Қонақ — үйге келген құт
Этнотуризм мұражайлармен шектелмейді, ол — жанды мәдениет, әдет-ғұрып

Этнографиялық туризм дегенде көз алдымызға көшпенділердің ауылы мен дәстүр-салты келеді. Бірақ оның мағынасы мейлінше ауқымды. Турист өзі келген елдің әдет-ғұрпын түсініп, тұрмыс-тіршілігін көргісі келеді. Бұл мұражай арқылы танысу емес, шынайы өмір-салтын жұрт назарына ұсыну.
Қазірдің өзінде біз Алтай мен Атырау арасындағы тарихи-мәдени мұраға толы алқапты, географиялық ландшафт пен жауһар жәдігерлерімізді көрсете алмай келеміз. Қолда барды қадірлеп, ұлттық ерекшелігіміз арқылы туризмді дамытуға не кедергі?
Белгілі этнограф Айгерім Мұсағажиновамен арадағы әңгіме этнотуризм төңірегінде өрбіді.
Қазақтың этнотуризмі
«Этнотуризм — бұл бір этностың, ұлттың дәстүрі мен мәдениетінен эмоция алу, сезіну, әсерлену. Туристік нысандар, ғимарат пен мұражай емес, ол жанды мәдениет, адамдар мен әдет-ғұрып. Қазақтың этнотуризмі шетелдіктерге өте қызық. Қазақстанда салт-дәстүр жақсы сақталған. Күнделікті өміріміз, тұрмыс-салтымыз өзімізге қатардағы дүние сияқты болғанымен, басқа елдерге уникал болып көрінеді. Мұны материалдық емес мәдени мұра деп атаймыз.
Халқымыз тұрмыстық әдет-ғұрыптарға бай. Қазақ асханасының өзі сан алуан, тағамдарды дайындау технологиясы да әртүрлі. Қазы мен қақталған жылқы еті, көктемдегі «белкөтерер», «ұйқыашар», «қымызмұрындық» секілді тағамға қатысты ғұрыптар өте көп. Ауылдарда ұлттық ойындар, қыз ұзату, бесікке салу, тұсау кесу секілді ғұрыптар әлі сақталған. Қаймағы бұзылмаған көшпелілер мұрасы бар бізде. Киіз үй, ұлттық музыка, домбыра мен қобыз. Ұлттық қолөнер, киіз басуды да ұмытпаңыз. Қазан асып, бауырсақ пісіргеннің өзі әдемі әсер қалдырады. Жиі байқаймын, шетелдік туристер домбыраның үніне, одан төгілген күйге де таңырқап отырады. Оның барлығы тек бізде бар, өзгелерден таба алмайтын қазына. Әлем жұртшылығының алдында бізді ерекшелейтін тұсымыз. Ең бастысы, біздің қонақжайлығымыз философия деңгейінде қалыптасқан. Қонақ келгенде жасалатын әрбір жөн-жоралғының өз мәні бар. Халқымыз оның әрқайсысын ерекше ыждаһаттылықпен орындайды», — деп әңгімелейді Айгерім Мұсағажинова.

Дәстүрге бай қай өңір?
Этнограф маманның айтуынша, қазақ есік алдына келген әр адамды төрге шығарып, ізетпен күткен, өйткені «қонақ — үйге келген құт». Туризмнің де басты міндеті осы қонақжайлық емес пе?!
«Өзіңді танығың келсе, еліңді таны» деген сөз бар. Қазақстанның әр өңірінің өз ерекшелігі бар. Мысалы, Батыс Қазақстандағы Ақтауда салт-дәстүріміз саф күйінде сақталған. Ақтауда күнтізбелік-оқиғалық туризм ұйымдастыруға болады. Ол өңір Наурыз, Амал мерекесін қалай керемет тойлайды? Киіз үй тігіп, жаппай қазақша киініп, ұлттық мерекенің атмосферасын бере алады. Үндінің Холи, қытайлықтардың жаңа жылы тәрізді Амал мерекесінің мәртебесін көтере аламыз. Соған орай арнайы туристерді шақыруға болады.
Ал Шығыс Қазақстанда емдік шөптермен керемет тағамдар әзірлейді. Бұл өңірде гастрономиялық туризмді қолға алуға болады. Астана былтыр Көшпенділер ойынымен кеңінен танылып, мыңдаған турист тартты. Оңтүстік Қазақстанда Ұлы Жібек жолының ізі жатыр, Түркістанның киелі жерлері мен тарихи орталықтары этнотуризм үшін өте қызық. Қараңыз, әр өңірдің өзіне тән ерекше тұсы бар, тіпті мерекені тойлау әдебі де өзгеше.
Этнотуризмнің нағыз мысалы болатын өңір — Түркістан. Қазір рухани ордамыз жаңғырып, түркі әлемінің жүрегіне айналғаны рас. Әлемнің әр түкпірінен зиярат ететіндер, өз ұлтының тарихы мен архитектурасын көргісі келгендер жиналады. Бір ғана Түркістан мәдениетімізді сақтауға үлкен үлес қосып отыр. Ішкі туризмді жандандырып, жылына миллиондаған турист әкеледі. Оларға ұсынатын дүниені де дайындап қойған. Мәселен, киіз үй қалашығында қолөнершілер шеберлік сабақтарын береді. Мейрамханада ұлттық тағамдарын ұсынады. Оның айналасындағы ауылдары — нағыз қазақи болмыстың көрінісі. Шетелдік қонақтар үшін таптырмас уникал дүние. Оның экономикалық әсері де мықты: Түркістан мен оның маңайындағы тұрғындары, аспаздары, қолөнершілері, гидтер мен фермерлер табысын туризм арқылы табады. Жергілікті бизнес пен инфрақұрылым дамып жатыр», — деп бірқатар бірегей ұсыныс жасаған танымал этнограф, «этнотуризм тек бизнес пен табыс көзі емес, этнотуризмнің дамуы киелі жерлердің, табиғат пен салт-дәстүрдің сақталуына әсер етеді» деп қосады.
Гастрономиялық туризм
«Қазір мен кулинария дипломатиясы саласында ізгі ниет елшісімін. «Қазақстан дәмі гастродипломатия» атты бағдарлама дайындап жатырмыз. Гастродипломатия жұмсақ күш секілді, өйткені дастархан басында бәрі тең. Қазір дайындап жатқан бағдарлама аясында ең алдымен гастрономиялық миссиялар өткізуіміз керек. Елшіліктерде ұлттық гастро-кешкі ас, әр облыста өңірлік гастротурлар, аспаздықтың мәдени апталығы секілді шаралар ұйымдастыруға болады. Мысалы, Kazakstan Food Week тағам апталығында әр түрлі елдердің өкілдерін шақырып, фестиваль өткізсек, керемет емес пе? Осы арқылы Қазақстанда гастрономиялық мәдениеті жоғары ел имиджін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Шын ниетпен дайындалған дәмді де қадірлі ас — әртүрлі мәдениеттің, ұлттар мен экономикалардың арасында өзіндік көпір бола алады. Қазір бізге гастробрендингке инвестиция құю керек. Ол үшін Мишлен рейтингіне кіретін ұлттық мейрамханаларды көбейту қажет. Гастрономиялық ерекшелігімізді байлығымыз ретінде құрметтеуіміз керек. Бұл саланың әлеуеті зор», — зор дейді біздің кейіпкеріміз.
Қазақ асханасы және бизнес
«Егер ақылмен істесе, қазақ асханасы арқылы жақсы табыс табуға болады. Қазақ асханасы әр түрлі тағамдардың жиынтығы немесе әр түрлі әдіспен піскен ет пен қуырдақ қана емес. Өкінішке орай, бізде қазір ұлттық тағамдарымыз жайлы дұрыс түсінік қалыптаспаған. Ол ең әуелі — жергілікті өнімдер, жергілікті шаруаның қолынан шыққан тағамдар. Сондықтан алдымен бізге фермерлерді қолдау керек. Мысалы, түйе, жылқы және қой шаруашылығын дамытып, біз жергілікті өнімін тұтынатын елге айнала аламыз. Егер қонақтарға ірімшік ұсынсақ, ол түйе немесе ешкі сүтінен жасалған ірімшік болуы керек. Сонда нағыз ұлттық тағамға айналады.
Біз отандық өнімге бай елміз, тек оны жаңғыртып, жандандыру қажет. Түйе сүті Қазақстанның алтыны десек болады. Ол тек шұбат емес, одан тіпті косметика мен десерт те жасалады. Балқаймақтың өзі дүкеннен сатып алатын «сгущенканы» алмастыра алады. Бір ғана сүттен қаншама тағам дайындай аласыз. Бұның бәрі айналып келгенде ұлттың денсаулығы.
Шыны керек, ой көп, идея көп. Халқымыздың ғасырлар бойы сақтап, бізге аманат еткен мұрасы — нағыз байлықтың өзі. Әлі көпшілігі біле бермейтін, кең тарала қоймаған ұлттық тағамдар көп. Бізді қазақ ететін де, бізді ерекшелейтін де дүние сол. Үлкен әлеуетіміз бар, тек сонымен жүйелі жұмыс істей білу қажет», — деп қосады этнограф маман.
Ауыл және этнотуризм
Айгерім Мұсағажинованың айтуынша, этнотуризмді дамыту мәселесінің бір ұшы инфрақұрылым проблемасына келіп тіреледі. Әлі күнге дейін ауылдарға жетуге қиналамыз, жол нашар. Сонымен қатар, елде этнотуризмді қалыптастырып, дамыту үшін шалғай өңірлерге сервис пен сапаны жеткізу керек, жергілікті халықты өз өнімдерін сатуға үйрету қажет.
«Мысалы, Көлсай жақтағы Саты ауылында қонақ түсетін жүздеген үй бар. Олар сервис пен сатуды жақсы меңгерген. Туристер — сол ауылдағы негізгі табыс көзінің бірі. Осы үрдісті барлық өңірлерге жеткізу керек. Әр өңір өзіндік тур өнімін ұсынып, маркетинг арқылы сатуды үйренгені дұрыс. Қазір урбанизация қарқынды жүріп, көпшілік ауылды тастап кетіп жатыр. Себебі жұмыс жоқ. Бұл үлкен проблема. Егер шаруа немесе қолөнерші өзінің кәсібінен ғана емес, турист тартудан табыс тапса, ауылдарды сақтап қалуға бек болады деп ойлаймын.
Жаһандану заманында батыс мәдениетінің ықпалы күшейіп барады. Біз ұлт ретінде өзімізді сақтап қалуда этнотуризмді тиімді пайдалана аламыз. Этнотуризм біздің ұлттық ерекшелігімізді, ауылдарымызды, салт-дәстүрімізді сақтап қалуға көмектеседі. Мәдениет қызығушылық арқылы сақталады. Егер турист ауылға келіп, саумал ішіп, бауырсақ пен қымыздан дәм татса, сөз жүзінде емес, іс жүзінде этнотуризм жанданады. Осылайша біздің дәстүріміз сақталып, атадан балаға беріле бастайды. Этнотуризмді дамыту үшін біз осыған алдымыз өзіміз сенім артып, атсалысуымыз керек. Қазақтың өмір тәжірибесін мұражай арқылы емес, осындай туристік бағыт арқылы сақтап қалуға әбден болады», — деп түйіндейді өз әңгімесін этнограф Айгерім Мұсағажинова.