Еліміздің туристік саласын дамытуда қандай ұсыныстар бар?

Отандық туристік саланы зерттеген сарапшы мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда эко-туризм бағытына деген сұраныс біртіндеп өсіп келеді, әсіресе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары аумақтарында

Фото: © Depositphotos.com/Petrichuk

Туризмнің өзіндік бір бағыты ретінде қазір елімізде мәдени-этнографиялық туризм (оңтүстік және батыс өңірлерде), діни туризм (Маңғыстау облысында) секілді бағыттар да қалыптаса бастаған. Туризм саласындағы дәстүрлі бағыттың бірі – санаторлық-курорттық демалыс орындарына деген сұраныс та басыла қоймаған, бұл тұрғыда қазақстандықтар көбіне Түркістан, Алматы, Жетісу, Солтүстік Қазақстан облыстарын таңдағанды жөн көреді. Мұндай мәліметтерді жыл басында өз зерттеулерінде Freedom Finance Global сарапшылары жария еткен болатын.

Өз кезегінде «Almaty Tourism Bureau» директоры Камила Лукпанованың айтуынша, соңғы екі жылдағы әлемдік геосаясаттың шиеленісуі аясында елімізде гастрономиялық туризм бағыты да ояна бастады. Киевтен, Санкт-Петербургтен қоныс аударған релоканттар арасында кәсіби мықты аспазшылар аз емес: олар қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзіріне өзіндік жаңалықтар енгізуде. Қазақтың ұлттық тағамдарына негізделген мейрамханалардың жиі ашылып жатқанына да гастрономиялық туризмнің дамуы ықпал етуде, дейді ол.

Ал әлемдік деңгейдегі туристік бағыттарды сарапқа салған FFG сарапшылары өз зерттеулерінде, ілгері дейтін бірқатар елдерде туристер индустриалдық орындарға, ерекше бір оқиғаға негізделген орындарға жиі саяхаттап, жергілікті туристік салаға айтулы көлемде ақша әкеліп жатқанын айтады. Бірақ Қазақстанның туристік нарығында бұл сала әлі де қозғаусыз жатыр. Ел ішінде моноқалалар, қараусыз қалған ауылдар аз емес, ал оларды туристік саланың өзіндік бір нысаны ретінде қарастыру үшін, ең болмағанда, сол аумаққа алып барар жол керек, тиісті инфрақұрылым қажет.

Жалпы, еліміздің ішкі туризмі нарығында ең танымал әрі сұранысқа ие бағыттың бірі Алматы қаласы. Камила Лукпанова ҚР ҰСБ деректеріне сүйеніп, алға тартқан деректерге сәйкес, 2023 жылы Алматы қаласына 2 038 417 турист келген. Бұл – жаһандық пандемияға дейінгі деңгейден 52,7 %-ға артық көрсеткіш. Демек, отандық туризм саласы карантин салдарында әлсіреп қалған жоқ, керісінше бұл нарық туристердің назарына барынша іліге бастады. Туристік сала өкілі, былтыр Алматы өңіріне саяхаттап келген әрбір он туристің үшеуі шетелдік болғанын айтады. Бұл тұрғыда Ресей, Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, АҚШ елдерінен келген туристердің үлесі басым.

Камила Лукпанованың айтуынша, 2023 жылы Алматы қаласының туризм секторындағы салық түсімдері 64 %-ға өсіп (алдыңғы жылға шаққанда), 71,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл бюджеттің жалпы салықтық түсімдеріндегі 5 %-ды құрайтын көрсеткіш. «Туристердің басым бөлігі Алматының табиғатына қызығып келеді. Сәуірде қала ішінде жаз шыққандай болғанымен, 30 минута тауға шығып қардың үстінде шаңғы тебу мүмкіндігі бар», – дейді ол. Оның сыртында, оңтүстік астанада әлемдік деңгейдегі өнер жұлдыздары қатысатын ауқымды шаралар да көптеп өткізіледі. «Соңғы бес жылда Алматыда 1345 нөмірі бар 12 отель ашылды, оның ішінде желілік отельдер де бар. 2027 жылға қарай отельдердегі қонақ бөлмелерінің саны 1,5 есеге ұлғайып, 17 мыңға жетеді деп жоспарлануда», – дейді сала өкілі.

Айта кету керек, бүгінде отандық туристік саланы дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген кәсіпкерлер арасында жастар да көп. Олардың қыз­ меттері мен ұсыныстарына әдетте өздері секілді жастар, студенттер көптеп қызығып, үміт артады, себебі оларда жастардың бюджет ерекшелігін ескеретін ұсыныстармен қатар, креативті идеялар да жоқ емес.

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Ақкөл жайлауында Hantaniri village демалыс үйін ашқан Жомарт Смағұл экотуризмге екпін беріп жүрген жас кәсіпкер. Табиғат баурайында демалғанды қалайтын ол, 2020 жылғы карантиннен кейін қалың көпшілік таудың етегінде не жайлауға шығып демалуды аңсайтынын байқаған. «Осы арада ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік бар деп ойладым. Бала кезімде ата-әжемнің қолында жүріп, өзім мал бағып өскен Хантәңірі тауының етегіндегі Ақкөл жайлауы көз алдыма келді. Бұл жобаға қолда бар ақшамен бірге, барлық күш-жігерімді салдым. 2022 жылдың шілдесінен қонақ күтуге кірістік, әрине, сервисті жақсарту мақсатындағы құрылыс жұмыстары әлі де жүріп жатыр», – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, алғаш келген шетелдік қонақтар екі нәрсеге барынша таң қалған: еліміздің әсем табиғатына және сервистің нашарлығына. «Сол кезде қатты қысылдым. Табиғат жаратқанның бергені, ал сервисті біз өзіміз жасауымыз керек. Сөйтіп, туған-туыс, ағайын-бауырды аралап, инвестор іздей бастадым. Қолдаушылар табылды да, содан бері демалыс орнының сапасын жақсартуды бір рет те тоқтатпадым, цивилизация жоқ жерде жағдай жасау қиын, бірақ қызық процесс», – дейді Жомарт.

Демалыс үйінің негізгі бағыты – экотуризм, мұнда бір күнде 50 шақты қонақ келеді. Туристердің басым көпшілігі Алматы, Батыс Қазақстан облыстарынан және Сауд Арабиясы мен Германиядан келеді екен. Туристерді тәнті еткен ұсыныс­тың бірі – ашық аспан астындағы кино кеші. Жас кәсіпкер қазір 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Бізде Еуропадағыдай тарихи ғимараттар, қамалдар жоқ. Дубай, Катар елдері секілді ақшаның күшімен құмның үстінен қала тұрғыза алмаймыз. Бірақ біздің әсем де жауһар табиғатымыз бар, турис­тік саланы осымен де көтере аламыз. Тек мемлекет инфрақұрылымды түзеп берсе болды, әсіресе, ауыл, қала арасындағы жолдарды. Ал ел халқына айтар өтініш – аталарымыз аманат еткен төл табиғатымыз­ды аялап ұстайық», – дейді жас кәсіпкер.

«Тауға шық» туристік агенттігінің негізін қалаған Ернат Ертеміров өзінің хоббиін табысқа айналдырған жас кәсіпкер. Алматы төңірегіндегі шыңдарды аралап, тау-тастың бөктерінде түскен суреттерімен желіде бөліскенінде, оқырмандары хабарласып, «бізді де тауға апаршы» деп ұсыныс жасаған. Бүгін Ернаттың командасында 10 адам бар, олардың негізгі аудиториясы жастар, студенттер. Оның айтуынша, қазір жастар арасында Алматы маңындағы «Жапон жолы» шыңы сұранысқа ие, бұл бағыт қазір жас команданың жеке локациясына айналған. Дегенмен, жас кәсіпкер, бізде әлі күнге дейін тауға шығу мәдениеті дұрыс қалыптаспаған деген үәж айтады. Команда мүшелері әр туристке тауға шығу ережелерін қатаң сақтауды түсіндіруді әдет еткен, мысалға, тау бөктерінде, шың басында от жақпау, жүрген жерінде қоқыс қалдырмау, тау ішінде айқайлап, шуламау деген сияқты.

«Туристік саланы дамытуға бізден бұрын, еліміздің көркем табиғаты үлес қосуда, бірақ біз осы «үлесті» дұрыс қолданып, ескеріп жатқан жоқпыз. Өз басым таудың басына бес жұлдызды қонақ үй салумен келіспеймін. Туристерді тау ішін жаяу аралатып та, таңқалдыру мүмкіндігі бар. Алайда, халық көп барады дейтін Көкжайлауда, мысалға, дәретхана да, қоқыс тастайтын жәшіктер де жоқ. Осы мәселелерге мемлекет те, туристік саланы қолдауға көңіл бөлген кәсіпкерлер мен инвесторлар да, жалпы, қарапайым халық та мән бергені дұрыс», – дейді Ернат Ертеміров.

Республика бойынша алғанда елімізде туристік сала мамандарын оқытатын отыз шақты ЖОО бар, бірақ бұл салада кәсіби маманданған кадрлар бәрібір аз. Спорт және туризм академиясының аға оқытушысы Нұркелді Еспенбетовтың айтуынша, карантиннен кейінгі кезеңде туризммен айналысқысы келетіндердің саны шынында да артқан. «Бұл оң тенденция, бірақ экскурсия жүргізушілерге, гид мамандарға мемлекет тарапынан ортақ бақылау болғаны дұрыс. Сала мамандарының біліктілігін арттыратын орталықтанған кешендер болғаны да маңызды», – дейді ол.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте