредит саясаты құралдарына қатысты қабылданған өзгерістерге байланысты қазір ТONIA мөлшерлемесіне Ұлттық Банк араласпайды. Яғни, оны нарық қалыптастырады. Әрине, біз репо нарығын мұқият бақылаймыз және таргет белгілі бір кезеңдерде пайыз дәлізінен шығып кетенін байқап отырмыз.

Дегенмен, бұл бастама біз жетілдіріп жатқан ақша нарығындағы кейбір кемшін тұстарды анықтауға мүмкіндік берді. Біз репо жағдайын жақсартуда қандай мүмкіндіктер барын нарық қатысушыларымен бірігіп үнемі талқыға саламыз. Олардан кері байланыс аламыз және ақша нарығындағы жұмысты тиімді ете түсу үшін атқарылуы керек жұмыстарды пысықтаймыз. Мәселен, банктер тұрақты қолжетімділік операциялары аясында депозиттерді қабылдау уақытын ұзарту қажет екенін айтқан болатын. Қазір біз овернайт депозиттерін қабылдау процесін автоматтандыру мүмкіндігін зерттеп жатырмыз. Бұл ЕДБ-ның операциялық жүктемесін төмендетуге, сондай-ақ Ұлттық Банктің депозиттері бойынша уақытша шектеуді ұзартуға мүмкіндік береді.

Ұлттық банктің алтын-валюта резервінің динамикасы туралы

Жыл басынан бері АВР 1,9 млрд долларға өсіп, 1-тоқсанның соңындағы мәлімет бойынша 37,8 млрд АҚШ долларына жетті. Әлбетте, АВР-дың өсуіне әсер еткен негізгі фактор – алтын нарығындағы «жарыс» екені даусыз. Осылайша, қарастырылып отырған кезеңде бағалы металдың бағасы 7%-ға өсіп, бір троя унциясы 2 062,4-тен – 2 207 АҚШ долларына дейін жетті. Алтын құны осы тоқсанда тек бір рет 2 000 АҚШ долларынан түсіп, 1990,8 АҚШ долларына дейін төмендеді. Ал, алтын бағасының ең жоғары құны 1 троя унциясы 2210,65 АҚШ долларына теңелгенде тіркелді.

Алтын нарығындағы құбылмалылық АҚШ ФРЖ-нің мөлшерлемесіне қатысты инвесторлар болжамының өзгеруіне, нарық болжамдарына сәйкес келмейтін АҚШ-тың макроэкономикалық статистикалық деректеріне, сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдайдың өршуіне байланысты болды. Осылайша, нарық бұлыңғырланып, геосаяси ахуал шиеленіскен шақта алтын қорғаныс активі болып қала берді.

Сыртқы нарықтарға алтынды сату жоспары туралы

Өткен жылы 120 тонна алтын сатылды. Сондай-ақ, приоритетті құқық аясында еліміздегі алтын өндірушілерден 65,5 тонна алтын сатып алынды. Нәтижесінде, былтыр жыл аяғына қарай резервтегі алтын үлесі 58,4%-дан 54,2%-ға дейін азайды.

Биыл резервтердің өтімділігін одан әрі әртараптандырып, сақтап қалу үшін, сондай-ақ бағалы металдың бағасы жоғары екенін ескеріп, сыртқы нарықтарға алтын сатуды жалғастыра береміз деп жоспарлап отырмыз. Қанша алтын сататынымыз, негізінен, нарықтағы жағдайға және оның әрі қарай қалай қалыптасатынына, сондай-ақ приоритетті құқықты іске асыру аясында сатып алынатын алтын көлеміне байланысты болады.

Одан бөлек, алтын-валюта активтері құрылымында алтынның үлесі біршама екенін ескере отырып, АВР кірістілігін арттыру үшін шотқа алынбаған алтын портфелін белсенді басқару туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты АВР-ды басқару туралы инвестициялық стратегияға өзгеріс енгізілді.

2024 жылдың 1-тоқсанындағы валюта нарығындағы жағдай туралы

Алдын ала әзірленген деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы жалпы валюта активтерінің көлемі наурыздың аяғында шамамен 61,40 млрд АҚШ долларын құрады. Ал жыл басынан бері шамамен 1,37 млрд АҚШ долларына жетті.

Сонымен қатар, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы басталғанын және осы бағдарлама аясында 30,6 млн АҚШ доллары болатын алғашқы төлем жасалатынын ескере отырып, шамамен 665 млн АҚШ доллары болатын міндетті төлем қалыптастырылды.

Осылайша, 1-тоқсанның аяғында Ұлттық қордағы валюта активтерінің көлемі міндеттемелерді, яғни «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша міндетті төлемді шегергенде 60,73 млрд АҚШ долларын құрады.

Жыл басы АҚШ нарығындағы даулы экономикалық деректермен есте қалды. Бұл әлемдегі ең ірі экономикадағы проинфляциялық факторлардың тұрақтылығын көрсетті. Осыны ескере отырып, облигация активтерінің класы 1-тоқсанда теріске шықты (-0,8%). Ал, акция (+8,5%) мен алтын (+7,0%) секілді активтердің кей топтарынан аталған кезеңде жақсы табыстылық байқалды. Акциялар, сондай-ақ алтын нарықтарындағы айтарлықтай өсімнің нәтижесінде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 1-тоқсанда шамамен 1,78 млрд АҚШ долларына жетті.

Республикалық бюджет трансферті 1-тоқсанда 1 450 млрд теңге болды. Биылғы бірінші тоқсанда трансферт бөлу үшін Ұлттық қордан сатылған валюта операциясының көлемі – 2,41 млрд АҚШ долларын, валюта түсімдері – 2,03 млрд АҚШ долларын құрады. Тиісінше, өткен кезеңде Ұлттық қордағы валюта активтері инвестициядан түскен табыстың арқасында өсті.

2024 жылдағы қаржы нарықтарының динамикасы туралы

Биылғы қаңтарда ХВҚ сарапшылары әлем экономикасының өсу болжамын жаңартты. Мәселен, 2024 жылы өсім 3,1%, ал 2025 жылы 3,2% болады деген болжам бар. Осылайша, болжалды көрсеткіш қазан айындағы шолумен салыстырғанда 0,2%-ға өсіп отыр. Көптеген аймақта инфляция төмендейді. Дүниежүзіндегі жалпы инфляция 2024 жылы 5,8%-ға және 2025 жылы 4,4%-ға дейін төмендейді деген болжам да айтылады.

Жаһандық PMI индексінің деректері экономикадағы ахуал жақсарғанын көрсетеді. Ал, S&P Global рейтинг агенттігі S&P Global шығарған J.P.Morgan іскерлік белсенділігінің жаһандық жиынтық индексі ақпанда төртінші ай қатарынан жақсарғанын мәлімдеді. Ол тоғыз айдағы ең жоғары деңгейге жетті. Дегенмен әлі де ұзақ мерзімдегі орташа деңгейден төмен.

Жаһандық экономикадағы оң перспектива мұнай бағасын ұстап тұратын фактор саналады. Bloomberg сарапшыларының ортақ болжамына сүйенсек, мұнайдың 1 баррелі орта есеппен 83 АҚШ доллары болады.

Сонымен қатар, жаһандық экономикадағы өсімді сақтау орталық банктердің инфляцияны ауыздықтауға байланысты тоқтаусыз қүресімен қатар жүреді. Жаһандық инвесторлар биыл ақша-кредит саясаты жеңілдейтініне үміт артып отыр. Алайда қанша рет, қашан төмендейтінін нарық реттейтін болады. Ол әртүрлі экономикалық белгілерге байланысты. Бұл қаржы нарығын шатқаяқтатады: мөлшерлемелер өседі, тәуекелді активтерге қызығушылық азаяды, дамушы нарықтардың активтері мен АҚШ долларының индексі күшейеді. Fed funds мөлшерлемесінің фьючерстеріне сәйкес, егер жыл басында жаһандық инвесторлар АҚШ ФРЖ ставкаларының 5-6-уы төмендейтініне кепілдік берсе, сәуірдегі деректерде бір-екеуі ғана төмендейтінін айтқан.

Сондай-ақ, әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдай геосаяси ахуалға байланысты болады. 2024 – сайлау өтетін жыл. Әлем халқының жартысынан көбі биыл сайлауға қатысады. Соның ішінде Үндістан, Еуропа (Еуропа парламенті), Ұлыбритания және АҚШ бар. АҚШ-тағы сайлау жақындаған сайын, қаржы нарықтарында құбылмалылық күтілетінін айтпай кетуге болмайды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить