Қаржылық сауаттылық
Алаяқтар мен реттеушілер күресіндегі тұтынушылардың ахуалы
Байқауымызша, алаяқтар қаржы технологияларын күннен-күнге жетік иегеріп жатыр. ҚНРДА ақпаратына сәйкес, алаяқтық іс-әрекеттер арасында вишинг және фишинг секілді екі негізгі схема кең тараған. Вишинг аясында алаяқтар жәбірленушімен тікелей қарым-қатынас жасап, оны нұсқауларды орындауға мәжбүрлесе, фишинг– жәбірленушінің құрылғысына түрлі технологиялық әрекеттер, яғни жалған сайттар, сілтемелер, QR және қашықтан қол жеткізу бағдарламалары арқылы шабуыл жасау дегенді білдіреді. Алаяқтар тұтынушыға әртүрлі кейіпте хабарласып, оған қатысты ақпараттарға қол жеткізуге тырысады, ал олардың көздейтіні бір-ақ мақсат: тұтынушының сеніміне кіріп, оның қаржысын жымқыру.
Реттеуші орындардың мамандары түсіндіріп өткендей, алаяқтардан қорғанудың басты құралы — сауаттылық, хабардарлық, ақпараттылық. АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) бас директоры Евгения Богданованың айтуынша, қаржылық сауаттылық — алаяқтардан қорғанудың ең алғашқы шебі. Сауаттың төмендігі қарапайым тұтынушыны да, инвесторды да алаяқтардың алдында әлсіз етеді, ал біздің өмірімізге онлайн платформалар мен мобильді қосымшалардың денднп енуі, бір жағынан, тұтынушыларды қаржы нарығына жақындата түскенімен, екінші жағынан, алаяқтардың заңсыз әрекеттерді заңды тауарға балап, бүркемелеуіне жол ашуы әбден мүмкін.
Ислам қаржыландыруы саласындағы сарапшы, Ailat компаниясының негізін қалаушы Азат Өтепбай алаяқтар қазір тұтынушылардың сеніміне кіру үшін діни нанымдарды да өз пайдасына қолданудан тайынбайды деп отыр. Олар өздерін исламдық қаржыландыру нарығына қатысы бардай көрсетіп, тұтынушыларды адастыратын жағдайлар да жоқ емес. «Біздің қоғамда, нарықта исламдық қаржылық өнімдерге қатысты қаржылық сауаттылық әлі де жеткіліксіз, осының салдарында қарапайым тұтынушылар «халал» деп таныстырған кез келген өнімге оңай сеніп қалады. Ал бұл алаяқтарға халықты жалған уәдемен өз торына түсіруге жол ашуда», — деп налиды ол.
Айта кетейік, еліміздегі «Ақпараттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі» заңға сәйкес қазір Қазақстан азаматтарының банк кредиттері мен микрокредит алудан ерікті түрде бас тарту құқы бар. 2024 жылдың тамызынан бастап еліміздегі кредит беруші ұйымдар — тергеу шаралары жүргізіліп жатқан алаяқтық кредиттер бойынша сыйақы есептеуді және наразылық-талап қоюды тоқтата тұруға міндетті. Егер клиенттің қарызы оның қатысуынсыз алаяқтық жолмен алынғанын дәлелдейтін сот шешімі өз күшіне енсе, онда клиентке қатысты қандай да бір талап, наразылық тоқтатылады. Сондай-ақ былтыр қыркүйектен бері кредиттік ұйымдар: кредит алудан ерікті түрде бас тарту кезеңін белгілеген азаматтарға заңсыз жолмен берілген кредит қарызын есептен шығаруға міндетті.
Сонымен қатар, отандық қаржы нарығындағы алаяқтық әрекеттерге қарсы тұрып, ел азаматтарын қорғау мақсатында реттеуші орган тарапынан арнайы заң жобасына өзгерістер енгізіліп, нәтижесінде 1 млн теңгеден асатын сомада (нормативтік-құқықтық акті негізінде айқындалады) тұтынушылық кепілсіз онлайн-қарыздар беру кезінде 24 сағатты құрайтын «шешім қабылдау» кезеңі енгізілді. Демек осы уақыт аралығында тұтынушының кредитті өзі рәсімдегені немесе алаяқтың тұзағына түскен-түспегені анықталады деген сөз.
Евгения Богданованың түсіндіруінше, қазір реттеуші қаржы қызметін көрсетушілерден барынша ашық ақпарат талап етеді. «Онда тәуекел атаулы түгел көрініс табуы тиіс. Алаяқтар инвесторлардың жеке ақпараттарына тұзақ құрып, сол арқылы банк және инвестициялық есептерге қол сұғады. Ал реттеушінің талабына сәйкес — инвесторлардың жеке мәліметтерімен жұмыс істейтін компаниялардың техникалық инфрақұрылымы халықаралық талаптарға сай болуы керек. Олар өздерінің IT жүйелеріне жыл сайын аудит жасап, ақпараттардың сақталуын, қорғалуын қатаң бақылауы тиіс», — дейді ол.
Инвесторлардың құқығын қорғау барысында AFSA әртүрлі онлайн шағым және өзге де мәселелерге мұқият мән беруде. Оның ішінде қауіптің алдын алу мақсатында интернеттегі, әлеуметтік желілердегі жарнаманы талдап, ондағы заңсыз әрекеттерді бастапқы кезеңнен-ақ анықтай алатын ЖИ негізіндегі алгоритмдерді енгізуді де жоспарлап отыр.
Ал Азат Өтепбайдың айтуынша, ЖИ негізіндегі мұндай өнім исламдық қаржыландыру саласында қазірдің өзінде іске қосылған. «Ailat App мобильді қосымшасы бағалы қағаздарды ислам шарттарына сай сүзгіден өткізумен қатар, тұтынушыларға лицензияланған әрі сенімді қаржы ұйымдарын көрсетіп, нарықты алаяқтардан тазартуға көмектеседі», — дейді ол. Бұл қосымшадан Қазақстандағы ислам қаржыландыруы нарығындағы компаниялар мен олардың өнімдері туралы мәліметпен танысуға болады. «Біз мұнда ислам қаржыландыруы бойынша талаптарға сәйкес барлық компанияларды шоғырландырдық. Егер сіз іздеген компания бұл қосымшадан табылмаса, онда ол ислам қаржыландыруы талаптарына сәйкес қызмет етпейді немесе өзі туралы толық ақпарат бермеген дегенді білдіруі мүмкін», — дейді Азат Өтепбай.
Маманның айтуынша, исламдық қаржы өнімдерін ұсынатын компанияларда шариаттық кеңестің болуы міндетті. Өнімнің халал немесе харам екендігін дәл осы кеңес анықтайды. Ислам этикасы бойынша, сатушы тарап өзінің қолында бар өнімді ғана сата алады. Ол белгілі бір келісім аясында іске асырылады. Ал егер өзінде жоқ өнімді (өзге жерден әкеп беру, немесе делдалдық) сатамын деп жарнамаласа — бұл басқа келісім. Демек, бір келісімнің атын жамылып отырып, екінші келісімге сай әрекет ету — халал емес.
«Ислам этикасы тек алдауға тыйым салумен шектелмейді, ол ашықтық пен айқындықты талап етеді. Исламда жасырын комиссияларға, түсініксіз шарттарға немесе екіұшты келісімдерге орын жоқ. Негізгі қағида — ашықтық, әділдік және тәуекел мен табысты дұрыс бөлу», — деп түсіндіреді Азат Өтепбай.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактілері тіркеліп, одан келген қаржылық зардап 6 млрд теңгені құраған. Бұл ҚР Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қатысты департаментінің деректері. 2024 жылдың шілдесінде ҚР Ұлттық Банкі жанынан құрылған Антифрод-орталығында содан бері 60 мыңнан астам оқиға тіркеліп, шамамен 2,5 млрд теңге бұғатталған.