Бюджеттің тиімді тетігі

Гендерлік бюджет — бюджеттік саясат арқылы теңдікке қол жеткізу құралы ретінде 1984 жылы Австралияда пайда болды

женщина копилка
Бюджеттің тиімді тетігі
Фото: © Depositphotos.com/nnudoo

Ал 1995 жылы Бейжіңде өткен әйелдердің жағдайына қатысты халықаралық конференциядан кейін бұл ұсыныс халықаралық деңгейге шығып, кең тарап кетті. ЭЫДҰ құрамындағы 61 ел гендерлік бюджетті қазір өздерінің бюджеттік саясатына кіріктіріп қойған, осы ұйымға мүше 9 елде бұл ұғым конституциялық деңгейде бекітілген. ЭЫДҰ-ның 2023 жылғы Гендерлік бюджеттеу индексіне сәйкес аталған құралды бюджет саясатына енгізуде чемпион атанған ел — Канада, өйткені мұнда 2018 жылы гендерлік бюджет туралы заң қабылданды.

Халықаралық валюта ұйымы гендерлік бюджетті — ел бюджетін құруда фискалдық саясат пен мемлекеттік саясатты қолдана отырып, гендерлік теңдікке және қыздар мен әйелдердің дамуына жәрдемдесетін тәсіл немесе салық-бюджет саясаты арқылы гендерлік теңсіздікті азайтуға ықпал ететін құрал деп түсіндіреді. Бірақ гендерлік бюджет — әйелдерге арналған қосымша шығын деген сөз емес. Бұл арадағы әңгіме — мемлекеттік шығын деңгейіндегі гендерлік теңсіздікті анықтау мақсатында қолданыстағы шығындарды сараптап талдау деген төңіректе.

Кез келген мемлекет өз бюджетін гендерлік тұрғыда бейтарап деп есептейді және ел бюджеті мемлекет саясатындағы басым бағыттар мен қоғам қажеттілігіне орай әзірленеді деп мәлімдейді. Бірақ іс жүзінде бюджет гендерлік тұрғыда соқыр да саңырау кейіпте. Мысалы, кәсіби спортты мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қаржыландыру барысын талдай отырып, біз ерлерге арналған кәсіпқой спортты қаржыландыру көрсеткіші әйелдер спортын қаржыландырудан 7 есе көп екенін байқадық. Сол сияқты, мемлекеттік сатып алудағы қызмет түрін жеткізуші 100 ірі компанияның тек 4-ін ғана әйелдер басқаратынын көрдік. Ал кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасының жалпы ауқымынан әйелдерге тек 30 %-ы ғана бұйырған. Менің айтпағым — бюджет тек ерлер үшін басым бағыттарды қаржыландыруға немесе әйелдердің үлесін құнсыз­дандыруға құрылмауы тиіс. Елдің салық-бюджет саясаты әйелдердің экономикалық әлеуетін дамыту негізінде экономикалық өсуді ынталандырудың тиімді құралы бола алады, мысалы, қолданыстағы шығындарда гендерлік теңсіздік пен кемсітушілікті жою арқылы. Сонымен қатар, ол теңсіздікті әшкерелей отырып, әйелдердің мәртебесін теңестіруге негіз жасайды: ресурстарды басқару және мемлекеттік бағдарлармаларға қол жеткізу тұрғысында.

Айта кету керек, Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы меморандум аясында гендерлік бюджет мәселесінің өзектілігі біздің елде де артып келеді, бізде сондай-ақ, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену туралы стратегиялық мақсат барын да ұмытпайық. Оның сыртында, ЭЫДҰ тарапынан «Гендерлік факторлардың есебін негізгі бюджеттеу процесіне біріктіру» туралы ұсыныс тағы бар. Гендерлік бюджетті енгізу қажеттілігі 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында да мәлім етілді. Бюджет процесіне гендерлік өлшеуді біріктіру жөніндегі ұсыныс Дүниежүзілік банк тарапынан да айтылды.

Гендерлік бюджетті дұрыс игеріп, жүзеге асыру нәтижеге негізделген бюджеттің тиімді тетігінің бірі. Жылдық бюджетті әзірлеуде гендерлік бюджетті ескеру — бюджеттегі шығындар мен басымдықтарды айқындап көрсетуге мүмкіндік береді. Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанда гендерлік бюджетті енгізу үшін саяси және құқықтық жағдай жасалып қойған, енді оны іс жүзінде жүзеге асыру үшін дұрыс қадамдар мен тиімді шаралар қажет.

Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте