Мемлекет деген — біз бәріміз

Отандық бизнес білім саласына көбірек араласуы керек

Рауан Кенжеханұлы
Рауан Кенжеханұлы
Фото: © Тұрар Қазанғап

Әлемде тұрақты дамып отырған саланың бірі — гуманитарлық бизнес. Әсіресе, білім саласы, оның ішінде білім технологиялары (ЕdTech) кәсіпкерлер назарын аудартуда. «Bilim Media Group» негізін қалаушы, YPO Kazakhstan төрағасы Рауан Кенжеханұлымен арадағы әңгіме осы саладағы трендтер, сынақтар және мүмкіндіктер жайлы өрбіді.

Былтыр Forbes Kazakhstan әзірлеген 50 ықпалды бизнесмен қатарына ендіңіз. Гуманитарлық саладағы бизнес мақсаты, құндылықтары жағынан өзгеше. Осы бағытта табысты бизнес модель жасау үшін қандай факторлар маңызды? 

— Кез келген бизнес — бір мәселені көріп, соны шешудің тиімді жолын ұсыну. Егер бизнес модельдің артында шынында да қоғам, әлеумет үшін маңызды мәселе мен оны тиімді шешудің үлгісі тұрса, ол табысты кәсіпкерлік бастамаға айналуы әбден мүмкін. Біз секілді жылдам өсіп, трансформацияланып жатқан қоғамда барлық салада дерлік шешімін күткен мәселе көп. Соның ішінде қоғамның елеулі бөлігі тікелей қатыса алатын бағыттар да жетеді. Әдетте олардың барлығына мемлекет араласып, мәселелерін мемлекет шешуі тиістей көрінеді. Бұл — білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, руханият, жалпы сананың дамуына ықпалы бар салалар. Ал осындай үлкен аудиторияны қамтитын қызметтер тек мемлекеттің ғана шаруасы болып қалмай, қоғамның ортақ ісі ретінде танылып, оған кәсіп ретінде қарайтын бизнес өкілдері көбірек келуі керек.

Сіз айтқан салалар бірден мемлекетпен байланыстырылатыны рас…

— Біз ондай заманнан өттік. Бізде «үкімет шешеді, үкіметтің міндеті» деген санаға сіңіп қалған, қасаң көзқарас болды. Бірақ мемлекет деген — біз бәріміз, өзіміз ғой?! Бұл — біреудің мемлекеті емес, барлығымыз — осы елдің азаматы, қоғамның мүшесіміз. Мемлекеттік органдардың да көп мәселені шешудегі пәрмені кейде жетпейді, ұйымдастырушылық, технологиялық және басқа да шектеулері болады. Осы тұрғыдан алғанда, бизнес әлдеқайда тиімді, жылдам және қолданушылар үшін ыңғайлы жолдарды таба алады.

Сіздер білім сапасын көтеру сынды күрделі мәселені таңдапсыздар… 

— Әлемде өздерінің білім беру сапасына көңілі толатын бірде-бір ел жоқ. Біз осы салада үлгі тұтатын Сингапур, Финляндия, Ұлыбритания — қай-қайсысы да өздерінің білім беру жүйесіндегі сапаны жетілдіру керек деп, сол үшін жұмыс істейді.

Қазақстанда көп жылдар, қажет десеңіз ғасырлар бойы қордаланған білім беру саласындағы, соның ішінде, әсіресе, инфрақұрылымдық, біліктілік мәселелерін тез арада шешу өте қиын. Бізде әлі күнге дейін 1 миллиондай оқушы орны жетіспейді, содан да біз 2–3 ауысымда білім береміз. Ал мектептерде сапалы білім алуы үшін барлық бала бір ауысымда толық күн оқып, тәрбие алуы керек. Оны мемлекет өз күшімен дәл қазір шеше алмайды, мұндай жүйелерге бизнес барынша белсенді араласуы керек. Бұл сала кәсіпкерлер үшін шын мәнінде өте қызық мүмкіндік береді.

Білім саласы — әлем бойынша жылдам дамып жатқан он бизнес саланың бірі екен. Бізде мұнда қандай кедергілер бар? 

— Меніңше, мүмкіндік өте көп, ал кедергілер — басқа бизнес салаларындағыдай. Қазақстандағы, мысалы, барлық кәсіпкерлердің негізгі мәселесінің бірі — даму үшін қажет қаржы тапшылығы болса, оны олар мүліктерін кепілге қойып, банктен алады. Ал білім беру саласындағы кәсіпкерлердің жағдайы одан қиындау, біздің кепіл ретінде салатын мүлкіміз бола бермейді. Біз өзіміз құрастырған жобалардың арқасында ғана өсе аламыз. Біздің негізгі құралымыз, жұмыс істейтін алаңымыз — мазмұн, әдістеме, контент, адами капитал. Оларды бізде әзірше бағалап, кепіл ретінде алуға ешкім дайын емес.

Рауан Кенжеханұлы
Рауан Кенжеханұлы
Фото: © Тұрар Қазанғап

Халықаралық тәжірибеде бұл мәселе қалай шешілген?

— Көп елдерде ондай мүмкіндік бар, ілгері дамыған елдерде қаржының қолжетімділігі әлдеқайда жоғары. Үлкен қауқарлы бизнес ұйымдар бұған мойын бұрып, осы саланы дамытуға ерекше мән береді. Көптеген дамыған елдер үшін бұл — үлкен экспорт бағыты. Білімді экспорттау үшін міндетті түрде сыртқа барудың керегі жоқ, тұтынушылар өздері келеді. Мысалы, біздің студенттеріміз Ұлыбритания, Америка, Канада, Корея, Малайзияға барады. Қаражаттарын осында емес, сол елдерге құйып, білім алады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның аймақтағы білім беретін хабқа айналуына, білімді экспорттауға толық мүмкіндігі бар.

Ал жергілікті кәсіпкерлер үшін гуманитарлық салада қандай мүмкіндіктер бар? 

— 1 млн оқушы орны жетіспейді дедік жоғарыда. Мектеп салыну керек. Қазір бізде жыл сайын жүздеген жекеменшік мектеп салынып, іске қосылады. Жекеменшік бала бақшалар саны — мемлекеттік бала бақшадан көп. Өйткені сұраныс бар, саналы ата-аналар балаларын оқыту үшін барын салады. Содан кейін қосымша білім беру, жоғары және арнаулы білім беретін орындар, спорт, мәдени, ән-күй үйірмелері — осының барлығы өз алдына бөлек индустрия ретінде бөлініп шықты, қарқынды дамып келеді. Жекеменшік колледждер мен университеттер, оның ішінде халықаралық оқу орындары көбеюде. Мұның барлығы осы саланың қарқынды дамып жатқанын және оған деген қызығушылық пен сұраныстың жоғары екендігін айғақтайды.

Пандемия кезінен онлайн оқыту жүйесі қанат жайып, оның ішінде EdTech өркендей бастады. Білім беру саласындағы жаңа технологиялар индустриясы Қазақстанда қаншалықты дамуда?

— 2011 жылы осы шаруаны бастаған кезде — біз Қазақстанда алғашқы болып осы салаға кірдік. «Тыңға түрен салдық». Жоқ сала еді. Нарықты да, бүкіл жаңа индустрияны да қолдан құрастырдық. Ал енді қазір бұл ондаған компания жұмыс істейтін, бәсекесі өте жоғары бөлек салаға айналды. Аймақтағы көптеген елдермен салыстырғанда Қазақстандағы EdTech — тез дамып жатқан және үлкен жетістіктері бар сала.

Орталық Азия ауқымында алғанда ма?

— Орталық Азия елдерімен, Ресеймен салыстырғанда да көш ілгеріміз. Тіпті шығыс Еуропа елдерімен салыстырсақ та бізде жасалған шаруа әлдеқайда мол. Біз, мысалы, мектеп бағдарламасындағы бүкіл мазмұнды толықтай цифрлық форматқа өткіздік. Балабақша, мектеп, орта білім, жоғары білім саласындағы бүкіл процестерді цифрлық форматқа ауыстырдық. Бұл жүйедегі бүкіл мемлекеттік қызметтер де цифрландырылды.

Әрине, өзінің ішкі қиындықтары да бар: интеграция, үлкен мәліметтерді қорыту, сараптау тұрғысынан жасалатын жұмыс әлі көп. Бірақ біз — білім, соның ішінде мектептегі білім мазмұнын цифрландыру тұрғысынан аймақтағы кез келген елден алдамыз. Бұл бағытта ұдайы дамып, қарап, салыстырып отырмыз. Бір қызығы — EdTech ілгері дамыған қоғамдар мен мемлекеттер үшін соншалықты маңызды емес. Ол білім жүйесіндегі инфрақұрылымдық мәселелері күрделі елдер үшін әлдеқайда қажет.

Қалайша?

— Айталық, Финляндияда мектеп саны жеткілікті, барлық балалар өте жақсы мектепке бара алады. Оларда «нашар мектеп, жақсы мектеп» деген түсінік жоқ. «Жақын мектеп» деген түсінік бар. Үйге жақын кез келген мектеп — жақсы мектеп. Оларда да интернет, интерактивті тақталар бар, кодингті оқытады, бірақ білімнің сапасын көтеріп, қолжетімділігін арттыру үшін EdTech потенциалына тәуелді емес.

Ал енді 80% бала екі ауысымда оқитын, тіпті үш ауысыммен оқитын мектептері көп біз сияқты елдерде ше? Бізде осындай технологиялардың көмегімен ең үздік мұғалімдердің ең жақсы сабақтарын әр балаға жеткізу маңызды. Біз үшін ұйымдастыру процестерін цифрландыру арқылы жұмыстың тиімділігін арттыру қажеттігі әлдеқайда өзекті. Сондықтан бұл тұрғыда өзімізді дамушы елдермен көбірек салыстыруымыз керек. Ал олардың арасында EdTech әлеуетін барынша пайдалануға ең көп күш салып, көп нәрсе жасай алған — Қазақстан.

Жасанды интеллектінің дамуы, оның оқыту функцияларының белсенді іске қосылуы қаншалықты жаңа сынақ әкелуі мүмкін? 

— Иә, біз қазір жаңа бір үлкен кезеңнің алдында тұрмыз. Оған барынша дайындықпен келдік. Өйткені ЖИ тиімді жұмыс істеуі үшін осыған дейінгі кезеңдерде бүкіл мазмұн цифрлы форматқа өтуі керек еді. Біз қазір, мысалы, ЖИ-ге мектеп бағдарламасындағы 39 пән бойынша 20 мыңнан аса цифрлы сабақты беріп, соның негізінде жаңа сабақтар мен жаңа тапсырмалар жасата аламыз. Сонымен бірге мұғалімдердің сабақ жоспарын құруы мен үй тапсырмаларын беруін, балалардың жұмысын қадағалауы мен ынталандыруына қажетті жұмыстардың барлығын автоматтандыруға әзірміз. Бірақ, әрине, ЖИ-ді баптау үшін алда атқарар шаруа көп.

Білім беру технологиялары саласында Қазақстанның ТМД елдеріне экспорттау әлеуеті бар ма?

— Сөзсіз, біз қызмет көрсетуші ретінде даярмыз. Бәсекелестік тұрғысында, мысалы, ілгері дамыған елдердің жүйесімен салыстырғанда, әлдеқайда арзан қызмет көрсете аламыз. Сонымен бірге көрші елдердегі ішкі ахуалды, мәдениетті жақсырақ түсіну, аудару, бейімдеу тұрғысынан да жинақтаған тәжірибеміз мол. Бірақ ескеретін бір мәселе бар: білім беру саласында шетелдік қызметтердің қабылдануы қиын. Өйткені, оның ар жағында — идеология, мазмұн, балалардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтері, олардың санасын қалыптастыру дегендей мәселелер тұрады. Сондықтан барлық елдер білім саласына қатысты қызметтерін ішкі дербестік тұрғысынан қорғайды. Өйткені бұл — цифрлық және мазмұндық дербестік, түптеп келгенде, тәуелсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Біз де өзге елдерден келген білім беру қызметтерін көп кіргізе бермейміз, тіксіне қараймыз, шектейміз. Сондықтан басқа елдерге қанша жерден керемет нәрсе ұсынсақ та, олардың бізді қабылдауы — өте күрделі.

Ұсынып көрдіңіздер ме?

— Әрине, біз көрсеттік те, бардық та, аудардық та. Өзбекстанға да, Қырғызстанға да, Ресейге де. Барлығының айтатыны: мынау — керемет нәрсе екен, өте әдемі, бірақ…

Сақтықпен қарайды ғой?

— Ертең «балалардың мәліметтерін қайда алып кетесіңдер?», «бұл — біздікі емес, өзге елдікі», «одан да сатыңдар, біз бәрін алып алайық, өзіміз басқарамыз» дейді. Оған біз дайын емеспіз, өйткені біздің цифрлы өнімдеріміз — интеллектуалды меншігіміз.

Болашақта салалық бизнес деген болмайды, компаниялар Amazon, Apple, Google сияқты жан-жақты адамдар пайда табатын әрі бірге дамитын ортақ платформаға, экожүйелерге айналады деген түсінік бар. Қазақстанда осындай тренд байқала ма? 

— Қазақстанда өте тез дамып жатқан экожүйе модельдері бар. Қаржылық қызметтерге көп қосымша қызметтер кіріктіріліп жатыр: билет алынады, аударым жасалады, онлайн дүкендері бар, тіпті мемлекеттік қызмет те ішіне кіріп жатыр. Барлығы бір жерде. Біз де үлкен трафик қамтамасыз етіп отырған жүйе ретінде осындай экожүйелерге әріптес ретінде қызықпыз. Мысалы, Freedom банкпен жұмыс істейміз, біздің де қолданушылар, балалар алған бестіктеріне банк тарапынан белгілі-бір бонустар алады. Ондағы ойымыз — осындай экожүйедегі кейбір қызмет түрлерін өз қолданушыларымызға ұсынудың әдемі амалдарын табу. EdTech сөзсіз Fintech, HealthTec, ArtTech, коммерциялық сауда платформаларымен өте тығыз жұмыс істей бастайды. Бұл процесс басталып кетті де, келешекте тек тереңдей береді.

Жаңа технологиялар қандай да бір қиындықтар әкелуі мүмкін бе? 

— Мемлекет тарапынан бұл бағытта осы саланы реттеу және жүйелеу тұрғысынан үлкен қадамдар жасалуда. Қазіргі үлкен қиындық — бұл бизнес жүйелердің көптігі және олардың арасында интеграцияның жоқтығы.

Қазақстан бойынша ма?

— Иә, бір елдің ішінде. Бәсекелестік болғандықтан, жүйенің әртүрлі қырларынан әртүрлі компаниялар түрлі шешімдер беруде. Тіпті бір шешім, бір мәселе бойынша әр аймақ әртүрлі жүйеде жұмыс істейді. Шын мәнісінде, бір ел болғандықтан, тиімділікті көтеру үшін ортақ платформа болғаны маңызды. Бұл қолданушыға да, мемлекетке де ыңғайлы. Немесе барлық ойыншылар өзара келісіп, ортақ мәлімет бөлісу ережесіне келуі тиіс. Сонда әр адам балабақшаға, одан мектепке, сосын университетке келгенде оған қатысты мәліметтер, жетілдіруі тиіс пәндер, кеңестер бірге «еріп» жүреді. Қазіргі ең үлкен қиындық осы. Барлық сала, барлық бағыт бойынша көп нәрсе жасалды, шешімдер дайын тұр. Бірақ олардың арасында интеграция жоқ. Соның салдарынан тиісті дәрежеде тиімділік көрсете алмай отырмыз.

Екіншіден, әрине, бұл — мәліметтердің қауіпсіздігі және оны басқару тетіктері. Оларды реттеу, жүйелеу, басқару және бақылау өте маңызды. Бұл бүкіл әлемде өте тез дамып жатқан сала. Сондықтан бұны бір реттеуші орган мұқият қарауы керек сияқты. Біз осы саладағы ең үлкен компания ретінде мемлекетпен де өте тығыз жұмыс жасаймыз. Жалпы үлкен мақсатымыз — әр оқушыға, оның жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оқуына, білім алуына, дамуына барынша жағдай жасау. Өйткені, білім саласындағы цифрландырудың көздегені де сол — әр адамның жылдамдығына, қабілетіне, мүмкіндіктеріне барынша бейімделген білім беру ортасын қалыптастыру. Мысалы, бір сыныпта 30 бала отырса, олардың оқу қабілеттері, қабылдауы, дайындықтары 30 түрлі. Ал қазіргі дәстүрлі білім беру жүйесінде оны ескермей, бәрін бірдей оқытамыз.

Цифрландыру беретін артықшылық — әр оқушының жеке қабілетін негізге алатын білім беру жүйесін жасау. Мейлінше тезірек осыған келсек, сонда еліміздегі адами капиталдың потенциалын да тез өсіре аламыз.

Жаңа бір қызықты нәрсе айттыңыз: бізде шынымен компаниялардың өзара интеграциясы жетіспейді. Ал Батыстағы бизнес-экожүйелерде алпауыт компаниялардың қызметтері бір-бірімен астасып, байланысып жатады. Бізде неге осындай тенденция жоқ?

— Мұндай жүйелерді жасап отырған компаниялар бұған көп қаражат салады. Олар өзара ықпалдастықты дамытуға мүдделі. Бұл арада өзара интеграцияны ынталандыру тетіктері болуы керек. Мысалы, не себепті өз мәліметтерін компания басқаға береді?! Соны «мынадай ережемен, мына мәліметті былай бөліп беру керек» деп реттеуші айтуы қажет. Бірақ мұндай әрекеттесу — сол интеграцияға кірген компаниялардың мүдесіне қайшы болмауы керек. Бұл өте маңызды. Егер ол оның мүддесіне қайшы болса, онда біреуі жұмысын тоқтатуы тиіс болады.

Екінші жағынан: интеграцияға кіріккенде, қалай болғанда да, біреудің мүддесі шектеледі. Ал біз еркін нарық, монополияға қарсы қорғау, кәсіпкерлікті шектемеу деген қағидаларға сенеміз. Сондықтан «бәрі оп-оңай, қане, бәрің бірігіңдер, интеграцияға кіріңдер» дей салу мүмкін емес. Оған қарсы қалыптасқан белгілі-бір ережелер бар: заң, кәсіп жүргізу ережелері, мәдениетіміз, одан кейін, әрине, нарықтың ішкі бәсеке ережелері бар. Осындай дүниелер — оған әзірше тосқауыл.

Дәл қазір экономиканың барлық саласына әсер ететін бір ғана факторды атай аласыз ба?

— Білімнің сапасын арттырмай, экономиканы да, қоғамдық өмірді де, әлеуметтік жағдайды да — ешқайсысын қажетті деңгейге көтере алмаймыз. Өндірістің өсуі де екіталай. Білім сапасы — дамудың өзегі.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте