Қазақстандық инвесторлар қор нарығы құралдарын әлі толық меңгерген жоқ

Жаһандық экономика соңғы екі жылдағы алмағайып жағдайларға біртіндеп болса да бейімделе бастады

Фото: © Depositphotos.com/poznyakov

Бұл тұрғыда әлемдік нарықтар үшін, әсіресе, инфляция мен пайыздық мөлшерлемелердің аздап болса да төмендеуі өзіндік қуат беруде. Халықаралық валюта қорының деректеріне ден қойсақ, 2023 жылы жаһандық инфляция 6,6 %-ға төмендеген (2022 жылғы 8,8 %-дан). Ал пайыздық мөлшерлемелер бойынша әлем елдеріндегі реттеуші мекемелер базаны төмендету тенденция­сына бет бұруда.

Отандық сарапшылардың айтуынша, жаһандық деңгейдегі былтырғы оң өзгерістер Қазақстанның қор нарығына да жағымды жағынан әсер етуде. Ішкі нарықтың қазіргі бағыты әлемдік нарықтармен бір сипатта, тіпті біздегі жағдай біршама тартымды деуге де тұрады, бұған дәлел — KASE индексінің өсу көрсеткіші. «2023 жылдың басында KASE индексі алдыңғы жылдың жазында басталған өсу трендін көрсетті, жалпы, 2022 жылмен салыс­тырғанда, былтыр барлық акциялар оң аумақтан көрінді. Нарық ішінде байқалған уақытша ауытқулар мен құлдыраулар инвесторларды негізінен былтыр наурызда, мамырда және қазанда біршама алаңдатты. Бірақ биыл KASE тұрақтылық танытуда», — деп түсіндіреді Қазақстанның қор биржасында былтыр байқалған оң үрдістер толқыны туралы FFG сарапшысы Ансар Абуев.

Сарапшының айтуынша, 2023 жылы KASE әлемдік жетекші индекстердің бірқатарын басып озды: 28,8 % деңгейіндегі нәтижемен S&P 500 (+24,2 %), еуропалық Stoxx 600 (+12,7 %), немістің DAX (+20,3 %), Кореядағы Kospi (+18,7 %), Гонконгтағы Hang Seng (-13,8 %) көрсеткіштерін артта қалдырды. KASE көрсеткішіне жақындау нәтижелер итальяндық MIB 40 (+28 %) және жапондық Nikkei 225 (+28,2 %) тарапынан байқалды, әрине, Қазақстан қор биржасын АҚШ-тың NASDAQ 100 технологиялық индексі (+53,8 %) басып озды, дейді ол.

Өз кезегінде «Фридам Финанс» АҚ басқармасының төрағасы Сергей Лукьянов, Қазақстанның қор нарығына былтыр мейлінше әсер еткен маңызды оқиғаның бірі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жүзеге асырған ІРО деп есептейді. «Бұл оқиға 2022 жылдың соңында болғанымен, оның нарыққа деген әсері былтыр еселеп артты — осы ІРО аясында нарыққа ондаған мың инвестор қызығушылық танытып, қор нарығының өсіп, кеңеюіне екпін берді», — дейді ол.

Айта кету керек, 2023 жылы отандық биржаларда 32,5 млрд теңге сомасына акцияларды орналастыру шаралары өткізілді, олардың ішіндегі ең ірісі KEGOC өткізген SPO — компания акцияларына жазылу бойынша сұраныс ұсыныстан 1,5 есе асып түскен. Жалпылай алғанда, 2023 жылы қор нарығының бірінші және екінші деңгейлеріндегі сауда көлемі 314 млрд теңгені құрады, ал бұл 2022 жылдың көрсеткішінен 2,9 есе немесе 172,7 млрд теңге артық ауқым.

«Жалпы, былтырғы жылды өсу кезеңі деп сипаттауға толық негіз бар. 2022 жылы басталған соғыстан кейін әлем қазір біртіндеп жаңа жағдайға үйреніп, бейімделіп, логистикалық жаңа жол тізбектерін қалыптастырып жатыр. Әйтеуір санкциялардан аманбыз, бұл елге де, қаржы нарығына да әрі қарай дамуға мүмкіндік берді. Бірақ Қазақстан әлемдік қаржы жүйесінің бір бөлігі — нарыққа тән қауіп-қатерлер туралы сөз қозғалғанда санкциялық сая­сат, санкциялық тәуекелдер мәселесін елемеуге болмайды. Қазақстан санкциялық тәуекелдерді азайту бойынша тиісті шаралар қолдануда. Атап айтсақ, екі биржада да Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасы азаматтарының есепшоттары бойынша сегрегация жүргізілді — бұл еуропалық депозитарийлердің бүгінгі талаптары. Әрине, ел үшін санкциялық тәуекелдер көлемі азайды, дегенмен, нарықтың ликвидтілігі қысқарып қалды, өйткені жоғарыда көрсетілген екі елдің азаматтары енді Қазақстан биржаларында бірқатар мәмілелерге қол жеткізе алмайды», — дейді Сергей Лукьянов.

Айтпақшы, қор нарығы төңірегінде былтыр талқыға түскен тақырыптың бірі еліміздегі екі биржаның (KASE және AIX) әлеуетін біріктіру мүмкіндігі туралы. «Бұл пікірталас былтыр күзде өрбіді, жалпы, бұл екі биржаны біріктіру оңай шаруа емес, өйткені олардың арасында бірқатар техникалық айырмашылықтар бар. Оған көшбасшылар арасындағы бәсекелестікті қосыңыз, әрине, бұл нарық ішін алаңдатары сөзсіз. Және бұл әңгіме биыл да біршама тәуекел тудыруы ықтимал. Былтыр, сондай-ақ бұрыннан айтылып келе жатқан салықты сальдолау туралы мәселе де көтерілді, бірақ әзірше бұл тұрғыда шешім болған жоқ. Ал қор нарығындағы негізгі перспективаларға тоқталсақ, бұл жайында мемлекет басшысы айтып өткендей, экономиканы ырықтандыру, жекешелендіру деген ұсыныстар қашанда өзекті. Ендеше, таяу арада біз қосымша SPO және IPO өткізілуінің куәсі болуымыз әбден мүмкін, бұл ішкі нарықтағы инвесторлар санын арттырып, қор нарығын танымал етуге септік етеді деп ойлаймын», — дейді «Фридам Финанс» басқармасының төрағасы.

FFG сарапшысы Ансар Абуевтің айтуынша, қазіргі таңда отандық екі биржаның дамып, кеңеюіне макроэкономикалық қолайлы жағдаймен қатар, нарық ішінде таныла бастаған жаңа құралдар да септік етуде. 2024 жылы акциялар бұрынғыдан да қарқындап өсіп, қомақты нәтижелер көрсетуде деп отыр ол. Сарапшының болжамынша, бұл алдағы уақытта инвестициялау­ға деген қызығушылыққа дем беріп, бөлшек инвесторлар санын арттыруға үлес қоспақ. «Қазақстан қор биржасы былтырғы жылды ойдағыдай аяқтады. Жоғарыда айтып өткенімдей, KASE индексі әлемдік жетекші көрсеткіштерден асып түсті. Акциялар нарығының капитализациясы бір жылда 26,4 %-ға, яғни 26,7 трлн теңгеге дейін өсті. Жеке тұлғаларға тиесілі есепшоттар саны 639 мыңды құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 161 мыңға (30 %-ға) артық көрсеткіш», — дейді ол.

Сарапшы маман былтыр АІХ биржасы да өз индексін дамыта түскенін айтады. «2023 жылы ондағы сауда ауқымы 582 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 236 %-ға жоғары көрсеткіш. Акциялар сатудағы резидент еместердің үлесі 31 %-ды құрады. Биржа былтыр 2 млрд АҚШ доллары көлемінде қарыз капиталын тартты, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен (557 млн АҚШ доллары) 3,5 есе жоғары ауқым», — деп көрсетеді Ансар Абуев. Айта кету керек, 2023 жыл бойынша АІХ Qazaq Index биржалық индексі (Қазақстанда жұмыс істеп жатқан он шақты компанияның қағаздары) 948,35 тармақтан 1217,38 тармаққа дейін көтеріліп, 28,37 % деңгейінде өсім көрсетті (2022 жылы –15 %). Ансар Абуевтің айтуынша, былтыр АІХ алаңында ең көп сатылған акциялар Polymetal International компаниясына тиесілі болған: олар биржадағы жалпы сауда ауқымының 31,1 %-ын құраған.

Сарапшы мамандардың пікірінше, қазіргі таңда ішкі нарықта қаржы құралдарына деген сұранысқа лайықты ұсыныс жеткілікті, әсіресе, корпоративтік облигациялар мен акцияларды бастапқы орналастыру саласында. Сергей Лукьяновтың айтуынша, қор нарығының әрі қарай дамып, сапалық тұрғыда жақсаруына нарық ішіндегі инвесторлардың барлық санаты ықпал ете алады. Яғни, бөлшек инвесторлар, институционалдар, ұзақ мерзімге, қысқа, орта мерзімге негізделген инвесторлар деген сияқты. «Сонда еліміздің қор нарығы күшейіп, барлық қажеттілік спектрін қамтиды. Бұл мақсатқа жету үшін, меніңше, нормативтерді ырықтандырып, жеңілдетуді және институционалды инвесторлардың нарықтағы жұмыс мүмкіндіктерін ұлғайтуды ойластыр­ған дұрыс. Сондай-ақ, нарыққа қатысушылардың мемлекеттік қарызды бастапқы орналастыру нарығына деген қолжетімділігін кеңейтуге болады», — дейді ол. Сонымен қатар сарапшы: «Қазақстандық компаниялар мен қазақстандық инвесторлар қор нарығындағы құралдарды әзірше толық меңгеріп, игерді дей алмаймын. Биржаға жеткілікті деңгейде капитал тартылып жатқан жоқ: көптеген компаниялар дәстүрлі банктік өнімдер мен мемлекеттік кредиттік бағдарламаларға иек артады. Мемлекет басшысы қазір жекешелендіру бағытын айқындап көрсетті, содан да біз биржада квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың үлесі арта түседі деп үміттенгіміз келеді», — деп қосады.

Сергей Лукьяновтың болжамынша, дәл қазір облигациялар үшін қолайлы уақыт. Базалық мөлшерлеменің төмендеуімен компаниялар енді сәтін тауып қаржы тартуға кіріссе болады. Бұл бөлшек инвесторлар үшін де, мемлекеттік қаржыландырудан үмітті компаниялар үшін де тиімді, дейді сарапшы. Әрине, бұл процестің күрделі тұстары аз емес, мысалы, көптеген компаниялардың бұл тұрғыда тәжірибесі жеткіліксіз болуы мүмкін, пруденциалдық нормативтер тұрғысында кедергілер кездесуі ықтимал. Дегенмен, Сергей Лукьяновтың пікірінше, реттеу­ші органның әрекеті мен биржадағы листингті жеңілдету үрдісі барысында қазір компаниялар үшін қаржы тарту тартымдылығы мол кезең.

Өз кезегінде сарапшы Ансар Абуев биылғы жылдың екінші тоқсанында KASE индексі өсу қарқынын ептеп тежейді деген болжам айтады, өйткені осы кезеңде нарықта дивидендтер маусымы басталады. «Индекс қарқыны үшінші тоқсанда қалыпқа келіп, қайтадан өсе бастайды деп күтеміз, бұған теңгенің тұрақтылығы және ҚР Ұлттық Банкі тарапынан ақша-кредит саясатын жұмсарту саясаты септік етуі тиіс. Біздің болжамдарға сәйкес, жыл соңына дейін базалық мөлшерлеме 12 %-ға дейін немесе 275 базалық тармаққа төмендеуі ықтимал, ал инфляция 8 %-ға жақындайды деген пайым бар. Әзірше нарық динамикасына ықпал етуі мүмкін сыртқы жағымсыз факторлар байқала қойған жоқ. АҚШ тарапынан мөлшерлемелерді төмендету мәселесі әлі де күн тәртібінде, бірақ бұл уақыт еншісіндегі шешімнің бірі деп ойлаймын», — дейді FFG сарапшысы.

Ансар Абуев сондай-ақ, Ұлттық қордан бюджетке жасалатын аударымдар аясында 2024 жылы теңгенің айырбас бағамы тұрақты болып қалады деген пікірде. «Ағымдағы жылға мәлім етілген жалпы көлемге сүйеніп айтар болсақ, біздің есептеулерімізше, реттеуші мекеме айына шамамен 600 млн доллардай сатуы керек, бұл нарықтағы ай сайынғы сауда көлемінің 15 %-дан 30 %-ға дейінгі ауқымын құрауы ықтимал сома», — дейді ол. Ал жекелеген эмитенттерге қатысты сарапшы «бірінші кезекте 2023 жылдың қорытындысы бойынша дивидендтер туралы хабарландыруларды күтеміз» деп отыр. Бұл тұрғыда қазір негізгі сұрақ: «ҚазМұнайГаз» бен «Қазатомөнеркәсіптің» дивидендтері ұлғаюы мүмкін бе дегенге келіп тіреледі (олардың өз есептеу формуласы бойынша ұлғайту мүмкіндігі жоқ емес секілді). Ал таяуда жария компания атанған Air Astana туралы Ансар Абуев: «2024 жылдың екінші және үшінші тоқсандарындағы нәтижелерді мұқият қадағалаймыз — сол тұста мәлім етілетін қаржы есептерімен танысқан соң, ІРО кезінде айқындалып, айғақталған мақсатты көрсеткіштерге қаншалықты қол жеткізілгенін саралап, талдау мүмкіндігі болады», — дейді.

Отандық қор нарығында орын алуы ықтимал басқа да маңызды оқиғалар қатарында FFG сарапшысы Tele2/Altel ұялы байланыс операторын «Қазақтелекомға» сату мүмкіндігін еске салады. «Егер бұл мәміле шынымен жүзеге асып жатса, онда ең маңызды мәселе — сатудан түскен қаражаттан арнайы дивиденд төлеу деген тұрғыда өрбуі мүмкін (ұлттық байланыс операторы 2012 жылы Kcell-ді сатқан кездегідей). Биыл, сондай-ақ «ҚазТрансОйл» мен KEGOC-тың қаржылық нәтижелерін мұқият қадағалауға болады, өйткені тарифтер бойынша мейлінше либералды заңдардың арқасында олар енді көбірек пайда табуы ықтимал», — деп түйіндейді сарапшы.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте